Құрманалиевтер отбасында ҮШЕМ дүниеге келді
2019 жылдың 21 желтоқсаны аудан аумағынан шалғай жатқан Ақниет ауылдық округінің орталығы Дінмұхамед Қонаев ауылында тұратын Құрманалиевтер отбасы үшін ұмытылмас күн. Себебі, дәл осы күні әрқашан бойында ізеттілік пен кішіпейілділік аңқып тұратын Дәулет Құрманалиевтің үш қызының арасындағы жалғыз ұлы Дидардың зайыбы Қымбат үшем босанды. Бірге туған шақалақтардың үшеуі де ер бала. үшемнің есімдерін 58 жастағы Дәулет ағамыздың өзі қазақы ырымға балап «Аман, Есен, Жүрсін» деп қойыпты.
Өткен жұмада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Дінмұхамед Қонаев ауылына арнайы барып, Құрманалиевтер отбасының арқа сүйер тірегі Дәулет ағамызбен және отбасы мүшелерімен тілдесті. Өз сөзінде аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы отбасы мүшелеріне баянды бақыт тіледі. Сондай-ақ, Ерболат Садырқұлов әзірге қырық күн толмаған ұшемнің денсаулығы әрқашан маңызды екенін атап өтіп, атқарушы билік тарапынан шақалақтарға барлық жағдай жасалатынын да айтты. Өз кезегінде Дәулет Құрманалиев те «Ұлық болсаң кішік бол» деген қағиданы ұстанып, өзінің азаматтығын көрсете білген аудан басшысына ризашылығын білдірді. Содан соң, Ерболат Садырқұлов Аман, Есен, Жүрсіннің атасы Дәулет Құрманалиевке балалар арбасы (коляска) мен жаңа жылдық сыйлықтар табыс етті.
Біз Дидардың зайыбы Қымбат замандасымызбен тілдескен едік. Жас келіншек әуелде УЗИ нәтижесі белгілі болған күннен-ақ, сары уайымға салынғанын айтады. «Бірақ, қазір қуанышымда шек жоқ. Ана мен бала денсаулығы үшін барын салып еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз» дейді ол. Айта кетейік, туған сәтте үшемнің екеуінің салмағы екі келі үш жүз грамм болса, біреуінікі бір келі жеті жүз грамм болған екен. Қазіргі күні Аман, Есен және Жүрсіннің денсаулықтары қалыпты жағдайда. Аудандық орталық аурухана мен ауылдық дәрігерлік емхана тарапынан қажетті көмектердің барлығы дерлік көрсетілуде. Бұл жас отбасы Дидар мен Қымбаттың бесінші сәбилері. Үшемнің алдында олардың Диляра және Дария есімді әпкелі-сіңлілі екі қыздары бар.
Марат Диханбай.