«Мегаполис» жайдарман чемпионы

760 Views

Жақында аудандық мәдениет үйінде жастар саясатын іске асырып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған «Жаңару маусымы» атты жайдарман ойынының ақтық кезеңі болып өтті. Финалда маусымашар ойындары мен жартылай кезеңде үздік деп танылған 5 команда бақ сынады. Олар: «Қорағаты жастары», «Мегаполис», «Тереңөзек сити», «Болашақ» және «Әзіл аялдамасы» командалары. Аудан әкімінің кубогы сарапқа салынған жауапты ойынға аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің аға инспекторы Азат Келтірбай, «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық «Жас Отан» Жастар Қанатының атқарушы хатшысы Әбіләшім Мырқасымов, «Өнерлі көшпенділер» жайдарман командасының продюсер жетекшісі Ильяс Әмзеқұлов және аталмыш команданың капитаны, облыстық, республикалық жайдарман ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы Жансерік Көмеков қазылық етті.
«Сәлемдесу», «Еркін тақырып» және «Жамбы ату» (Биатлон) сынды үш кезең бойынша өнерлерін ортаға салған жас жайдарманшылар әзіл сүйер қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен жұрт асыға күткен жеңімпазды марапаттау сәті де жақындады. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен жүлделі III орын «Болашақ» (№ 1лицей мектебі) жайдарман тобына бұйырса, жүлделі II орынға Қорағаты ауылының атынан қатысқан «Қорағаты жастары» жайдарман командасы ие болды. Ал жүлделі I орынмен бірге аудан әкімінің кубогын өзіндік юморларымен көрермен қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білген Қайыңды ауылындағы Райымбек Смаилов атындағы орта мектеп оқушыларынан жасақталған «Мегаполис» командасы жеңіп алды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: