Жұмыс топтарына үлкен жауапкершілік жүктеледі

585 Views

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудан, ауылдардың әлеуетімен та­ны­сып, шаруа қожалықтары мен кәсіп­орын басшыларымен, сондай-ақ, қара­пайым тұрғындармен кездесіп, өзек­ті мәселелерді шешу жолдарын саралау мақсатындағы жұмыс сапары өз жалғасын табуда. Бұл жолы аймақ басшысы Т.Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, ірі нысандарды аралады.
Ең алдымен облыс әкімі Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Сайранбай Дөненбаев басқарып отырған «Шәушен» шаруа қожалығында болып, агроқұрылымның ты­ныс-тіршілігін барлады. Қожалық төрт жыл бұрын «Тау қымызы» ем­деу орталығын ашқан болатын. Мұн­да сондай-ақ балшықпен емдеу, фито­бөшке, гидромассаж, тұз шахтасы сынды емдеу түрлері де қолданылуда. Енді орталық қысым камерасын алуды жоспарлап отыр. Орталық жұмысынан жан-жақты хабардар болған өңір басшысы аймақта әлі қолданысқа енбеген мүйізбен емдеу ісін қолға алуға кеңес берді. Бұдан бөлек, Бердібек Машбекұлы табиғаты таңғажайып аймақтан атпен серуендеу жолағының сызбасын жасауды ұсынды.
Тауға жақын маңда орталықтың қонақ үйі мен сегіз коттеджі орналасқан. Келушілерге жасанды көл мен спорттық алаң қызмет көрсетеді. Сондай-ақ қонақтарға үй маңындағы бау-бақшада өсірілетін жеміс-жидек ұсынылады. Ал мұнда бір реттік тынығып қайту бағасы 5-10 мың теңге аралығында.
Т.Рысқұлов ауданының брендтерінің бірі – «Луговой жылқы зауыты» ЖШС екені даусыз. Серіктестіктің тәулігіне 15 тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Алайда қазіргі таңда кәсіпорын өз жүктемесінің 15 пайызына ғана жұмыс істеп тұр. Зауыт басшысы Александр Линниктің айтуынша, жергілікті шаруа­лар құрама жем сатып алуға құлық та­ныт­пайды. Оның орнына арзан тұратын арпаны малға азық етуді тиімді санайтын көрінеді.
– Халыққа құрама жемді қолдану төрт түлік үшін пайдалы екенін жіті түсіндіру керек. Ол үшін жоғары ұйым­дастырушылық пен жақсы жарнама қажет, – деді өңір басшысы.
«Луговой жылқы зауытының» өзін­де су мәселесі өзекті болып отыр. Алайда оған қарамастан серіктестік ал­дағы уақытта саяхаттауға жиі ке­ле­­тін балаларға арналған қонақүй са­лу­ды жоспарлауда. Себебі бүгінде атақ­ты Абсенттің тұқымын көруге келу­шілердің қарасы артуда.
Кәсіпорынмен танысу барысында облыс әкіміне ағылшын және ақалтеке тұқымдас жылқылардың ең жүйріктері таныс­тырылды. Және серіктестік бас­қару­шысы Александр Линник атал­ған арғымақтар ел көлемінде ұйымдастырылған додалардан талай мәрте дара келгенін атап өтті.
Көгершін ауылындағы 1960 жылы тұрғызылған ескі Мәдениет үйі­нің ғимаратын жылқы зауыты ком­му­налдық меншікке беруге ниетті. Алайда нысанды жан-жақты аралап көр­ген Бердібек Машбекұлы ғимаратты жаң­ғыртқаннан гөрі, жаңасын тұрғызу тиімді екенін айтты.
– Көгершін ауылындағы көгалдар мен жайлы жолдар көңілге қуаныш сый­лайды. Мұнда мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын бастап, балабақшадағы орын тапшылығын да шешеміз. Ауылға Мәдениет үйі де керек, бірақ бюджет қаржысын бағыттамас бұрын, нақты есеп жүргізіп, шығынды да барынша үнемдеген жөн, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
«Меркі жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Құлан және Жақ­сылық ауылдарын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралімен бай­ланыстыратын жолдың он шақырымдық аумағына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барынша қарқын алған, жол жөндеушілер нысанды төрт айдың ішінде пайдалануға беруге уәде етті.
Жалпы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 280 нысанның жөндеу-құрылыс жұмыстарына 3,2 мил­лиард теңге қаржы бөлініпті. Олардың басым бөлігі, яғни, 125 жоба көшелерді жарықтандыру, ал, 42-сі білім саласына қатысты. Нәтижесінде 490 жұмыс орны ашылмақ.
«Құлан тағам комбинаты» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігінің құрыл­тайшылары минералды су және сусындар өндірісі зауытын іске қосу үшін өз қалталарынан 380 миллион теңге қаржы қарастырыпты. Алайда жұмыс ойдағыдай жүре қоймаған. 120 миллион теңгедей айналым қара­жа­тының жоқтығынан кәсіпорын 2014 жылдан бері тоқтап тұр. Бүгінде оған аймақтық кәсіпкерлер палатасы көмектесуге уәде беруде. Олардың қол­дауымен комбинат «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қатысушылары қатарына еніпті. Осы ретте облыс әкімі облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығына жергілікті өндірушілерге СТ-KZ серти­фикатын беруді жылдамдату керектігін кезекті рет ескертті.
Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары Қарақыстақ шатқалында орналасқан аудандағы балалар және жасөспірімдер орталығының жалғыз жазғы лагерінде түйінделді. Мұнда 270 баланы сауықтыру көзделген, маусымға дайындық барысы жоспарлы түрде жүруде. Жатын корпусы 1974 жылы салынған екен, сондықтан ол күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Т.Рысқұлов ауданының білім саласындағы нысандарының тек жөндеу және құрылыс жұмыстарына барлығы екі миллиард теңге бөлінген. Оны уақытылы әрі сапалы игеру талап етілуде.
– Жұмыс тобы тек құрылыс жұ­мыс­­­тарының сапасына ғана емес, аумақ­тың санитарлық тазалығы мен елді ме­кендерді абаттандыруға да баса мән бе­руі керек, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: