Топжарған

651 Views

Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенемін.
Осы мереке қарсаңында ,осындай адал ұлдарымыздың бірі, біздің Каменка ауылында тұратын Оңалхан Кәрімханұлы Наурызбаев жайлы әңгіме қозғауды жөн көрдім.
Оның бойына сабырлық пен ұстамдылық «О» баста дарыған. Оңалханның бойынан мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде – ақ, бір тектілік байқалып тұратын. Ол өзінің түп нағашы ағаларының әскери формаларын көріп «мен де әскерге барсам ғой..» деген оймен оларға қызыға қарайтын. Сондықтан болар білімділігімен де, біліктілігімен де өзгелерден оқ бойы озық жүрді.
Эстетикалық тәрбиенің негізі ол-өнер. Оңалханда өнерге деген құлшыныс басымдау болды. Анасы Үміт ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аналар» фольклорлық тобының мүшесі , өнерлі жан еді, ән мен жырға құмар болып, ауылдық мәдениет үйінің іс-шараларына белсене қатысып, түрлі өнер байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп, жетістіктерденде құралақан емес-ті. Мектеп бітіретін жылы, сол кездегі дәстүрлі «Жігіт сұлтаны» ауылдық байқауынан өтіп, аудандық байқаудың жеңімпазы атанды. Тап сол кезде Оңалханның ойы күрт өзгеріп, өнер жолын таңдап, 1955 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтына түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Актер мамандығын игерген ол, Алматы қаласындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызметте жүргенде әскерге шақырылады. 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінде әскери борышын өтеп, Шекара қызметінің орталық Ансамблінде қызмет атқарады. 2003 жылы Астана қаласында өткен, Республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, «Көрермендер көзайымы» жүлдесіне ие болып, дипломант атанады.
Арман жетелеген Оңалхан Наурызбаев осы күнде өзінің орнын өнерден тапқан. 2003 жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық әскери әндер байқауына қатысып, лауреат атанды.
ҚР Мәдениет министрлігінің «Өнер үздігі» грамотасымен, ІІІ дәрежелі Ұлттық Қауіпсіздік қалқаны», ІІ дәрежелі Ұлттық Қауіпсіздік қалқаны», ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің Үздігі», ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
Бүгінде Оңалхан Кәрімханұлы, Шекара қызметі Ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметін адал атқарып, шығармашылығын өнермен ұштастырып, жүр. Оңалханның орындауындағы «Әкешім Анашым», жерлесіміз Нариман Дәулетовтың сөзіне жазылған Арман Бексұлтанның «Туған жерім Құланым», бейнеклиптері отандық телеарналардан көрсетіліп, ел сүйіп тыңдайтын әнге айналды.
Отан Қорғаушылар Күні Оңалханды барша әскери қызметте жүрген азаматтарымыз еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріне табыс тілейміз. Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт өмірімізді кірпік қақпай күзетіп халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Зайтуна Оразалиева,
аудандық маслихаттың депутаты,
Қарақыстақ ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: