Семейге жолдама алды
Жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жалпы білім беру ұйымдарының 8-10 сынып оқушылары арасында XXI облыстық «Абай оқулары» байқауы онлайн форматта өтті.
Мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылығын арттыру, Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу мақсатында өткен «Абай оқулары» байқауы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Көңілім әнді ұғады» және «Ұлылар әлемі» сынды 6 номинация бойынша ұйымдастырылды. Байқауға Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 52 оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Нәтижесінде «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» және «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша бақ сынаған Максим Горький атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Ләйлә Махмұт пен Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Тұнық Гіміңтай байқау жеңімпазы деп танылып, жүлделі I орынға ие болды. Ал, «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» және «Көңілім әнді ұғады» атты номинацияда бақ сынаған Құлан мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Ернұр Момынқұл, Абай атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Әліби Жұмабек, №1 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Рамазан Илесов жүлделі III және II орынды өз қанжығаларына жазды.
Айта кетейік, әр номинация бойынша бірінші орын иеленген оқушылар тамыз айында Семей қаласында өтетін «Абай оқулары» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды. Семейде өтетін байқауда да Ләйлә Махмұт пен Тұнық Гіміңтай ауданымыздың абыройын асқақтатып, жүлдегер атанып келеді деген сенімдеміз.
Марат Жолдасбекұлы.