Жылқы мінезді қазақ
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыста «егінжай күндерін» өткізді. Меркі ауданында болып масақты дақылдар егістіктерінің бүгінгі жай-күйімен танысып, алдағы егін орағы сияқты жауапты науқанға тыңғылықты дайындалу керектігін барлық аудан басшыларына ескертті.
Осыған орай астықты аудан болып саналатын Құлан өңірінің осынау науқан алдындағы тынысын, сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаев туралы журналист С.Қожекенің ол туралы жазған эссесін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Сайрамбай жігіттің бес серігінің біреуі жүйрік атты таңдады. Бес жасында бестіге мініп, он төртінде «шайтан торыны» жуасытып, көкпарға түсті. Содан отыз жетіге келгенше аттан түспеді. «Ат – ер қанаты» дегенді өміріне серік етті. Қай жерде құлағын қайшылаған,тұлпарын омыраулата шапқан желікпе жігіттер болса, солардың дәл ортасынан табылды. Тегі жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Сайрамның сегізінші сыныптан соң, оқуды тастап кетуі де осы атқұмарлығынан болса керек. Ол осылайша тоны тозып, аты арығанша көкпар тартты. Жаппасбайдың Әбдімәлігі екеуі бармаған бұл өңірде көкпар қалмаған шығар-ау.
– Осы жілігім шағылғанша жарау аттан түспей серке тартуға мені Төркімбай көкем үйретті, — дейді Сайрамбай, – Бірде өзім сүйіп мінетін торы төбелмен Құмарық астық. Келсек, көкпаршылардың қарасы бір дүйім екен. Төкең: «Сайран, жұрт жіш екен, сен күн батқанша төбел торыңмен мыналардың сілікпесін шығар, мен шұбарымды кешке сақтайын, ымырт жабыла Мәлік екеуің көкпарды маған артатын болыңдар» — деп келістік. Төртсарайға дейін біраз жер. Төркімбай көкем: – Жол қысқарсын, әңгіме айтайық, — деді. Мен:
– Көке, Қашаған палуанды білесіз бе, сол туралы айтыңызшы?, — дедім. Мәлік те құмартып, менің сөзімді құптай түсті. Төкең:
– Аса көп білмеймін, бірақ мына біреуі есімде қалыпты… Ал, тыңдай беріңдер,—деп аяғын үзеңгіге кере салып, шалқайып отырды да:
– Бұл кісі өзі Ибескенің Мәмбетқұлынан-ау, шамасы. Мен өзім қара қыпшақ Қобыландының тұқымы болған соң, сендерді аса ажырата бермеймін. Әйтеуір ауыл кәриелерінің аузынан естігенім бар…
– Түу, көке созбалаңға салмай айта берсеңізші?, — деді тағаты тақиясына сыймаған Әбдімәлік.
– Жәрр…райды… Сонымен Қашаған қайын жұртының ауылы Қораласқа бара қалса, бір байдың түйесі апанға түсіп кетіпті. Көксауыр, жап-жаңа етігін суға салуға қимай тұрған Қашаған палуанға қайын ағасы келіп: «Әй, батыр-екесі, ананы апаннан шығарсаң бай қызын береді» дейді беті бүлк етпей. Палуан деген аты бар емес пе, Қашаған екі жасар үлекті апаннан бұйым көрмей шығарып алады. Сөйтіп, байдың қызын алып, ауылға келеді. Енді бірде Құмарықтағы базарға барады. Шүлдірлеп сөйлеген орыстың көп әскерін қызық көріп, Шал суынан биесін жетекке алмай, көтеріп алып өтіп кетеді. Орыспысың деген, әлгілер Қашағанға таңырқасып телпегіне ақша салып, қызықтайды екен.
