464 Views
Қауіпті індеттің өршуіне байланысты елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілгені баршаға аян. Осы аралықта халықтың жағдайы назардан тыс қалмай, билік тарапынан көптеген көмек көрсетілді. Атап айтар болсақ, ең әуелі карантиннің кесірінен табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы көлемімен теңестіріліп, 42500 теңгеден берілді. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар үлестірілді. Оған әр тоқсан сайын берілетін гигиеналық тұрмыстық тауарлар жиынтығын қосыңыз.
Мемлекет басындағылар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз біргеміз» акциясын іске асыруды ұсынып, бұл бастаманы қалталы азаматтар, өнер адамдары, жомарт жандар әп сәтте қолдап әкетті. Нәтижесінде жағдайы төмен, күн көрісі нашарлаған отбасыларға айтарлықтай көмек көрсетілді. Мұны да аз десеңіз, көрсетіліп жатқан көмектер тізімін жалғап көрейік. Қазіргі таңда еліміздің әрбір аймағында, әр елді мекенінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бір жағынан әлеуметтік нысандар келбетін жаңарту болса, екіншіден, бос жүрген азаматтарды жұмыспен қамту көзделген. Аты аталған бастама карантиндік кезеңнен кейінгі дағдарыстан шығуға айтарлықтай серпін бермек.
Кеше аудан орталығында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығының бұрыңғы ғимаратында жоғарыда атап өткен көмектер легі өз жалғасын тапты. Дәлірек айтар болсақ, аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелеріне және басқа да мұқтаж жандарға халық тұтынатын тауарлар (жаңа киім-кешектер) таратылды. Жалпы ауданға киім-кешектердің 13180 данасы жеткізілген. Аталмыш көмек түрін аудан бойынша 1300-ден астам отбасы алды. Ал, Құлан ауылдық округі бойынша 530-ға жуық отбасы көмекке қол жеткізді. Өзге округтерге халық тұтынатын тауарлар арнайы көлікпен жеткізіліп, көмекке мұқтаж жергілікті тұрғындарға таратылып берілуде.
Айта кету керек, аталмыш көмек түрі тек облыс бойынша ғана жүзеге асырылуда. Оған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі тікелей атсалысты. Сондықтан да шара барысында көмек алушы аналар аймақтық және аудандық іскер басшыларға өз алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын жеткізді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Поделиться ссылкой: