ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
64 ViewsОРАЗА ДЕГЕН НЕ? Ораза дегеніміз – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсілік қалаулардан тыйылу. Оразада ішіп-жеу және құмарлық сезімдерден сақтану – парыз. Оразаның уақыты –…
Елу миллионға жуық адамның өмірін қиған өткен ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толды.
Бұл сұрапыл соғыстың басталған кезінде, елімізден жалпы саны 1 млн, 200 мыңдай адам соғысқа аттанған еді. Алайда, отан үшін от кешкен жауынгерлеріміздің жартысы, жат жерде жан тапсырып, қалғандары қайта оралды. Олар жай оралған жоқ, кейбірі ауыр жараланса да жеңіс туын желбіретіп оралды. Солардың қатарында марқұм соғыс партизаны Түстікбай Қилыбаев та бар еді.
Түстікбай Қилыбаев 1919 жылы қазіргі Т.Рысқұлов ауданына қарасты Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық білімімен 1940 жылы КСРО Қарулы күштері қатарына шақырылған.
Алайда, Отан алдындағы борышын Беларусь жерінде өтеп жүрген жиырма бір жасар жігіт 1941 жылы 209-артиллериялық дивизиясына қарасты 205-ші атқыштар полкының құрамымен ең алғашқылардың бірі болып майданға аттанған екен.
Бастапқыдағы шайқас кезінде жас сарбаз неміс жауынгерлеріне тойтарыс беріп жүріп өз қаруластарымен бірге 1941 жылы жау қолына түсіп қалады. Оның сырын майданға асығыс-үсігіс келген сарбаздардың тәжірибесіздігімен байланыстыруға болатындай. Өйткені, майдангер көзі тірісінде ұлы Нұрбол Қилыбаевқа: «Ұрыс даласына, яғни, біздің бөлімге не әскери жаттығудан өтпеген, не мылтық ұстап көрмеген өрімдей он алты мен он жеті жасар аралығындағы жас жігіттерді алып келді. Оларды кім үйретіп жатады қиын-қыстау уақытта, міне осындай жағдайдан кейін біз жеңіліске жиі ұшырап, ақыры жау қолына тұтқынға түстік» деп әңгімелеп берген екен.
Тұтқынның аты – тұтқын. Қожайының қайда жұмсайды сонда барасың. Жарықтық Түстікбай ардагер өзінің естелігінде: «Тұтқында болған кезімде қасымда екі украин азаматы болды. Екі неміс жауынгері бізді күнде орман шетіндегі егістікке алып келіп, картоп қаздырып, кешқұрым тұтқын лагеріне қайта алып баратын. Сөйтіп жүріп әлгі екі неміс жауынгерінің сеніміне кірдік те, күндердің күнінде ебін тауып, үшеуміз олардың көзін жойдық. Сөйттік те олардың көлігіне мініп алып жанармайы таусылғанша орманға қарай қаштық. Әлгі машинаның майы таусылған соң орман ішіне еніп, он күнге жуық аш құрсақ болып жүрдік. Шөл қысса, ағашты тіліп суын ішіп, әзер дегенде сол 1941 жылдың өзінде-ақ Беларусь жеріндегі Полесье орманындағы партизан отрядына қосылдық» деп айтқан екен. Ал, оның 1944 жылға дейін партизан отрядында қызмет етіп жүріп, қызыл әскерлерге қайта қосылғанын архивтегі деректері де растайды.
Партизан жауынгердің осы үш жыл ішінде басынан өткерген шытырман оқиғаларын шағын бір мақалаға сыйдыра алмасымыз анық. Дегенмен ардагердің өзінің балаларына айтып кеткен азаматтық ар-ожданына байланысты мына бір естелігіне тоқталып кетуді жөн көрдім.
Бірде Түстікбай ақсақал балаларына: «1943 жылы орман ішіндегі деревниялардың бірінде қызыл әскерлердің шашыраңқы бөлімімен кездесіп қалдық. Сонда менің көмекшім, ескі баздың ішінде жарақат алған жауынгерлерді шығарып жатады да ішінде бір қазақ жауынгері бар екенін көреді. Сөйлесем тіл қатпайды,сөзімізге жауап бермейді, өзі орнынан тұра алмайтын сияқты деп айтып келді. Дереу әлгі ескі баздың ішіне барсам бір қырымен үнсіз жатқан кісіні көрдім. Ақырын қасына барып қазақша амандасып едім, сәл басын бұрған болып сәлемімді алды.
– Қай жерден боласыз? – дедім.
