Әлеует бар, тек жұмыс істеу керек

662 Views

Жамбыл облысы әкімі Б.Сапарбаев халықпен есепті кездесуін өткізді

Халық алдында есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев статистикалық көрсеткіштер мен қол жеткізілген жетістіктерді ті­зіп, ұзын-сонар баяндама жасамай, тұрғын­дармен диалогқа, өзекті мәсе­лелерді шешуге және алдағы жүйе­лі жоспарларға назар аударды. Кез­де­суде видеобайланыс арқылы ауыл тұр­ғын­дары да өз сауалдарын қоя білді.
Әкімнің облысымыздың тұр­ғын­дары алдындағы алғашқы есеп беру кездесуіне қатысуға ниет білдіру­ші­лер­дің қарасы қалың болып, «Көне Тараз» тарихи-этно мәдени кешенінің «Көр­ме» павилонының кең залы лық толды.
Аймақ басшысы алдымен өткен жылдың қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Экономиканың өсуі 105,5 пайыз­ды құраса, негізгі капиталға салын­ған инвестициялар 9,3 пайызға өскен. Инфляция деңгейі 105,3 пайыз­ды, жұмыссыздық – 4,8 пайызға, бюд­жетті игеру көрсеткіші — 99,9 пайызды құраған. Есепті жиында барлық қажетті ақ­параттар панорамалық слайдтарда көр­сетіліп отырғандықтан облыс әкімі негі­зінен алдағы атқарылар ауқымды жұмыс­тарға көңіл бөлді. Бірінші кезек­те қарқынды жоғалтпай, қолда бар әлеуетті барынша пайдалануда жаңа тетіктерді қарастыру қажет. Эконо­миканы дамытудағы басымдық инвес­тициялар тартуға және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бері­леді. Ағымдағы жылы жалпы құны 114 млрд. теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жос­парланып отыр. «Тараз» Химпарк» арнайы экономикалық аймағын да­мы­туға 648 млрд. теңге бөлінбек. Нәти­жесінде өнеркәсіп көрсеткішінің бес пайызға өсуін қамтамасыз ету көз­делуде.
Ауыл шаруашылығын субсидиялау шаралары жалғасады, оған 21 миллиард теңге қарастырылған. Өңірдегі егістік алқаптарын 705 мың гектарға дейін жеткізу, бұл орайда рентабельді дақылдар мен қызылша шаруашылығын ке­ңей­тудің маңыздылығы зор. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы жалғасады. Ауыл тұрғындарын өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар санатынан жеке кәсіп­кер­лерге айналдыру мақсаты негізге алынған.
700 шақырымға жуық жол жөнделіп, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы облыс аума­ғындағы 70-тен астам елді мекен ауыз сумен, 35 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек. Қосылуы күтіліп отырған төрт жаңа баламалы энергия стансиясы бұл бағыттағы көрсеткішті 17,2 пайыздан 22 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, 14 жаңа мектеп ашылып, 285 оқу орындары жылы санитарлық жүйелермен жабдықталады. Денсаулық сақтау саласында 18 жедел жәрдем көлігін сатып алу, медициналық жаб­­дықтау деңгейін 92 пайызға жет­кізу, МӘМС енгізу бойынша бел­сенді жұмыстарды жалғастыру жос­парлануда.
Сонымен қатар, аймақта 91 спорт алаңшасы салынып, жастарға 1200-ден астам грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждердің құрылысы басталады.
Аймақ басшысының баяндамасынан кейін есеп беру кездесуі диалог фор­матына айналды. Қызылша өсіретін дихан­дардың атынан Меркі шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов сөз сөйлеп, әкімнің жеке қабылдауын сұрады. Облыс әкімі қант зауыттарынан тапсырылған шикізат үшін төлем алу мәселесіне үнемі тап болатын қызылша өсірушілердің мәселелерінен хабардар екенін жеткізді.
— Біз міндетті түрде қант қызыл­шасын өсірумен айналысамыз. Ел Президенттің елімізді өз қантымен қам­тамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Мен сіздерді қолдау үшін барлық шешімдерді қабылдайтын бола­мын. Бұл тақырып аясындағы мәсе­лелерді талқылау үшін сенбі күні сіздермен арнайы кездесетін боламын, – деп сендірді аймақ басшысы.
Мойынқұм ауданының елді ме­кен­дерін, атап айтқанда Айдарлы ауылын газдандыру мәселесі зерделеу шараларын талап етеді. Бұл мәселе облыс әкімнің аталған ауданға жұмыс сапары кезінде жан-жақты қаралып, сараланатын болады. Ол үшін алдымен тиісті құжаттар дайындалу қажет.
Облыс әкімі полиция департа­ментінің басшылығына сирек кезде­сетін дәрі-дәрмек өсімдіктерінің кон­тра­бандасы туралы шағымдарды тал­дап, заң бұзушылықтар болған жағ­дайда тиісті шаралар қолдану туралы тапсырмалар жүктеді.
Талас ауданы Қаратау қаласынан көп­балалы ана Айгүл Бескемпірова бейнебайланыс арқылы көп балалы отбасыларға арналған жатақханалар салу жұмыстары жалғасын табады ма деп сұрады.
— Кеше мен бірқатар азаматтарды қабылдадым. Ондағы өтініштердің көп­шілігі тұрғын үй мәселесіне қатысты бол­ды. Тұрғын үй заң шеңберіне сәйкес кезек бойынша беріледі, алайда көп балалы отбасыларға арнайы тізім жа­сақ­талады. Ағымдағы жылы бес жатақ­ха­на пайдалануға беріледі, — деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.
Қала тұрғыны Берікбол Валиханов об­лыстың қоғамдық кеңесінің құрамын өзгертуді ұсынды. Оның сөзінше, қо­ғам­дық кеңес тек ақсақалдардан тұра­ды. Қариялар өз ережелерін қояды, ұйым­дарға белсенді жастардың импульсі жетпейді, деп есептейді Б. Валиханов.
– Бүгін қоғамдық кеңестер туралы заңға, оның ішінде олардың құрылымдық құрамы бойынша өзгерістер енгізілуде. Айтылған сын — орынды, көп жылдар бойы кеңесте отырып, бірақ ешқандай бастамашылдық танытпаған адамдарды ауыстыру керек, — деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жалған ұрандарды кім көрінген ұсына беретінін, тілге тиек етіп, алайда шынайы өмірде жүзеге асыру қажеттігін баса айтты. Осы тұста еліміздегі барлық бастамалардың басында жастар тұруы керек емес пе!? – деп көпшіліктің көкейіне ой тастады.
Кездесуді қорытындылай келе, об­лыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық кө­терілген мәселелер бойынша қажетті ша­ралары қабылданатынын атап өтті. Өңір басшысы үшін халықпен тиімді кері байланыс орнату және облыс тұр­ғындарын толғандыратын өзекті мәсе­лелерге дер кезінде әрекет ету маңызды.
— Пікір алмасу және өзекті мәселе­лерді шешу үшін бірге сындарлы диа­­лог­ты жолға қоя алатынымызға сенім­­дімін, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: