Алғашқы техникалар ауылға келді
Өткен аптаның жұмасында облыс орталығынан жағымды жаңалық естідік. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пилоттық жобамен жұмыс істеуді бастаған он бір ауылдық округтің кооперативіне су жаңа техникаларды салтанатты түрде табыс етті. Ауылшаруашылық саласында ауыр жұмыстарды атқаратын техникалардың 17 данасы ауданымыздағы жоба аясында құрылған «Құмарық-Тау» кооперативіне де бұйырды.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы облыс аумағында қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Тіпті, билік өкілдері аталмыш жобадан зор үміт күтетіндерін де жасырмайды. Себебі, аты аталған жоба отбасы бизнесін құруға, жұмыссыздықты азайтуға, аз қамтылған жанұялардың табысын арттыруға бағытталған.
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың идеясымен құрылған жобаға ауданымыздан Құмарық ауылдық округі қатысып жатқанын алдыңғы мақалаларда жарыса жазған болатынбыз. Сонымен қатар, біз ауылда жоба жұмысына басшылық жасау мақсатында «Құмарық – Тау» кооперативі құрылып, өз жұмысын бастап кеткенін де айтқан едік. Күні кеше аталған кооперативтің атқарушы директоры Еркін Сәрсебаев өзі тапсырыс берген ауылшаруашылық техникаларының алғашқыларын ауылға әкеліп үлгерді.
«Бұл техникалар Беларусь, Украина, Түркия, Ресей, Польша және отандық зауыттарда шығарылған. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, техникалардың жағдайы өте керемет. Көңілімізден шықты десек те болады. Ендігі мақсатымыз – ауыл іргесіндегі жерлерді кәдеге жаратып, еңбек етуді көздеген шаруаларға қол ұшын созып, көмектесу. Бір қуантарлығы бұл техникалар бізге дәл уақытында берілді. Көктем шыға салысымен, дала жұмыстарына кірісетін боламыз» деді «Құмарық-Тау» кооперативінің атқарушы директоры Еркін Сәрсебаев.
Жобаның бес бағытының ішіндегі ең тиімді бағыттарының бірі — ауылшаруашылығы кооперативін қажетті техникалармен қамтамасыз ету. Айта кету керек, облыс бойынша дәл осындай өзге он кооперативті қосқанда қажетті техникалардың 29 түрінен 194 дана техника алынған. Оның ішінде 33 трактор, 11 комбаин, 3 камаз көлігі және тағы басқа 149 дана агросалаға қажетті техникалар бар. Бұл бағытқа жоба бюджетінен 1 070,9 миллион теңге жұмсалған. Ал, «Құмарық-Тау» кооперативіне берілген 17 дана техниканы алу үшін 89 950 000 теңге жұмсалған. Аталмыш ақпаратты бізге ауыл әкімі Болат Мансұр мәлім етті. «Кооперативке берілген техникаларды «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5 пайызбен қосымша кепілсіз лизингке алып отырмыз. Бұл – тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Аталмыш техникалар ауылымыздағы үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды көздеп отырған 599 отбасының жұмысына көмектесетін болады. Ауылымызға келген жаңа техникаларды көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Бәріміз де балаша қуанып жатырмыз. Қазіргі таңда ауылымызда бірқатар ауқымды жұмыстар іске асырылып жатыр. Ауылдан жұмыс таппай, үлкен қалаларға кеткен жастарды да ауылға қайтаруды көздеп отырмыз. Шындығын айту керек, аталмыш жоба ауылымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізіп қана қоймай, ерекше серпіліс әкелді» деді ауыл әкімі Болат Мансұр.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.