Осы ауылға қырғыздың Көкбұқа деген палуаны келіп, кешке дейін тас көтеріп, жұртты таңырқатады. Әлгіні он адам оңынан, он адам солынан тартып ортаға шығарады. «Палуан деген атым бар емес пе, күмәнмен ортаға мен де шықтым» дейтін көрінеді Қашаған. Бір кезде дәу көзіме топырақ шашып жіберді. Түк көрмей қалдым. Әйтеуір, бұтыма басы кіре бергенін байқап қалып жерге атып ұрғаным сол еді анадан екі есе үлкен шешесі шықты күреске. Үрейім ұшты. «Қатынмен қатын болам ба?» деп күреспей кеттім» — депті. Қашағанның көкірек Көкжелек деген палуанмен де күреске түскенін естіген едім, ол өзі Қашағаннан жиырма жастай үлкен көрінеді. Бұл жығылмаған соң, батасын беріпті деп естідім. Қашағанның кәртейіп қалған кезі болса керек, Нүсіпбек болыстың жасауылы Түйешібек жорабозаға қызып алған Қашағаннан: «ананы қалай жеңдің, мынаны қалай жықтың» деп сұрай берген соң, палуан ызаланып, Түйешібекті үлкендігіне қарамай, есіктен лақтырып жіберіпті.
– Ой, Төке көп біледі екенсің ғой, бірақ Қашаған палуанның қалай өлгенін білмейтін шығарсың… — деді Әбдімәлік сөзге килігіп.
– Онысын естімеппін?
– Ендеше, — деп Әбдімәлік сөзін бастады:
– Осы әңгімені Аманқұл көкемнен естідім-ау, деймін. Оның рас, Қашаған палуан тойға барса, бәйгесін күреспей алады екен. Төрт Дулаттың баласы жиналған бір аста Сыпатай батыр: – Сен енді күресті қой. Біздің қатарымызға отыр, — демей ме. Сонда Қашаған: «Керек болса сенімен де күресемін» деп қиғылық салады. Сыпатай сонда:
– Мына жөйітпен күреске біреуің шықшы, — дейді қаруластарына. Сонда ортаға төртпақ келген алып денелі біреу шығып, Қашағанды аттап жүре береді. Кім біледі, Сыпатайдың әруағы басты ма, Қашаған отырған орнынан тұра алмай қалыпты. Аста отырған Есім би де бұған ешқандай уәж айта алмапты. Кейін палуан көп ұзамай дүниеден қайтыпты.
Қашаған туралы әңгімені қызықтап, бұлар Құмарыққа қалай жеткендерін де білмей қалды. Құжынаған көкпаршыны көріп, бұлардың делебесі қозып шыға келді. Бұл ауылда да қыл құйрықтың құлағында ойнайтын шабандоздар көп. Екі құрдастың кешке дейін сілікпесі шықты. Бірақ ет қызуымен олар шаршағандарын білмеді, әйтеуір әбиүр болып, Төкеңе көкпарды өңгертіп жібергенде күн де ұясына батып бара жатқан еді.
Бұл 1991 жылдың күз айы болатын. Сайрамбайдың көңілденетініндей-ақ, бар еді. Тамыздың тамылжып тұрған талмаусыраған күндерінің бірінде совхоз басшылары Елубай диірменінің аузында малшылардың сабан тойын өткізді. Осы тойда жүзден жүйрік атанып, Сайрамбай көш бастады. Әр жүз саулықтан 160-тан қозы өргізіп, астына ат мінді. Көп ұзамай облыс орталығындағы малшылар жиынына барып, «Уаз» автокөлігін мініп қайтты. Осыған орай шопан әріптестері бар, құрдастары да қоймай шағын той-томалақ жасатты. Сәкең бәрінен бұрын көкпар берді. Сонда салмағы дәл өзіндей жетпіс келі тартпаса да, соған жетеқабыл серкені бауыздап, көкпаршылардың алдына тастап: «Әумин!» деді. Әлгіні көкпаршы біткен орнынан қозғай алмай бие сауым уақыт айналдырды. Сайрамбай болса да: «өз көкпарымды өзім тартам ба?» деп кейін тұрған. Сол кезде көпті жарып ортаға Төркімбай көкпаршы шықты да салған жерден есік пен төрдей серкені сүйрей жөнелді. Былай шыға бере тақымға басты.
– Үй, жарайсың ұстазым! Кәне, тарт!, — деп Сайрамбай да делебесі қозып, жердегі жұрттың жанында тұрса да желігіп атына мініп алды.
