Көмейіне ән дарыған Рысбек
Бауыржан Момышұлының: «Кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, тілін тұтықтырып, сөзін сындырып айтады. Кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше, мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін?», – деп ашына айтқан. Шіркін қазіргі эстрада жанрында ән салып жүрген «әншісымақтар» осы сөзді жете түсінсе екен дейсің.
Аудандық мәдениет үйінің әншісі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық творчестволық бірлестігінің мүшесі Рысбек Қадырқұлов ән өнерінде «табаны тесілгенше» еңбек етіп келе жатқан кәсіби өнерпаздың бірегейі. Неліктен бірегейі? Өйткені, Рысбек шырқаған әннің табиғаты өзгеше. Әншінің дауыс ырғағы қандай керемет. Әсіресе, жоғары ноталарды айтқанда Рысбек өзін «суда жүзген балықтай» сезінеді. Оны талай концерттерде көріп жүрміз. Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған даңқты композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін Рысбек секілді шырқайтын өнерпаздар некен-саяқ. Сондықтан болар, ұжымдағы әріптестері оны мойындап, әншілігіне ешқандай талас тудырмайды. Себебі, ол — кәсіби әнші.
Рәкең ылғи ізденіп, еңбектеніп жүретін өнерпаздардың санатына жатады. Осы еңбегінің жемісі шығар, ол «Бейбітшілік әлемі» халықаралық творчестволық бірлестігіне мүше болды.
Қазір тас лақтырсаң «той жұлдызы» атанып жүрген «әншісымақтарға» тиеді. Бұл сан мәрте көріп жүрген көрініс қой. Жасыратын несі бар, қазір мектеп оқушысы да тойда ән салып жүр. Бұл не? Әу бастан шынайы өнерге өлермендікпен қарайтын көзқарастың бәсеңдей бастағаны ма, әлде, өнерді «Авгийдің атқорасына» айналдырған өнерпаздардың желідегі жарнамасы күшті ме? Жазушы Рахымжан Отарбаев «Қазірде жас әнші көп. Өңшең – жұлдыз. Қазақ аспанына қалай сыйып жүр деп таң қаласың. Ал, көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі — сорақы. Аяқтары – жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон. Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?!» деп тектен-текке айтпаған екен ғой жарықтық. Мына сөздің астарында ішкі кіжіл жатыр, егер түсінетін түйсік болса. Рәкең тойда ән шырқамайды емес, шырқайды. Оған сұраныс та жоғары. Тойда да ол әулекі, сөзі мазмұнсыз ессіз әнді емес, сөзі жұмыр, халық қосыла шырқайтын Шәмші, Нұрғиса, Әбілахат ағаларымыздың әндерін орындайды көбіне-көп. Ал, олар жазып қалдырған әндер «құлақтың» емес, мәңгіліктің туындылары ғой шіркін.
Нұрғиса Тілендиевтің әні деп қалдық. Айтпақшы, Рысбек Қадырқұлов КСРО Халық әртісі, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына орай облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өз елім» атты республикалық онлайн конкурсынан жүлделі I орынды иеленді. Аталмыш конкурсқа Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан өзге Нұрсұлтан қаласының да әншілері қатысқан. Рәкең бұл конкурста да үздік деп танылды. Өйткені, сөз арасында айтып өткеніміздей, Нұрғиса ағамыздың әнін ол нәшіне келтіре орындайды. Рысбек Қадырқұлов «Еуразия» бірінші арнасынан көрсетіліп жатқан «Супер қала» бағдарламасына да Жамбыл өңірінің атынан қатысып, өнер көрсетіп келді. Құдай қуат берсе, Рәкеңді әлі талай жетістіктерден көретініміз анық.
Марат Диханбай.