Ауылдың абызы…немесе 91-ге келген ұстаздың ангімесі

928 Views

Жаңатұрмыс ауылындағы тұңғыш мектеп 1931 жылы салынды. Оның салынуына қоғам қайраткері Құлбарақ Тәжиев үлкен үлес қосты. Бастауыш мектепке тұңғыш бас­шы болып Б.Нұржанов келді. Одан кейінгі жылдары К.Бексұлтанов, С.Жарасбаев, Ш.Примов, Ұ.Әшімов басқарды. 1944 жылдан бастап онжылдық мектеп, ал, 1964 жылы мектеп Қаныш Сәтбаевтың атымен атала бастады. Көрнекті ғалым, балалар ақыны Ә.Табылдиев 1962 -1968 жылдары директор болды. Ал, О.Жиентаев завуч еді. Мектепте белгілі жазушы Әкім (Тарази) Әшімов оқыды. Ал. Әкім ағаның әкесі кейін колхозға бастық болды.

«…Біз Өмірбек екеуіміз тете өстік. Мен «шыр» етіп дүниеге келгенде кеңес өкіметі орнапты. Ес біліп, етек жимай жатып әкем Жиентай мен шешем Әсіл ашаршылықтан кейінгі 1934 жылы қаза болыпты. Ол кезде мен небәрі алты жаста екенмін. Мені Меркідегі жетімдер үйіне өткізіпті. Кеңес өкіметі біз сияқты жетімдерді қолтығымыздан демеді. Сөйтіп, менің балалық шағым балалар үйінде өтті. Жетімдік көрген жоқпын, өкімет өгейлігін де көрсеткен жоқ. Бәрімізге бірдей киім берді. Талқан жесек те тамағымыз тоқ, уәйім-қайғымыз жоқ күй кештік. Мен Меркідегі балалар үйінде он бір жыл тәрбие көрдім. Тәрбиешілеріміз орыс демесеңіз жүзінен мейірімі төгіліп тұрған кісілер.
Жасым он үшке келгенде соғыс басталды. Содан біздің жағдайымыз да қиындай түсті. Бірақ, балалар күндіз оқып, түнде майдандағыларға шұлық, қолғап тоқитын, демалыс күндері бізді жақын жердегі ауылдарға апарып сиыр, қой сауғызатын, каникулда арба айдап, шаруаларға егін салуға көмектесетінбіз. Бізге ауыл балалары қызыға қарайтын, өйткені олардың біз сияқты бүтін киімдері де жоқ болатын. Бірақ, тары егіп, ешкі мен қойдан сауылған сүтті арбамен сыр зауытқа таситын. Балалар үйі бізді 15-16 жасқа дейін ұстады. Кейбір балаларды жақын туыстары өздері үйлеріне алып кетті. Мен де Жаңатұрмыстағы ағайын-туыстарыма соғыс бітпей жатып, 1945 жылы қайтып келдім. Ол кезде «Жаңатұрмыс» колхозына Досымбек Құдайбергенов бастық болды. Сол жылы Жамбылдағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны бітірген соң жолдамамен Қызылшаруа жетіжылдық мектебіне директор болып кеттім. Онда 1950-ші жылға дейін істеп, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түстім. 1964 жылы жоғары білімді маман деген диплом алып ауылға келдім. Ол кезде Жаңатұрмыс орта мектебіне Әдібай Табылдиев директор болатын. Мені районо осы мектепке завуч етіп жіберді. Біз мектепке ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атын бердік. Әлі есімде мектебіміздің мұғалімі, суретші Қуаныш Кенжебеков Сәтбаевтың портретін үлкен етіп салып, мектептің маңдайшасына іліп қойды.
Осы мектепте өзіммен түйдей құрдас Жәкуда Қожакеев тарих пәнінен сабақ берді. Алғашында Даулыбай Райымов екеуін Қорағатыдағы бастауыш мектепке мұғалім етіп жіберген болатын. Ол екеуі демалыс күндері ауылға түйемен келетін. Кейін олар тың совхозынан Жаңатұрмыстағы мектепке біржола ауысып алды. Мен сияқты ауыл мектебіне балалар үйінде болған Гүлсім Сыздықова да мұғалім болып келді.Бастауыш сынып мұғалімі Раушан Мырзабаева партизан отрядының командирі болған Жылысбай Естемесовке, ал, Гүлсім химия пәнінен дәріс беретін Әшір Мәдешовке тұрмысқа шығып, осы ауылда қалып қойды. Менің әйелім Науат Құдабаева да осы мектепте ұстаздық жолын бастады.
Иә, біздің ауыл мектебінде керемет талантты ұстаздар шоғыры жұмыс істеді. Мәселен, Сәкен Дорженов сызу мен суреттен сабақ беретін. Кейін ол КирГУ-ге оқытушы болып кетті. Бәрімізді диірменнің тасындай илеуге түсірген Әдібай Табылдиев болатын. Ол кісі директор, мен завуч болатынмын. Мектебімізде Оспамбек Нүсіпәлиев, Құралбай Атыханов, Панаркүл Мұратбекова, Тілеуқабыл Елшібаев сынды, Зауытбек Қайпылдаев сияқты білікті ұстаздар көп болды. Менің еңбегімді өкімет жоғары бағалады. 1964 жылы Луговой мен Меркі аудандары қосылғанда мені Меркідегі Киров атындағы мектепке директор етіп жіберді. Сол жылы тұңғыш рет Қазақстан мұғалімдерінің сьезіне қатыстым. 1967 жылы осы сьезге екінші мәрте делегат болып бардым. Арада бір жыл өткенде Мәскеуге мұғалімдердің Бүкілодақтық сьезіне делегат етіп жіберді. Бұл мен үшін айды аспанға шығарғандай жаңалық еді. Сол кездегі он бес республиканың «отаны» саналатын арман қалаға бару мен үшін үлкен бақыт еді.
Киров атындағы орта мектепте төрт жыл басшы болған соң Калинин орта мектебіне (қазіргі Ақкөз батыр Қосанов атындағы оқу орны) директор етіп жіберді. Мен сол мектепте 1984 жылға дейін жұмыс істедім. Қай жерге барсам да мектебім озаттар қатарынан көрініп, мені әріптестерім үш рет аудандық, 17 рет ауылдық кеңеске депутат етіп сайлады.
Сол жылдары Еңбек Қызыл Ту орденімен, тоғыз медальмен наградталдым. Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі деген атаққа ие болдым. 2 мәрте Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бүкілодақтық Жастар Одағының да Құрмет грамотасын алдым. Иә, Отан алдында еткен еңбегім зая кеткен жоқ. Қазақ ССР Оқу ағарту ісінің озаты атағына ие болдым. Сол жылдары аудандық білім бөлімін басқарған Мәмбет Әбдеков, Кеңес Жәкібаев, Болысбек Көкірекбаевтар менің замандастарым еді. Өзіммен бірге Жаңатұрмыс ауылында бірге еңбектес болған Оспамбек Нүсіпәлиев пен Құралбай Атыхановтар, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, балалар ақыны атанған Әдібай Табылдиевтерді қалай ұмытарсың».

С.Қожеке

Поделиться ссылкой: