Еріктілердің сауапты ісі
Осы көктемде Абай ауылдық аймағына қарасты Көкарық пен Еңбекші елді мекендерінің халқы біраздан бері өздерін мазалап жүрген мәселені көп болып шешу үшін бір емес бірнеше мәрте бас қосты. Ауыл ақсақалдары мен намазхандары сылағы түсіп, тозығы жеткен мешітті қалайда бүкіл ел-жұрт болып жөндету қамына құлшына кірісті. Қырсық шалғанда бұл кезде пандемия келіп жұрттың есін аудара бастаған. Бірақ, дін ісіне араласуға құқы болмаса да ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков жұрттың бастамасын жерге тастамай, сауапты ойлап, көпке қолдау көрсетті. Әрине, ең алдымен үлкендердің бастаған ісін жалғастыруды өз мойындарына алған еріктілерді (волонтерлерді) қолдап, олардың құлшынысына дем берді.«Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген сөз осындайда айтылған ғой. Мұратбек Дәкенұлы өз ауылының көркейгенін қай істе де ауыл азаматтарының алғы шептен көріне білгенін қалайды. Сондықтан болар ешкімнің әжетіне жарамай бос тұрған дәмхананы жастар орталығына айналдырды. Қазір ауыл жастары онда бір мезгіл спортпен шұғылданып, мәдени іс-шараларын өткізеді. Әкімді ауылдастары үнемі қолдап отырады. Әйтпесе, ауылдың, дәлірек айтқанда Қаныш Сәтбаев атындағы көшенің әр тұрғыны көше бойына тал-дарақ отырғызып, оны қоршап, уақтылы суарып, күтім жасар ма еді? Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соғыстан қайтпай қалған майдангерлерге орнатылған ескерткіш-стелланы да қайта жаңғыртып, жұрттың алғысына бөленді. Ауыл жастары жалғызілікті әйел Айгүл Жанбосынованың үйін күрделі жөндеуден өткізіп, жылу жүйесін орнатып берді.
– Біздің ауылдың азаматтары өте ұйымшыл, — деген еді бірде біздің редакциямызға келіп отырып байырғы журналист Мәскеу Нохрабеков туған ауылы жайлы. Сіз жастарымыздың құлшынысын көрсеңізші, қазір оларды еріктілер деп атап жүр ғой, волонтерлер жылына орай. Жастарға ұйытқы болып жүрген Алтай Исалиев деген азамат. Ол өзі туған ауылын абаттандыруға жастардың демеушілігімен бір жарым миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Қазіргі таңда олар ауыл мешітін жөндеп болып, Алланың Үйі жанынан 250 орындық асхана ғимаратының ірге-тасын қалап жатыр.
Осы жағымды жаңалықты естіп, ауылға келдік. Расында да «Қалқабай ата» мешіті аппақ жұмыртқадай болып, әдемі реңкке еніпті. Мешіт ауласындағы 102 шаршы метр жерге ойматас төселіп, 18 түп қылқан жапырақты сән ағашы отырғызылыпты. Гүлзар жасалып, бес уақыт намазы бар мүміндер отыратын орындық қойылыпты. Бәрін айт та, бірін айт, ешкімнен ақы сұрамай өздерінің жүрек қалауымен асхана қабырғасын қалап жатқан ерікті жастардың қайрат-жігерін айтсаңшы. Сол ерікті құрылысшы жастардың есімдерін бізге олардың бригадирі Қанат Ботақанов жіпке тізгендей айтып берді. Құрыш білекті құрылысшылар Шалқар Теңгебаев, Уәлихан Ыхиев, Арман Ақатай, Руслан Рахимов, Дулат Жұмашевтар асхана қабырғасын жартылай көтеріп те қойыпты. Олар – алты адам. Ал, сенбі, жексенбі күндері көмекқолын созып ауыл жастары келеді.
Иә, алдында жүрексінбей бастаған іс бүгінде кәдімгідей қарқын ала бастаған. Егер алғашқы кезде демеушілер де бой көрсете қоймаған болса, қазір олардың қарасы көбейді. Өйткені, сауапты іске кім де болса қолұшын созсам дейді. Солардың бірі ауыл қариясы Нұркерім қажы десек, 4000 кірпішті бес жүз мың теңгесіне қиналмай әкеп берген кәсіпкер Төленді Көпбаевты қалайша «Атымтай-Жомарт» деп атамасқа. «Көп түкірсе – көл» деген рас-ау. Осындай қайырымды шарадан «Достық – Е» шаруа қожалығының басшысы Айтжан Ыхиев те сырт қалмай бір миллионға жуық қаражатқа мешіт асханасының жиһазын әперем десе, «Нартай» шаруа қожалығының жетекшісі Берік Қарақойшиев құрылысқа қажетті мың кірпіш пен асхананың ыдыс-аяғын алып берем деп отыр.
Үлкендердің өнегесін алған жастар да қарап жатпай осы игілікті іске 500 мың теңге әкеп беріпті. Мұны биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған Жанкелді Биғабылов, Әліби Әліқұлов, Берік Балтабаев, Нұрболат Қойшыбаев және Қуат Бәкеев бастаған жастар жасап отыр. «Ауыр жүк көлігі бар Ерлік Ыхиев деген азамат құны 400 мың теңге болатын шағал тас тасып әкеп берді. Колхозбек, Жақаралы, Самат есімді азаматтардың осынау сауапты ісін қалай айтпайсың» дейді көптің осынау қайырымы мол ісіне сүйсінген ауыл имамы Талғат Тәукеев.
Имам мешіт жанынан дәретхана мен әжетхана, шағын қойма салып берген Нұрмат Сансызбаевқа да батасын беріп, намаз сайын дұғасын оқып жүр екен. Осынау бірлігі жарасқан ауыл азаматтарына әсіресе жастарына риза боласың. Олар «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген атам қазақтың аталы сөзін де ұмытпапты. Сөйтіп ерікті жастар «Қарақатты» шатқалына шығып, оннан аса бұлақтың көзін ашып, әр бұлақтың басына ескерту тақтасын орнатып келіпті. Тағы бір айтатын жағымды жаңалық жергілікті бюджеттен бөлінген 16 миллион теңгеге «Жанақ – СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4,2 шақырымға саяжол салуды қолға алыпты.
Расында ауылды абаттандыру, көріктендіру мен көгеріштендіру, сөйтіп, жұрттың алаңсыз әрі мәдениетті демалып, жүріп-тұруына осындай орны мен оябы бөлек шаралар кешенін жасап жатқан ауыл әкімінің іскерлігіні, ұйымдастырушылық қабілет-қарымын айтпасқа болмайды. Айтпақшы, М.Арыстанбеков бұл күндері «Ең үздік ауыл әкімі» республикалық байқауына қатысуға жолдама алып отыр. Ал, ауыл болса «Үлгілі ауыл» облыстық байқауына қатысуға ұсынылды.
С.Қожеке.
Суреттерде: еріктілер мен ауыл азаматтарының сауапты істерінен көріністер.