Басты мәселе – бала тағдыры
Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков төрағалық еткен жиынға партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қайрат Мадалиев пен комиссия мүшелері, бастауыш партия ұйымының төрағалары, сонымен қатар, білім саласының өкілдері қатысты. Басты мәселе – бала тағдыры. Жиынды ашқан Қанатбек Дәкенұлы Тараз қаласындағы №6 мектепте орын алған келеңсіз оқиғаға байланысты аудандағы барлық орта мектептерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты ұсыныстармен шығатынын атап өтіп, жиынға қатысушылардың пікіріне құлақ түрді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровтың айтуынша барлық оқушылардың мектепке келіп-кету бағыты анықталып, қауіпті аймақтарға талдау жасалған. Әсіресе аудан орталығы мен халық тығыз орналасқан Луговой ауылының шеткі көшелерінде жарық жоқ. Оған қоса мектеп әжетханаларын жарықтандыру мәселесі де өзекті. Білім бөлімінің басшысын көшедегі кез-келген көліктің такси қызметін атқаратыны да алаңдатады екен. Бұны оның әріптестері де растап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Оқушылардың тойханаларда түнгісін даяшы болып жұмыс істейтінін, алайда ата-аналары рұқсатын беріп отырған соң ешқандай шара қолдана алмай отырғандарын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков Тараздағы келеңсіздіктер аудан көлемінде орын алмауы үшін қоғам болып жұмыла жұмыс істеу керектігін айтып, түйткілдердің түйінін бірге тарқатуға шақырды.
М.Сейдашым.