– Төркімбай көкем бабында екен, ал, кәне тарт!, — деп, атын ойқастатып, бір кезде «Жігіттің сұлтаны» атанған Толғамбайдың Жалғасы да көкпарға кеп килікті. (Кейін Жалғас қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған Мұхтар Әуезов атындағы «акедемтеатрдың» білдей актері болды). Мұның да ат дүбірін естісе үйде тыныш жата алмайтынын білетін Сайрам:
– Сәлем, Жалғас! Бауырым келіп қалдың ба, көкпардың көкесін көрсетші…
Осы кезде Сайрамның көкпаршы досы Әбдімәлік екпіндеп келіп: – Сәке, ойыма бір қыз бен жігіттің айтысы келіп тұр, соны айтып берейін бе?
Сайрам сөзге келмей: «Кәне, айтшы?» деді той қызығына желіккен досының меселін қайтармай. Ол қарап тұрмай:
Ауылым жайлап отыр «Сылқымкөлді»,
«Сылқымкөлді» жағалай жылқым келді,
Балдызжан бір жас иіс керек боп тұр,
Жантайып, ақ төсіңе ұйқым келді, — демей ме еріккен жігіт, сонда қыз:
Сапсиған сақалыңа қарасаңшы,
«Ұйқым келді» дегенге-күлкім келді,-депті. Дегенше, Сайрам ат үстінен аунап қала жаздап күледі ғой жаңағы. Оны төңіректеп тұрған көкпаршылар да қыран-топан күлкіге батады. Жалғас сонда әскерден жаңа келген жігіт, Сайрамнан төрт-бес жас кішілігі бар демесеңіз сөздің парқын біліп қалған кезі екен. Олар күлкісін тиып: «Ал, кәне ұрыста тұрыс жоқ. Кеттік» деп қалың нөпірге қарай лап қойысты. Сайрамбай бұл жолы көкпар тартайын деп атына мінген жоқ Жалғас сияқты жігіттер сол көкпардың қызығын көрсін деп, оларға дем беріп, рухтандырып ақбақай күреңін қамшы сипатпай бірде бөкен желіске сап, бірде ойнақшыта тулатып кеп, жұрт көбірек жиналған жатаған жотада малдасын құрып, баяғының ауызекі әңгімесін шертіп отырған Жарлысу ауылының Сәдірмек, Батырбек, көрші ауылдан Дүйсебай, Момынқұл сынды қарияларына келіп сәлем берді. Сәдірмек Қозымның оқығаны, аузы дуалы ақсақалы ғой:
– Сайрам, қарағым мынау көк шуақта берген тойың, алған бәйгің құтты болсын! Осы біздің Сейітжапар, болыс болған Жұмабек атасына ас беріп, ат шаптырыпты. Жұмабектің ерен жүйрік атанған, 47 бәйгі алған жирен қасқасы болыпты деп естігем. Сол күлігін біреулер қоярда қоймай бәйгеге қостырмақшы болады да, алдымен асқа келіп отырған Жамантай сыншыға сынатады. Сонда сақау сыншы жасы келіп қалған жүйрікке қарап тұрып: «Е…е..байқұшым, ай. Шоқайың тожып қапты ғой, топайыңды түжешең баш бәйге шенікі болады»десе керек. Сол аста бас бәйге шынында да жирен қасқаныкі болады. Бірақ жасы келген жылқы емес пе, зорығып өледі. Сол айтпақшы, сені жұрт «аламан көкпаршы» атап жүр, тақымың таймасын қарағым, — дейді.
Осы кезде сөзшең, шежіреші Батыр да арқаланып кетті білем: – Осы Қонысбай мен Азынабай ағайынды кісілер ғой. Керейқұл деген атаңды білесің. Сол кісі әлі жылқы бағады (расында ол кісі 80-ге келгенше жылқы баққан кісі) бұрын ғой қой баққан. Бір қалың қыста қой қатты қырылады. Сонда осы Керейқұл ғана қоғам малын қыстан аман алып шығады. Ол қалың қарды омбылап, уақ малға қоянсүйек пен жүзгенге, сексеуілге жол салады. Оңаша өскен тал-дарақты да шетінен қойға ашықтырмай шауып беріп отырады. Сөйтіп, малын қыстан аман алып шығыпты. Осы әңгімені Шәушеннің өз аузынан естіп едім, — дегенше болған жоқ (авт. Шәушен Әліқұлдың лақап аты) Әліқұл ақсақалдың да жотасы көрінді. Ол кісі қариялар отырған топқа келіп қосылғанда көрші ауылдың ақсақалы Дүйсебай:
– Мына бір көсемсөзді кім, қашан айтқанын біле алмадым. Бірақ дәл айтқан:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған,
Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.
