Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
«Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Жолдауына сәйкес біздің тілшіміз Тұрар Рысқұлов аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рахманәлі Әбдіқадыровқа жолығып, оған ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында бірнеше сұрақ қойған еді.
Осы сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Тілші: — Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев өзінің осы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру керектігін алға тартады. Осы тұрғыдан алғанда «билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» дейді. Осы мақсатта Ұлттық сенім кеңесі құрылғанын білесіз. Сіз аудандық қоғамдық кеңестің мүшесісіз. Ендеше осыған орай өз пікіріңізді ортаға салсаңыз деймін.
Р.Әбдіқадыров: — Қуатты өңірлер, қуатты ел болу мақсатында Жолдауда атап көрсетілгендей тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу өте қажет екенін заман ауаны өзі-ақ, алдымызға тартып отыр. Сол себепті Қазақстанның болашағын білімді, ойшыл талантты жастардың еңбегі арқылы қалыптастыру үшін жергілікті биліктің оны ұтымды үйлестіре отырып қуатты елге айналуымызға мүмкіндік жасайтын кезі келді деп ойлаймын.
Осындайда белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең — бесігіңді түзе»деген сөзі біздің бәрімізге қамшы болады. Иә, ауданымызда өмірдің ашысы мен тұщысын көрген, өмірі өнеге боларлық абыз ақсақалдарымыз, ел ағалары, мекеме басшылары және «Нұр Отан» партиясының мүшелері өскелең ұрпақтың ой-өрісіне қонымды ақыл кеңесін айтып, жол көрсетіп, жастарымыздың өмірден мағыналы орын алуына бағыт — бағдар береді деген ойдамын. Сондықтан өз атымнан бауырларыма, ағайындарға, намысшыл аудан жастарына айтайын дегенім: «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар» деген, көптен бері өзімді түртпектеген ойларым мен мазамды алған үзік сырымды өздеріңізбен бөліскім келіп отыр.
Себебі жоғарғы оқу орнын тәмамдап өндіріске орналасқаннан кейін маған бағыт-бағдар берген, өндірісте шыңдалып құрыштай қатаюуыма қамқорлық көрсетіп «Тар жол тайғақ кешудің» талай сатыларынан сүрінбей өтуге жетелеген, оқығаны мен өмірден тоқығаны көп ауыл шаруашылығы өндірісі мен партия саласының майталмандары болған ауданымыздың негізін қалап, елін сүйген, киелі жерін құрметтей білген белгілі тұлғалар Әміре Тілепов, Әуезхан Әмреқұлов, Нұрқияш Әбдікерімов, Базарбай Сүлейменов, Бектенбай Қойшыманов, Нәрезім Даубаев, Қанатбай Еркінбаев, Кершайыз Мырзалиев, Дүйсеналы Тәжібаев, Мағлұм Нұрахаев, Оран Болысов, Мұсақұл Тәтібеков, Тілеулес Балпанов, Мұхатай Нұрахаев және Келгенбай Баймолдаев сияқты асыл ағалардың ақыл — кеңестерімен есейіп өмірден өз орнымызды тапқаныма шүкіршілік етемін.
Сонымен айтайын дегенім, аудан орталығы Құлан ауылының бел ортасында халқының тілеуін тілеп, елінің рухани баюуына рух беріп тұрған Тұрар Рысқұлов бабамыздың ескерткіші. Өздеріңізге белгілі ол кісі 1933 жылы И.В.Сталинге жалтақтамай, арнайы хат жазып қазақ халқының түп-тұқиянымен жоғалып кетуіне үлкен қауіптің төніп тұрғанын, аштықтан қырылып жатқан ауыр халін ашық жеткізген қоғам қайраткері еді.
Сол себепті осы бабамыздың әруағын сыйлап, ескерткіш алдына барып басымызды иіп, іштей болашақтағы тілегіміз бен тілеуімізді жеткізіп, гүл қойып, әруағын сыйласақ, жан дүниеңді рухани байытатын іс болмай ма?. Бұл әсіресе, жаңа отау иесі болып өмір табалдырығын қол ұстасып аттаған жас жұбайларға мағыналы да қасиетті қадам болар еді.
Өкінішке орай жастарымыз ескерткіштің алдында тұрып ішімдік ішіп, би билеп, кей кезде бабамыздың қолына стақан ұстатып кеткен сәттерін де көріп жүрміз. «Осы қылығымызбен ол кісінің әруағын ренжітіп алмаймыз ба?» деген ой келеді маған, тегі бабаның алдына ешқандай ішімдіктерді жолатпай әруағына бас иіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш, деніміз сау болсын деп оның рухымен тілдессек дұрыс болмай ма? Осы туралы сіздердің газеттеріңіз дер кезінде мәселе көтерді. Мен мұны құптаймын.
Құрметті бауырларым, менің осы пікірімді салиқалы ой тұрғысынан қабылдаңыздар. Сонда мен сіздерге шексіз ризашылығымды білдіре отырып, өздеріңіздің кейінгі ұрпаққа үлгі болатындарыңызға титімдей де күмән келтірмес едім. Сонда ғана сіздердің қуатты еліміздің саналы да абыройлы азаматтары болатындарыңызға бек сенемін.
Тілші: — Реке, Сіз Президент Жолдауына өмірдегі болып жатқан аймандай шындықтың шымылдығын түріп тұрып баға бердіңіз. Иә, сіз менің негізгі сауалымнан сәл ауытқып кеттіңіз, бірақ бақуатты ел болу үшін алдымен саналы ұрпақ тәрбиелеу керектігіне ел назарын аудардыңыз. Жаңағы сіз айтқан келеңсіздіктен барып қоғамда жағымсыз пікір қалыптасатыны рас. Иә, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін алдымен санамызды жаңғыртуымыз керек-ау, деген ойға жетелеп отырсыз. Бұл өзі рухани жаңғыру туралы Тұңғыш Елбасы айтқан сарабдал тұжырымға сай келетін пайым екен.
Р.Әбдіқадыров: — Мемлекетіміздің қуаттылығының нәтижесінде болар елді мекендердің жолдары жөндеуден өтіп, көшелері жарықтанып, ауыз су мәселесі мен табиғи газбен қамтамасыз ету де өз шешімін тауып жатыр. Бұл дегеніміз өркендеудің өткелдері яғни өркениетті 30-елдің қатарына қосылу сатыларынан сеніммен өтіп келеміз деген сөз. Олай болса көсегелі елдің көргенді ұрпақтары болу жастардың парызы деп білемін. Сондықтан беймезгіл уақыттарда, түнгі сағат 2-3 мезгілдерінде дәмханаларды шулатып, болмаса орталық алаңда машиналарды жарыстырып, асфальт үстінде дөңгелек шеңберлер жасап, машиналардың ащы даусының гүрілінен халықты ұйқысынан оятып, бағдар шамдардың ережесіне бағынбай қызыл жарықтан өтіп кетіп, соқтығысып жатқанымызға жол болсын? Осындай тәртіпсіздіктің салдарынан осыдан 3 жыл бұрын тойдан келе жатқан машинасында 5 адамы бар отбасы осы Құлан ауылының қақ ортасында жастардың күре жол бойында машиналар жарысын ұйымдастыруының кесірінен көлікке соқтығысып, қайтыс болды. Сол үшін осындай келеңсіз оқиғаларға жол бермеу мақсатында орталық алаңға полиция будкасын орналастырып, ішкі істер қызметкерлерінен жасақталған топ құрып, олар ел тыныштығын тәулік бойы күзетсе деймін. Сонда орталық алаң мен мәдениет Үйінің жанындағы демалыс паркінде біршама тәртіп орнаған болар еді. Бұған қосарым, Құлан ауылындағы барлық бағдаршамдарға (камераларға) тәртіп бұзып түскен жүргізушілерді қатаң жазалау керек. Аудандық мәслихат пен қоғамдық кеңестік бірлескен отырысының қабылдаған шешімінде Құлан ауылы мен Луговой кентіндегі көшелерге көліктердің жүру жылдамдығына шектеу қоятын жол белгілерін орнатып, қадағалау камераларын орналастырып, тәртіпке бағынбағандарды қатаң жазалау керектігі нақтылап айтылды.
Тілші: Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек» деді. Ол мемлекет деңгейіндегі мәселе ғой, ал, біздің ауданымыз астықты аудан емес пе. Бізге осындай қор қажет пе?
Р,Әбдіқадыров: — Өркениетті мемлекеттерде өндірілген өнімдердің сол өңірдегі тұрғылықты халықтын қажетін өтеуге жететіндей жеткілікті мөлшерде өнім қоры жасалынып, одан артылғанын сыртқы мемлекеттерге сатуға рұқсат беріледі екен. Иә, Тұрар Рысқұлов ауданы астықты аудан екені рас. Ауданды 65 мың халық мекендейді, кейбір ауылдық жерде елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өте төменгі деңгейде, соның салдарынан кейінгі кезде ел ішінде ауқатты және тұрмысы төмен азаматтардың санаты пайда болды. Сол үшін жағдайы төмен жанұяларға аудан тарапынан қолдау көрсету жолдарын қарастырып, ауданда «Астық қорын» ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Оның мақсаты, қолдағы малын қиналып бағып отырғандарға жергілікті әкімдер мен ақсақалдар алқасының шешімімен «Астық қорының» есебінен арзандатылған мал азығын беру жолдарын қарастырса өте дұрыс болар еді.
