«Құлан таңы» — 80 жаста

731 Views

Аса құрметті, оқырман! Сіздерге ауданның айнасына айналған басы­лым­ның бас редакторы ретінде қуанышты хабарды жет­кізгім келеді. Биыл алпыс бес мыңға жуық хал­қы бар ауданның жаңалықтарын бүкпесіз әрі боямасыз тұрғындарға ұсынатын басылым 80 жылдығын атап өтпекші. Мерейтой кезінде газет ұжымы даңғазалыққа салынбай, керісінше өткенді қайта жаңғыртып, газет оқырмандарының назарына сапалы дүниелерді ұсынуды жөн көріп отыр.
Жалпы «Құлан таңы» газетінің тарихы өте тереңде жатыр. Осы жылдар бойы редакция қабырғасында сөзі қарымды, түбінде терең ойы бар талай сөз шеберлері қызмет етті. Ендеше өткенді қайта ой елегінен өткізіп, газеттің 80 жылдық өміріне қысқаша шолу жасасақ.
Оқырманның төрінде тұратын төл газеттің алғашқы саны 1940 жылдың мамыр айынан бастап шықты. «Коммунисттік еңбек» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген газеттің алғашқы редакторы Ә.Мәдіғұлов еді. Одан соң газетті Сағат Арынов пен Оспанбек Хатиев басқарды. Газет тарихында Өсер Уазиев, Анатолий Деридович, Дүйсен Мамбеталин, Тұрсынхан Жаманбаев, Москау Нохрабеков, Мұратбек Арыстанбеков, Серікбай Өтегеновтердің де есімдері қалды.
Баспа жұмысында қаламсабы мен қойын дәптерін өзіне серік еткен тілшілердің де орны бөлек. Олардың қатарына журналистер Әбдіжақып Туғанбаев, Рахметілдә Құдабаев, Есенкелді Төреқұлов, Рахмаш Сүлейманов, Әлібек Бақытов, Кәріпжан Нүсіп, Владимир Казакеев, Сейсен Қожеке, Елена Кочергина, Раиса Сакаева, Галина Глунцова, Константин Арбузов, Байбосын Әбілдаев, Мырқажы Қайыпов, Әбдіғали Бейсембин, Бауыржан Иманалиев, Серік Нұрманбетов, Мұрат Ахалиев, Қыдыралы Қойтаев, Басқар Битанов, Ардақ Үсейінова, Қамар Қарасаева, Табиғат Абаилдаев сынды сақа қаламгерлерді де қосуға болады. Осы тілшілердің қаламымен жазылған мазмұнды мақалалар қалың оқырман қауымның санасынан әлі де шыға қойған жоқ.
Баспагерлер Н.Адамсопиев, Қ.Қалжыров, Қ.Баймұқанов, Р.Бекмамбетов, Р.Қаппарова, корректорлар Т.Шихова, Р.Айнақұлова, Н.Қалтаевалардың да еңбегі зор. Сондай-ақ, бас есепші В.Физлованы, хатшы Р.Құрманбаеваны, линотип терімшілері П.Қабираева мен М.Рысқұлбекованы әріптестері құрмет тұтады.
Бүгінде аудандық басылым өз заманына қарай, оқырман талғамын басты назарға алып, творчестволықпен жұмыс жасап келеді. Газетіміздегі «Аламан», «Сіз, не дейсіз?», «Оқырман хаттары», «Фотоайғақ», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Замандас келбеті», «Тарих тағылымы», «Ана мен бала», «Әкім мінбері» сияқты тұрақты айдарлар да газет жанашырларының назарынан түспей келеді.
Оқырманның сүйікті досына, жабырқап тебіренгенде сырласына, сапар шеккенде жолсерігіне айналған «Құлан таңы» газеті – 80 жаста. Ғасырға жуық уақытты өздеріңізбен бірге өткеріп, ел аманатын арқалап, аудан халқы мен биліктің арасын жалғастырушы алтын көпір бола білген басылымның жасы ұзақ болғай.
Ойы орамды оқырман, ортақ мерейтойымыз құтты болсын!

Мұратбек ӨМІРЗАҚОВ,
аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы

Поделиться ссылкой: