Сурет сыр шертеді…
Бұл жетпісінші жылдардың аяғы, сексенінші жылдардың басында тартылған сурет-ау, шамасы. Сол кезде редакция ұжымы көкмайсаға «маевкаға» шығып, ой еңбегін ұмытып, таза ауаға дамылдап бір серпіліп қалатын. Мына суретте (солдан оңға қарай) бірінші тұрған редактордың сол кездегі орынбасары (редакторымыз ол кезде Өсер Уәзиев болатын) Әбдіжақып Туғанбаев, Өстемірова да оның сол жағында иық тіресіп тұрған терімші-хатшы Рыскүл Құрманбаева мен бас есепші Васфия Физлова. Оның жанында тұрған екі қыз: журналист Галя Глунцова мен корректор қызымыз (марқұм) Шырайкүл. Ақын ағамыз Кәріпжан әзілқой еді шіркін шляпасын Шырайдың төбесіне ұстап тұрған сол кісі (ол кісі де бақилық болып кетті). Оның жанында орамал тартып тұрған корректор апайымыз Рәткүл Айнақұлова. Отырған төртеудің біріншісі жауапты хатшымыз Әлібек Бахитов, журналист Гүлдана Тоқбаева мен осы жолдардың авторы С.Қожеке және ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Валодя Казакеев.
Әбжақ (біз Туғанбаевты осылайша атаушы едік) мамандығы электрик, орта арнаулы білімі бар болса да аудармаға келгенде (орысшадан қазақшаға) жанына қамшы салдырмаушы еді. Сол сияқты Бахитов та керісінше қазақшадан орысшаға машинкаға мәтінді тік тұрып аударатын. Ол кезде Рыскүл қолмен машинка басқанда оның қолының жылдамдығына көз ілеспейтін. Бәрі де өз ісінің нағыз шебері еді-ау. Валя ғой (Физлованы айтам) журналистер мен редакция қызметкерлерінің айлығын бір өзі отырып, шотқа салып, бәріне үлгеретін. Галя офицердің келіншегі. Оған қырындайтындар көп еді. Бірақ ұлты орыс болған соң ол тура сөйлеп, қазақша қалжың айтатын қылжақбастардың әзілін онша елемейтін. Оның төңірегінде өрбіген хикаяларды айта берсек бір көлікке жүк болатын шығар. Ал, Шырайкүл арамыздан ерте кетіп қалды. Осынау күлкісі жайдары қыз бала редакциядағылардың жүрек түкпірінде өшпестей орын алып қалды. Өйткені, оның мінез-құлқын, аңқау да алаңсыз күлкісін, кішіпейілділігін біз әлі ұмытқан жоқпыз. Кәрекең ғой өзінің достық әзілімен, жорта шығаратын пародияларымен көптің көзәйімі болды.
Владимир Казакеев көбіне томаға тұйық жүретін. Бірақ біз оның аңшылық хоббиі бар екенін осы күнге дейін ұмытқан жоқпыз. Оның «Шілік» көлі жағалауына алып шығып жасаған «ухасы» яғни, балық сорпасы есімізге түссе қазір де аузымыздан сілекейіміз шұбырады. Володя мен Әлібек екеуі бірге оқыған. Екеуі де корректор Тома Шиховаға өлердей ғашық болатын. Ол кезде мен де корректор едім. Олар үшеуі де Алматыға оқуға яғни журналистикаға бірге түсуге барғанын естігенмін. Айта берсе мұндай хикаялар жетіп артылады. Әсіресе, ескі типографиядағы газет шығарудың хикметтері керемет болатын. Ол кезде баспа әріптері шақпақтың шиіндей жіңішке темірдің басына құйылып шығарылатын, соны Қайрат пен Рафхат сияқты терімші-баспагерлер қолмен бір-бірлеп теріп, бет жасайтын. Бірде сол терген бет шашылып қалып сол күнгі газетті таң ата шығарып бітіп едік. Бірақ айту ләзім (марқұм) Қали Қалжыров сияқты баспагерлеріміз атанның жүгін көтеретіндей төзімі мықты жандар болатын.
Бір суреттің төркініне тереңірек үңілгендегі көзге түйіп, көкірекке тоқығанымыз осы болды. Бәрін айт та, бірін айт, сол күндерден қалған белгіні айт. Ол 80 жыл өтсе да жадымызда жаңғырып тұрады.
Сейсен Қожеке,
журналист.