– Мынауыңыз Шортамбай ақынның сөзіне келеді екен, — деді Сәдірмек ұстаз шуақты ой қозғап, көненің көделі сөзін қаузап отырған қазыналы қарттарға ризашылық пейілмен.
– Шәушен, мына Сайрамбай баламыздың бәйгесі құтты болсын, мәшине мінген арғымақ мінгенмен бірдей ғой қазір. Құдай алдыңнан жарылқасын.
– Айтқандарыңыз келсін, «Адам тіліне аспандағы бұлт азады» деген сөз бар, аузы дуалы сіздердей қарттарымыз барда ұрпақтарымыз аза қоймас, — деді Әлекең де ағынан жарылып.
Дәл осы кезде Шәушен әкесінің не ойлап отырғанын қайдам, бірақ Сайрамбай өзінің ең алғаш атқа мінгені есіне түсіп кетіп әкесіне мейірлене қарады. Әкесі де өмірбақи аттан түспей келеді. Кәдімгі қазанат дерсің. Қазақ: «жылқы мінезді» деп осы менің әкем сияқты жылқы мінезді кісілерді айтады-ау, шамасы деп ойлады.
Шәушен ақсақал құрым киізді жастана жүріп қырық жыл қой бақты. 1987 жыл зейнетке шығып, шопанның құтты таяғын осы Сайрамбай баласына ұстатқан болатын. Ол жеті жыл ақтылы қой баққан соң 1993 жылы қойдан шықты. Өйткені, әкесі науқастанып, жатып қалды. Ол кісі 1994 жылы дүние салды. Сол жылы қыс қатты болды. Сайрамбай Луговойдағы техникумды тамамдап ауылда қара жұмыс істеп жүрген. «Алғабас» кеңшарына Шардарбек (Шәлен) Қосалов бастық болатын. Ол алғашында Сайрамбайды жұмысқа шақыра қоймады, дегенмен оның малға ығын, мамандыққа бейімін байқап, ақпан айының он төртінде жұмысқа алды. Сайрам зоотехник болды дегенді естіп Берікбай кісінің өзі: «Мына қыс қысқанда Сайрамды бізге Құдай айдап келді ғой деймін» деп балаша қуаныпты.
– Маман екенмін деп ауыр жұмыстан қашқаным жоқ, — дейді Сайрам. – Мен қолыма айыр алсам, жұрт та қолына айыр алады. «Мынау ауыр, мынау жеңіл» жұмыс екен деп бөліскен жоқпыз. Соның арқасында малымыз дін аман қыстан шықты.1996 жылы Әділбақтың Күнтуі бастық боп келді де бәрімізді жұмыстан босатты. Мен осылайша Жарлысуға біржола көшіп келдім. Сөйтіп, Қали ағамызбен бірге жеке шаруашылығымызды ашып, қожалығымыздың атын «Шәушен» деп атадық. 1997 жылға дейін қожалыққа ағам жетекшілік етті. Одан соң тізгінді өз қолыма алдым. Сол жылы Қарағандының Ақтоғайына барып 600 тұсақ, 1200 тоқты сатып әкелдік.
Автордан: Қазір «Шәушен» шаруа қожалығының иелігінде 52 мыңнан аса қой, екі мыңнан аса жылқы және ірі қара бар. Кәсіпкер Жарлысу елді мекенінен мешіт, интернат, бала бақша ашып, жұмысшыларына арнап 20 тұрғын үй салып берді. Тау баурайындағы «Қарабұлақ» мекенінен шипажай ашылды. Мұнда жылына 120 тонна қымыз өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр. «Сұмқайты» учаскесінде қожалықтың офисі, қырманы, мал бордақылау және мал сою алаңы бар. Сонымен қатар қожалықтың Нұрсұлтан қаласында да шаруашылығы бар.
Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, ауданның Құрметті азаматы.
Суретте: «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаев.