БИЫЛ АСТЫҚ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

486 Views

Осы сұрақпен біздің тілшіміз аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Жұмабекұлы Еспеновке қайырылған еді…

Облыс әкімі жуырда «Луговой жылқы зауытында» жұмыс істеп тұрған жаңа құрама жем зауытын көріп, келешекте оның жұмысын жандандыру туралы орнықты ой тастаған. Артынша-ақ, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев ауданымызға келіп зауыттың жұмысымен танысып, егін орағы сияқты жауапты науқанға әзірліктің барысын зерделеген. Иә, біздің аудан – астықты аудан. Бүгінгі таңда ауданда 146148 гектар масақты алқап бар. 2018 жылмен салыстырғанда егістік көлемі 1026 гектарға артты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының біздің ауданға берген тапсырмасы 135919 гектар еді. Ал, аудан бұл тапсырманы асыра орындады. Дәлірек айтқанда, 138122 гектар жерге тұқым септі. Дәнді дақыл тапсырмадағы 112869 гектар орнына 114804 гектарға орналастырылды. Сөйтіп, бидай 56549 гектарға, жаздық арпа 58255 гектарға себілді. Оған қоса 1590 гектарға күздік арпа, 100 гектарға дәндік жүгері бар.
Енді осы алдағы аптада диқандар егін орағына кіріседі. Ол үшін алдын ала 200 астық комбайны, 67 автокөлік, 18 таразы дайындалды. Науқанға Сайдхасан Ахаевтың «Ақтоған» шаруа қожалығы тыңғылықты әзірленді. Мұндағы 6000 тонналық элеватор, он бестен аса әр түрлі маркалы комбайн науқанға сақадай сай дайын тұр. Сондай-ақ, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Шәушен», «Шалқар» шаруа қожалықтарының диқандары биылғы жылдың астығын орып алуға күн ілгері әзірлік шараларын жасады. Ауданымызға соңғы бес айдың көлемінде жалпы құны 239 миллион теңге болатын жаңа техникалар сатып алынды. Мәселен, «Мақсат», «Мақпал», «Ернұр», «Алтынтау», «Қайқы» шаруа қожалықтары бір-бір комбайн сатып алды. Олардың ішінде «Казагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке және жеке өзінің қаражатына сатып алғандары да бар.
Орақ алдында барлық астық сақталатын қамбалар дезинфекцияланды. Сондай-ақ, 969 гектар алқап саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Барлық егістік алқаптардың айналасы өрттен сақтану ережелеріне сай айдалды. Күні бүгінге дейін барлық шаруашылықтар арзандатылған бағаға, яғни жанармайдың бір литрін 158 теңгеден сатып алып та қойды. Биыл бұл іспен үш оператор айналысып, Луговой темір жол бекетінен және Тараз қаласынан жанар-жағармай тасып алды.
Жақында агроном мамандар арпа егістігіндегі дәннің өсіп-жетілуін сараптамадан өткізді. Соған қарағанда биыл арпаның да, бидайдың да түсімі өткен жылға қарағанда сәл төмен болатын түрі бар. Дегенмен, диқандар бітік шыққан егінді ысырапқа жол бермей, қысқа мерзімде орып алуға құлшынып отыр.

Е.Еспенов,
аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой: