Аудан экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасты
Өткен аптада Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов аудан тұрғындарына өзінің қорытынды есебін берді. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен есепті жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыс әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет, облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары арнайы келіп қатысты. Биылғы есеп беру жиыны жылдағыдан өзгеше форматта өтті. Жылдағыдай әкім есебі сағаттап уақыт алған жоқ. Жылда алдын-ала жазылғандар мінберге шығып, ұзақ-сонар сөз сөз сөйлейтін. Ал мұң-мұқтажын айтуға келген қарапайым халықтың талап-тілегі айтылмай, ескерусіз қалатын. Елді ығыр ететін мұндай жағдайлардың биыл бірі де болмады. Аудан әкімі 2019 жылы атқарған жұмыстарының негізгілеріне ғана тоқталып, бір жылдық жұмысты он минутқа сыйғызды. Осы уақыт аралығында ағымдағы жылы атқаруы тиіс жұмыс жоспарымен де бөлісті. Есесіне тұрғындардың көсіле сөйлеп, көкейіндегісін айтуына мүмкіндік туды.Аудан әкімі өз есебінде аудан экономикасында оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Экономиканың өсімі 114,8 пайызды көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға өскенін атап өтті. Аудан бюджеті кірісінің жоспары (14,6 миллиард теңге) 36,4 миллион теңгеге артығымен орындалып, көрсеткіш 100,2 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 33,4 миллиард теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 6,3 миллиард теңгеге артты.
Қазір Жамбыл облысына қарасты аудандарда облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған пилоттық жоба жүзеге асып, тұрғындар 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізді. Әкім есебінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасын Құмарық ауылдық округінде іске асыру мақсатында арнайы «Құмарық-Тау» кооперативі құрылғанын айтып, «Пилоттық жоба» шеңберінде жаңа жобаларды іске асыруға қажетті қаражат көлемі 684,6 миллион теңгені құрағанын сөз етті. Сонымен қатар, 89,9 миллион теңгеге 17 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг арқылы алынған екен.
Баяндама барысында аудандағы барлық салаларда атқарылған жүйелі жұмыстар айтылды. Өз кезегінде аудан тұрғындары аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Атап айтқанда Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Мәткерімов, Көгершін ауылының тұрғыны Серік Өтегенов, Құлан ауылының тұрғыны, зейнеткер Базарбай Қозғанбаевтар аудан әкімінің іскерлігін, көп жылдар шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселлер Ерболат Салқынбекұлы келгелі шешілгенін атап өтіп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды. Жиында аудан экономикасын өрістетуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты да бірнеше сұрақтар қойылды. Соның бірін аудандық қоғамдық кеңестің хатшысы Жарылқасын Дидай қойды. Ол «Аудан орталығында салынуы тиіс 80 пәтерлі, 5 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қашан қолға алынады» деген сауалын жолдады. Бұған аудан әкімі қабылдауына келген тұрғындардың 50 пайызы тұрғын үй мәселесін көтеретінін, бүгінде ауданда 819 адам тұрғын үй кезегіне тіркелгенін айтып, бұл мәселені шешуге уәде берді. – Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығынан 2 тұрғын үй салуға дайындалған жобалық-сметалық құжаттың біреуіне сараптама қорытындысы алынды, біреуі сараптамаға ұсынылды. Оң қорытынды алғаннан кейінгі жұмыстар жоспарға сай жүргізілетін болады,- деген Ерболат Салқынбекұлына көше жарығы мен көше жолдарын жөндеу, тұрғын үй салуға жер телімдерін беру, елдімекенге газ кіргізу секілді де бірнеше сұрақтар жолданып, нақты жауаптары берілді. Сол секілді ауданның Құрметті азаматы Түзел Алагөзова, кәсіпкер Бақытжан Бидайшиевтер де сөз алып, ауданның саяси ахуалына қатысты өз ойымен бөлісті.
Жиын соңында облыс әкімі Асқар Исабекұлы қорытынды сөз сөйледі. – Ауданның әлеуеті жоғары екенін үнемі айтып келеміз. Солай болуы да керек. Себебі, Тұрар Рысқұлов ауданы таудың сағасында, күре жолдың бойында орналасқан. Экономиканы көтеруге, ауылшаруашылығын дамытуға табиғаты қолайлы аймақ, — дей келіп жиында көтерілген мәселелерге тоқталды. Облыс әкімі ел ішіндегі қандай да бір мәселелерді сол елдің зиялы қауымы, ел ақсақалдары ұйымшылдықпен шешіп, халықты ынтымақ-бірлікте ұстауы керектігін жеткізді.
Мереке Ержанұлы.