Иә, мемлекеттің ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілерге қолдау көрсетуі бүгінгі таңда жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Атап айтсам, жанар-жағар май, техникаларға берілетін субсидия, тұқым өндірісімен шұғылданатын шаруашылықтарға көрсетілетін қосымша қолдау қаражаты шаруаның жағдайын ойлап беріліп отыр. Сондықтан жылына мемлекет есебінен қанша көлемде субсидия алады, (жанар-жағар майымен қоса есептегенде) ал, сол аталған шаруашылық мемлекетке қандай пайда келтіріп отыр? Мемлекет салығын қосып есептегенде және сыртқы саудаға (Қырғызстан мен Өзбекстанға, т.б.) қанша астық сатады, осыған бақылау қойылып, есепке алынып, ақыр соңында сұраныс жасалуы қажет. Себебі жер халықтікі «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғалып қалған байлық ол. Сол себепті осы өңірдегі жағдайын түзей алмай отырған кейбір шаруаларға мемлекеттен алған субсидиялық қаражаттың есебінен тұқым өндіруші шаруашылықтар сататын тұқымының бағасын мүмкіндігінше арзандату жолдарын неге қарастыруға болмайды?
Тілші: — Қойып отырған ұсыныстарыңыз өте орынды. Аудан әкімдігі жыл сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырып, халыққа арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалайды. Осы қолдау шаралары аз деп ойлайсыз ба? Әлде елдегі қымбатшылықты төмендетудің басқа да жолдары бар ма?
Р.Әбдіқадыров: — Ауылдық әкімдер және округтегі мал мамандары өз аймақтарындағы шаруашылықтардың мал санын жақсы біледі. Себебі жылда ветеринарлық емдеу, сырғалау, малдан қан алу сияқты тексеру жұмыстарымен тікелей айналысып, соңында есеп жасап, тиісті жерге есеп береді. Сөйтіп, шаруалар мемлекеттің қолдауының нәтижесінде асыл тұқымды саулықтардың әр басына 2 500 теңгеден, тұқымы асылданбаған саулық қойларға 1 500 теңгеден субсидия алады. Бұл да мемлекет есебінен өтеледі. Сол сияқты ірі қара малы барлар да субсидия алудан сырт қалмайды. Бұл мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген үлкен қолдау көмегі. Сондықтан осындай қолдауға ие болып отырған шаруалармен өзара мәмілеге келіп, округ әкімдері Құлан ауылында мезгіл-мезгілімен ауыл-шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруды жиі-жиі қолға алуы керек. Жәрмеңкеге жалғыз ет қана емес барлық ауыл шаруашылығы тауарларын шығарып, арзандатылған бағамен сатуға қойылса деймін. Бұл күннен күнге өсіп бара жатқан қымбатшылықты тежеуге сеп болар еді.
Тілші: — Реке, міне қараша айының соңғы жексембісі де келіп жетті. Бұл кезде бүкіл ауыл еңбеккерлері өздерінің төл мерекесі – ауылшаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтеді. «Құлан- Дән» несие серіктестігі ұжымы ауыл халқына қаржылай қолдау көрсетіп отырған бірден бір мекеме болған соң сіздерді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Р.Әбдіқадыров: — Жақында «Құлан-Дән» несие серіктестігінің кеңейтілген Басқарма мәжілісінде құрылтайшылар өмірлік сұранысы бар өзекті мәселені талқылады. Біздің 446 құрылтайшымыз негізінен ауылдық жерлерде тұрып, еңбек етіп отырған соң халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін жақсы біледі, олар еліне, жеріне жаны ашитын абзал азаматтар. Басқарма мәжілісінде қазіргі қымбатшылық пен қиын қыстау уақытта ауылдық жерлерде тұрып жатқан тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларды тауып, олардың бала-шағаларының жағдайын біліп, материалдық көмек көрсетуді біз өзіміздің азаматтық парызымыз деп тауып, осы мақсатта «Құлан-Дән» несие серіктестігінің жанынан «Мейірім» қайырымдылық қорын ашуды күн тәртібіне қойдық. Құрылтайшылардың жалпы жиналысы біздің осы ұсынысымызды қолдайтынына сенімдімін. Бұл біздің ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне тартуымыз десе де болады. Қор қаражаты негізінен несие серіктестігінің табыс көзінен және құрылтайшыларға бөлінетін девиденттің есебінен толықтырылатын болады.
Құрметті әріптестер! Мереке құтты болсын!
Тілші: -Әңгімеңізге рахмет, алдағы жылымыз табысты болсын!
Сұқбатты жүргізген арнаулы тілшіміз Сейсен Қожеке.