«Әндерім елге жетсе екен»

733 Views

Мэльстің мерейлі мекені атанған Көкдөнен ауылын аудан өнерінің ордасы десек қателеспейміз. Себебі, аталмыш елді мекенде сазгер Жаңбыршы Үсейінов, сатирик-жазушы Басқарбек Битанов, белгілі композитор, әнші, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Өмірбаева секілді талантты жандар дүниеге келген. Дегенмен, кіндік қаны Көкдөненде тамбаса да, аталған елді мекеннің мәдениетін дамытуға өзіндік үлесін қосқан жандар да жетерлік. Солардың бірі – Назипа Құлбаева.
Назипа Құлбаева 1953 жылы 1 шіл­деде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген. 1960 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол араға он жылды салып, үздік тәмәмдап шығады. Мектептен соң Абай атындағы педагогикалық училищесіне түсіп, ұстаздық мамандықтың қыр-сырымен жақын танысады. 1974 жылы Көкдөнен ауылына келін болып түсіп, сондағы мектепке бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызметке орналасады. Сонымен қатар, 2001-2007 жылдары аралығында Құмарық бастауыш мектебінің меңгерушісі де болып қызмет атқарған. Назипа Құлбаеваның ұстаздықтан бөлек өзге де қырын мақтана айтуға болады. Ол кісінің ақындығы мен сазгерлік өнерінің өзі бір төбе. Елімізге белгілі сазгер Мэльс Өзбековпен бірге «Назерке», Жаңбыршы Үсейіновпен «Ұланым», «Батыр бабам» әндерін жазып, жарыққа шығарған. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысының 50 жылдығына арналған «Аталарым» әнін жазып қалдырған. Тіпті, Назипа Құлбаеваның ән өлкесінің адал перзентіне айналған Мэльс Өзбековке арнаған туындылары да бар. Соның бірі — «Мэльске арнау». Айта кету керек, аталмыш шығарма ел арасында кеңінен насихатталып, шырқалып та жүр.
Жуырда аудандық Мэльс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері ақын, сазгер Назипа Құлбаеваны еске алу мақсатында «Әндерім елге жетсе екен» тақырыбында кеш өткізді. Шарапаты мол іс-шараға өнер иесінің жан жары, ұл-қыздары, бауырлары, ағайын туыстары және өзі қызмет еткен білім ошақтарының оқушылары мен ұстаздары қатысты. Сонымен қатар, жиынға Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев пен ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері де келіп, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Келген қонақтар осыдан 3 жыл бұрын өмірден озған Назипа Құлбайқызының адамгершілігін, жомарттығын, ауыл үшін жасаған игі бастамаларын, ең бастысы өнер иесінің бойына дарыған таланттарын сөз етіп, кеңінен пікір алмасты. Жиында сазгердің өмірінен сыр шертетін бейнероликтер көрсетіліп, шығармалары жатқа оқылды. Әсіресе, немерелері Ерқанат пен Елдананың орындауындағы «Балама» және «Ана тілім» өлеңдері кешке келген көпшіліктің көңілінен шықты.
Еске алу кешінде сазгердің әндері де орындалды. Дәлірек айтар болсақ, ұлы Ерболат Садыханов «Ұланым», ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Берікжан Тауасаров «Мэльске арнау», ауданға танымал өнерпаз Нұрлан Әмірбетов «Аталарым» әндерін орындаса, өнер мектебінің мұғалімі Қарлығаш Төреқұлова «Назерке» әнін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: