Аудан әкімі әлеуметтік нысандарды аралады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.
Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деген еді. Бұл ортақ міндетке бүгінде барлық билік органдары білек сыбана кірісіп кетті. Жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін елдің ішінде, халықтың ортасында болудың маңызы зор десек, аудан басшысы ауданға келген бірінші күннен халықпен кездесіп келеді. Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың жұмыс алгоритміне сәйкес үнемі ел ішінде жүретінін ел көріп жүр.
Күні кеше «Nur Otan» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы аудан орталығы Құлан ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен тілдесті. «Nur Otan» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Арыстанбеков, орынбасары Бейсен Әлпейісовтермен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық халыққа қызмет көрсету бөліміне барып, бөлімнің жұмысымен танысты. Бүгінде 756 мемлекеттік қызмет көрсетілсе оның 369-ы электронды түрде көрсетіледі екен. Осы мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігі мен тиімділігіне мән берген аудан әкіміне халыққа қызмет көрсету бөлімі басшысының орынбасары Руслан Теміржанов жан-жақты жауап беріп, тұрғындардан әзірге ешқандай шағым түспегенін жеткізді. «Жуырда үй алдым. Құжаттарын рәсімдеген кезде бүгінгі күнді көрсетіп дайын құжатты алып кетуіме болатындығын ескерткен. Келгеніме үш минут болмай құжаттарымды алдым» деген Бектұрсын есімді аудан тұрғынының жылы лебізінен Руслан Әділханұлының жалған сөйлемегенін аңғардық. Айнагүл есімді Құлан ауылының тұрғыны да мамандардың біліктілігін айтып, сапалы қызмет көрсететінін сөз етті. «Барлық жұмысымызды бір жерден тындырып қайтамыз. Бұл – халыққа жасалған жақсылық» дейді ол. Тұрғындардың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан басшысы аталмыш жүйені жетілдіру жолдары да мемлекеттік деңгейде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік органдардың жұмысы – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасымен бағаланатынын ескерсек, тәуелсіздік алған ширек ғасырда үлкен жұмыстар жасалғанын бағамдау қиын емес.
Орталық базардағы азық-түлік тауарларының бағасына назар аударған Ерболат Салқынбекұлы саудагерлермен сөйлесіп, базар бағамына талдау жасады. Аудан әкімінің бұлай қарапайым халықтың ортасынан табылуын алушы да, сатушы да күтпесе керек, ел ішіне келіп елдің жайын сұраған әкімге алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді. Келесі кезекте аудандық орталық ауруханаға ат басын бұрған аудан басшысы ақ халаттылармен жолығып, аурухананың материалдық базасына көңіл аударды. Медицина саласындағы жаңалықтардың аудандық ауруханаға енгізілуін, қағазсыз жүйенің тиімділігін сөз еткен аурухана басшысы Шындос Мырзалиев алдағы жоспарларымен де бөлісті. Емдеу бөліміндегі ардагерлерге арналған бөлмеге кіріп, ондағы науқастармен тілдескен Ерболат Салқынбекұлы дәрігерлерге науқастардың толыққанды ем алып шығуы үшін дәрі-дәрмектен бөлек жылы жүз, аялы алақанның да шипа болатынын айтып, әр науқасқа дұрыс көңіл бөлу керектігін жеткізді.
Мереке Ержанұлы.