Ағаш көшеттері отырғызылды
51 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Құлан ауылдық округінің тарихы тереңде жатыр. Сонау VІ ғасырда іргетасы қаланған көне Құлан қалашығы қазіргі таңда адам танымастай болып өзгерген. Кезінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала бүгінде Құлан ауылы деп аталады. Оған Қарақат пен Шөңгер ауылдары қарайды. Елдімекен бүгінде Тұрар Рысқұлов (бұрынғы Луговой) ауданының орталығы болып саналады. Ол облыстың бас шаһары ретінде саналатын Тараз қаласынан 115 шақырым жерде, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомобиль магисралінің бойында орналасқан. Қазіргі таңда Құлан және оған қарасты Қарақат пен Шөңгер ауылдарында 30 ұлттың өкілінен құралған 4009 түтін бар. Үш елдімекендегі жалпы халық саны 19883 адамды құрайды. Алайда, халықтың басым көпшілігі аудан орталығында тұрады. Құлан ауылының тұрғындар саны 18780 адам шамасында.
Округ аумағында халыққа керек барлық жағдай жасалған. Алдымен білім саласына кеңінен тоқтала кететін болсақ, округ аумағында 5 орта мектеп пен бір негізгі және бір бастауыш мектеп жұмыс істейді. Аталмыш білім ошақтары шәкірттердің жақсы оқып, алаңсыз білім алуына өзіндік үлесін қосуда. Мектептердегі жалпы оқушы саны 3173. Оларға қазіргі таңда 481 мұғалім сапалы білім беруде. Одан бөлек Жұмакүл Оңғарбайқызы басқаратын ауылшаруашылығы колледжі де білімгерлерге үздік маман иесі атануға жол көрсетуде.
Бала тәрбиесін дұрыс жолға бағыттайтын мектеп пен колледж ғана емес, балабақшаның да атқарар рөлі орасан зор. Балаға рухани тәрбие беретін бөбекжайлардың саны алтау болса, оның екеуі жекеменшік иелігінде. Бөбекжайларда 790 бүлдіршін, ал, мектептер жанындағы шағын орталықтарда 100 жас жеткіншек тәрбиеленуде. Сонымен қатар, Құлан ауылдық аймағында бір саз, екі спорт мектебі жұмыс істейді. Мұқан Төлебаев атындағы музыка мектебі және Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Ислам Байрамуков атындағы спорт мектептері шәкірттерді халықтық өнер мен бұқаралық спорт түрлеріне баулып келеді. Жуырда аудан орталығында бой көтерген үлкен спорт кешенінің ашылу салтанаты болды. Алдағы уақытта осы бір спорт кешенінде жаттыққан жас жеткіншектердің ішінен талай спорт саңлақтары шығатыны сөзсіз.
Ауыл тұрғындарының демалысын мағыналы әрі мәнді өткізу үшін дендросаябақ пен мәдениет үйі, клуб, кинотеатр жұмыс істеп тұр. Адам жанына рухани азық сыйлайтын екі үлкен кітапхана бар. Аудан орталығында сондай-ақ, «Ардагерлер үйі», кішігірім аллеялар, Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған монумент, Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясы, Жеңіс паркі, демалыс паркі бар.
Сонымен қатар, ауылдық аймақта 1575 кәсіпкерлік нысан тіркелген. 8 мейрамхана, ондаған дәмхана, жүзге жуық дүкен, жиырма шақты шеберхана, екі шұжық шығаратын цех, он наубайхана, екі сауда базары, бір мал базары, он екі техникалық қызмет көрсету орны, 7 жанар-жағар май құю бекеті, үш мал дәрігерлік аптека, 8 дәріхана, 5 аяқ киім жөндейтін шеберхана тағы басқа да кәсіпшілік-сауда орындары халыққа қызмет көрсетеді. Иә, мың жылдық тарихы бар Құлан халқы қазір жарқын жақта өмір сүруде. Ауыл тұрғындары болашаққа «100 нақты қадам» жасай отырып, өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, олардың денінің сау, мақсаттарының айқын болуына барынша күш-жігерін жұмсауда. Себебі, ертеңгі келешек солардың қолында екендігін жақсы түсінеді. Ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолын әрқашан қастер тұтатын құландықтар ауданымыздың 80 жылда жүріп өткен тарихын «ортақ тарих» деп есептейді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.