Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын

645 Views

ауданға арнайы іссапармен келген  Мұратхан Шүкеев осылай деді

 

Өткен сенбіде облыс әкімінің орын­басары Мұратхан Шүкеев жұ­мыс сапарымен арнайы ауданымызға келді. Аймақ басшысының орын­басары алдымен аудандық әкім­діктің кіші мәжіліс залында елімізде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты ауданда құрылған түсіндірме және бақылау тобының мүшелерімен кездесіп, әлемді әбігерге салған коронавирус кеселі дендеп тұрған сәтте ауданда азық-түлік бағасының тұрақты болу қажеттігін, бағаны негізсіз өсіргендер айыппұл арқалайтынын сөз етті. Сондай-ақ, Мұратхан Шүкеев Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ғана мер­зімді басылымдарда жарық көр­ген «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласындағы ордалы ойларды тілге тиек етті. Аудан әкімінің орын­басарлары, мекеме және аудан әкім­дігінің бөлім басшылары қатыс­қан жиында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп, карантин кезінде аудандағы халық көп шоғырланатын мекемелерде қоғамдық тәртіптің ретке кел­ті­ріл­генін айтты.
Содан соң Мұратхан Жүнісәліұлы Луговой ауылы бұрылысында ор­наласқан блок постқа барып, қо­ғамдық тәртіппен сақтық шараларын бақылап отырған полиция және ме­дицина қызметкерлерімен тіл­десті. Блок посттағы кезекшілер тұр­ғындар бұл режимге де бірте-бірте дағдыланып, қоғамдық тәртіпті сақтап жүргенін айтады. Бұдан бөлек Мұратхан Шүкеев халық көп шоғырланатын аудандық «Қазпошта» байланыс торабы мекемесіне, «Халық банк» АҚ-ның аудандық бөлімшесіне, сондай-ақ, орталық базар маңындағы дүкендерді аралап, азық-түлік бағаларына мониторингтік талдау жүргізді.
Бұдан кейін аудандық әкімдікте қорытынды жиын өтіп, ауылдық округ­терді аралап, дүкендердегі сақ­тық шаралары мен баға тұрақ­тылығын бақылап келген ауданда құрылған түсіндірме және бақылау тобының мүшелері облыс әкімінің орынбасарына қойылған талаптар мейлінше күшейтілгенімен, баға тұрақтылығы елді мекендерде құ­былып тұрғанын айтты. Мәселен, ау­дандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев Тереңөзек ауылы­нының тұрғындары 1 бөлке нанды 110 теңгеге сатып алып отыр­ғанын жеткізсе, аудандық Қоғамдық кеңестің хатшысы Жарылқасын Дидай Үкімет бекіткен 9 тауарлы өнімдердің бағасына қанша жерден бақылау жүргізілсе де бәрібір қымбатшылық сезіліп отырғанын ашына айтты. Өзі аралап, қағазға түртіп келген Абай, Қарақыстақ және Жаңатұрмыс ауылдық округтеріндегі дүкендерде әсіресе, қарақұмықтың (гречка) бағасы тым қымбат екенін жеткізді ол өз сөзінде.
Мұратхан Жүнісәліұлы Бас мемлекеттік санитардың 2020 жылғы 30 наурыздағы №3 және 4-ші Қаулылары мен Жам­был облысы бас санитарының 2020 жылғы 7 сәуірдегі №12 қаулысы та­лап­тарының орындалуы, оның ішін­де санитарлық посттардың қыз­меті, жұмылдырылған мекемелер мен қызметкерлер және техника саны, тиісті құрал жабдықтармен (бет­перде, бір реттік қолғап, теп­ловизор, арнайы костюмдер т.т) жаб­дықталуы, құрал-жабдықтардың сапасы, қиын сәтте адамшылықтан аттап, «баюды» көздеп қалғысы келе­тін дүкен қожайындары азық-түлік бағасын негізсіз өсірсе айыппұл арқалайтынын, халық көп шоғырланатын мекемелердің қызметі, қашықтықтан оқыту және ірі кәсіпорындардағы санитарлық талаптарының сақталуын басты назарда ұстау қажеттігін айта келіп, жиын соңын былайша түйіндеді.
Қазақ – ұлы халық. Неге десеңіз, небір соқтықпалы кезеңді қазақ секілді ешқандай ұлт бастан өткерген жоқ. Мысал керек десеңіз, тізбектеп айтуға болады. 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, ұлты үшін ұлағатты істер жасаған қазақ зиялыларының 1937-1938 жылдарда жазықсыз оққа ұшырауы бұл сөзімнің нақты дәлелі. Біз сол қиындықтан да аман өткен елміз. Мына індеттен де аман шығатынымызға сенемін. Елбасымыздың «Біз -Ұлы Дала ұрпақтарымыз» деген тамаша сөзі бар. Осынау биік өлшеммен қарастыратын болсақ, ұлылардың ұлы мұратын іске асыру біздегі міндет болса керек. Құдайға шүкір, қазіргі таңда қуатты Қазақстанды күллі әлем жұрты таниды. Елбасының өркенді істерінің арқасында ел экономикасы да өрледі. Қазақстан — дамушы мемлекет. Осынау ширек ғасыр ішінде еліміздің экономикалық әлеуеті өзге елдер қызығарлық деңгейге жетті. 29 жылда экономика түгілі, тәуелсіздік ала алмай абдырап жүрген елдер қаншама? Біз бақытты елміз. Дархан даламыз, шегендеулі шекарамыз бар. Татулығымыз тұрақты, бейбітшілігіміз шуақты. Мен бұның барлығын Азаттықтың арқасы деп білемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды. Көк туымыз көк аспанда мәңгі желбіресін десек, мемлекет діттеген межені мүлтіксіз орындайық. Біз бірге болсақ қана, елдігіміздің еңсесі биік болады,-деді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: