Ұлттық ойындарымыз өрістеп келеді
Жақында аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы» деген ұранмен 2008-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында қазақтың ұлттық ойыны асық ату мен бес тастан аудандық жарыс өтті. Оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, жергілікті жерде ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған қос жарыстың біріне 18, ал екіншісіне 10 команда қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша асық атудан Құлан мектеп-гимназиясының оқушылары жүлделі III орынды иеленсе, жүлделі II орын Луговой ауылындағы Максим Горький атындағы орта мектептің қомандасына бұйырды. Асық атудан бар шеберліктерін көрсеткен Ақыртөбе орта мектебінің оқушылары жарыс жеңімпазы атанды. Ал бес тас ойынында Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушылары жүлделі III орынды иеленсе, жүлделі II орын Юрий Гагарин атындағы шағын орталықты орта мектептің командасына бұйырды. Бес тас ойынында Құлан мектеп-гимназиясының оқушыларына тең келер қарсылас болмады. Нәтижесінде олар жарыс жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздарымен бірге арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Мақсаты айқын Мәди
Доңыз жылында Көкдөнен ауылдық округінде көптеген игі істер атқарылды. Ауылда медпункт ашылды. Мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша футбол ойнайтын шағын алаң салынды. Одан бөлек, барша ауыл тұрғындары мен жалынды жастардың ұйымшылдығының арқасында Көкдөненде еркін күрес шеберлерін даярлайтын № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы да ашылған болатын. Бұл істі өз бақылауларына алып, зор қолдау көрсеткен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен ауыл әкімі Төлеген Атабаевқа ауыл халқы дән риза екенін жазып өткен абзал.
Біз Көкдөнен ауылындағы № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ретінде ашылған спорттық нысанның ішін аралап көріп, жаттықтырушы Мәди Самратбаевпен тілдескен едік. Мәди бозбала кезінде өзі де талай жетістіктерді бағындырған. Алайда, кезекті жарыстың бірінде белден алған жарақат салдарынан спорттық мансабын аяқтауға тура келген. Дегенмен, отызында орда бұзған жас жаттықтырушы екеуара өрбіген әңгіме барысында өзінің ендігі мақсаты – өзінен кейінгі жас буын өкілдерінен әлем және Олимпиада ойындарының чемпионын даярлап шығару екенін айтып қалды.
Қазір Мәдидің қолқанатында 60 бала еркін күрестің қыр-сырын жетік меңгеру үстінде. Бұл спорт нысанының ашылғанына бір жыл толмағанын атап өттік. Дегенмен, осы уақыт аралығында жаттықтырушының шәкірттері өздерінің шеберліктерін көрсетіп үлгерді десек те болады. Мәселен, өткен жылы Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай ауылда ұйымдастырылған жарыста Мәдидің шәкірттері көпшілікті тамсандырған еді. Жас балуандардың жетістіктері көп болсын. Мәди Самратбаевтың шәкірттеріне даңқты балуанымыз Ислам Байрамуковтың жолы бұйырсын дейміз.
Марат Диханбай.