– Қазақстан, Әулиеатадан боламын,-деді үні баяу шығып.
Жүрегім бір түрлі болып елжіреп, көзімнен жас еріксіз шығып кетті.
– Әулиеатаның қай өңіріненсіз? – дедім.
– Бірлес колхозынан боламын,-деді.
Мұны естігенде не қуанарымды, не жыларымды білмедім.
– Мен де сол аймақтанмын, Жамбыл колхозынан боламын,- дедім. Сөйтіп онымен жақын таныстым. Ол кісінің есімі Тілеубердиев Көкімбай екен. Содан не керек дереу дәрігерлерді шақыртып, ескі қоражайдан көтеріп алып шығып, сол деревниядағы үйлердің бірінде дәрігерлер әзірлеп, жаралы сарбаздардың ем-домын қарап жатқан үйлердің бір бөлмесіне алып келіп жатқыздық. Артынша екі дәрігер қыздарымыз есіктен ытқып-ытқып шықты.
– Мына жауынгерді емдемек түгілі қасында тұру мүмкін емес,- деді олар азардабезер болып.
– Неге?
– Өзіңіз барып көріңізші.
Ішке кірсем Көкімбай ағамның арқасында жұдырықтай жаралар іріңдеп, денесі иістеніп кеткен екен. Дереу бір бөшке суды ысытып, ішіне көтеріп салдықта өзім жуындырып, арқасындағы жараларын өз пышағыммен тіліп, сылып тастадым. Шашын, сақал-мұрттарын алып, киімін ауыстырып, жерлесімді дәрігерлерге табыстадым. «Егерде елге қайтіп жатсаңыз үйге менің амандығымды жеткізіп сәлем айтыңыз» дедім. Сол күні түнгі сағат 3 шамасында партизандық тапсырмамен біз ілгері жылжып кеттік» деп сұрапыл жылдардағы өмірінен естелік айтқан екен.
Бірақ, Т.Көкімбай ардагер елге қайтпай, сауығып, майдан даласына қайта оралған. ОныңЧехословакия, Венгрия қалаларын азат етіп, 1945 жылы бірнеше орден, медальдармен марапатталып барып елге оралғанын деректерден аңғаруға болады. Бейбіт күнде жолықпаған екі жерлестің отқа өртенген майдан даласында кезігуін тағдырдың тоғысуы дерсің. Бұдан кейін бірін-бірі көрмеген майдангер соғыстан кейін бірақ жолыққан екен. Көкімбай Түстікбайды үйіне шақырып қадірлі қонағы етіп күткен. Сөз арасында Көкімбай балаларына Түстікбайды өмір бойы құрметтеп, сыйлап өтуді өсиеттеп кеткен екен.
Түстікбай Қилыбаевтың өзі 1944 жылы қызыл әскерге қайта қосылған. Алайда, Полшаның Краков қаласының маңында ауыр жарақат алған. Сөйтіп, 1945 жылы ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған. Қарт партизан соғыста жүріп І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Маршал Жуков», т.б бірнеше медальдармен марапатталған.
Ал, соғыс аяқталған соң, кеңестік билік Германиядағы тұтқында болған отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді. Алайда, соғыс кезіндегі Сталиннің «Бізде кеңес солдаты еш уақытта тұтқынға түспеуі керек. Бізде тұтқындар жоқ» деген бұйрығы қайта күшіне еніп, тұтқындар мен партизандарды қудалау қайта орын алып жатқан кезде ОГПУ-дің қызметкерлері елге оралған Түстікбай атаны да біраз әбігерге салған көрінеді.
Кейіннен отбасын құрып, Ақыртөбе стансасындағы МТС-ке орналасып, жұмысшы болып еңбек етті. 1950-1954 жылдары ауылшаруашылық техникумын бітіріп, зейнетке дейін зоотехник, есепші болған. Бес ұлды ұяға, сегіз қызды қияға қондырған. Сөйтіп, қан майданнан аман-есен оралған ардагер партизан 1998 жылы дүниеден өтті.
Ұлы Отан соғысына қатысып келген әрбір азамат өзінің соғыстағы еңбегімен, қарапайым ерлігімен елдегі талай адамдардың өмірін сақтап қалды. Сондықтан да соғыс ардагерлерінің ерліктері мен еңбектерін дәріптеуді, мақтан тұтуды кейінгі ұрпақ өзінің парызы мен қарызы деп ұғынуы керек.
Мадияр Ералыұлы
«Бауыржантану ғылыми-зерттеу
орталығының» ғылыми қызметкері
Тараз қаласы.