Жерлесіміз Әлішер Ерғали «Алтын Самғау» сыйлығының иегері
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті 2019 жылдың қортындысын шығарды. Сөйтіп, «Алтын Самғау-2019» сыйлығымен тоғыз номинация бойынша үздік спортшыларды марапаттады.
Нұр-Сұлтандағы «Қазақстан» орталық концерт залында Ұлттық Олимпиада комитетінің сайты жариялаған дауыс беру нәтижелері бойынша осы жылдың ең үздік спортшылары анықталды. «Жылдың үздік командасы» номинациясына шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер командасы ие болды. Ал, каратэден жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Әбілмансұр Батырғали «Үздік жас спортшы» атанды. Сондай-ақ, осындай атаққа паратаэквондист Нұрлан Донбай, «Үздік жаттықтырушы» атағы Жандос Қияновқа ұйғарылды.
2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарының қордынысы бойынша спорттық әділдік қалпына келтірілді. 11 жыл өткен сон ауыр атлетикадан медаль Алле Важенинаға табыс етілді. Ал, женіл атлетикадан күміс медаль Ольга Рыпаковаға берілді. Сонымен қатар жазғы спорт түрлерінің үздік жаттықтырушысы болып еркін күрестен Қазақстан құрамасының жетекшісі Әсет Серікбаев танылды. Боксшы Бекзат Нұрдәулетов «Үздік спортшы» атанды. «Қазақстан спортының игілігі» арнайы сыйлығына женіл атлет, Әлем және КСРО чемпионы, 82 жастағы Әмин Тұяқов ие болды.
«Жыл жаңалығы» номинациясы бойынша еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі, лицензиялық әлем чемпионатының 5-ші орын иегері Әлішер Ерғали «үздік» деп танылды.
Ол: «Ұйымдастырушылар мені «Жыл жаңалығы» аталымына қосыпты. Алайда, мен бұл жаңалықтардан бейхабар едім. Дауыс беру мерзімі орталап қалғанда ғана өзімнің үміткерлер тізімінде бар екенімді білдім. Дереу достарыма хабарласып, қуанышыммен бөлістім. Бұл кезде тректегі велоспорттан көш бастап тұр едім. Жанкүйерлер демеуінің арқасында үздік деп танылдым. Маған дауыс берген баршаңызға алғыс айтамын. Ал, 2020 жылы бізді үлкен дода күтіп тұр. Токиода жазғы Олимпиада ойындары басталады. Ең бастысы — қолда жолдама бар. Енді тынымсыз жаттығып, Жапония жерінде қазағымның көк байрағын желбіретемін», — дейді Әлішер.
Суретте: Қазақстан Республикасының Премьер Министрі Асқар Мамин жерлесіміз Әлішер Ерғалиды Ұлттық Олимпиада комитеті белгілеген «Алтын Самғау» сыйлығының «Жыл жаңалығы» номинациясымен құттықтап тұр.