КӨКДӨНЕН ЖҮЙРІК ПЕ, КӨҢІЛ ЖҮЙРІК ПЕ?

827 Views

Кеңес өкіметі тұсында Калинин ауылы, Ленин атындағы колхоз болған бұл елді мекеннің тарихы тереңде жатыр. Егер осыдан 90 жыл бұрынғы ауыл тарихына көз жіберсек, көз алдымызға талай толайым істері бар экономикасы ғана емес, мәдениеті де өркендеген мекен келеді. Әсіресе, колхоз өндірісінің алыптары атанған Қызыралы Ауғамбаев, Бектембай Қойшыманов, Әкетай Әкімбековтердің есімдері еске оралады. Көкдөнен сауықшыл, өнерге бір табан жақын да ауыл ғой. Жұрт көкдөнендік сазгер Мэлс Өзбеков пен сатира сардары атанған Басқар Битановтың есімдерін ұмытпай оны көшелеріне берді. Сол кезде халық театры атанған колхоздың атағын республика, тіпті, одақ көлеміне танытқан Бердіш Шахаров, Жылқыбай Арпабеков, сазгер Жаңбыршы Үсейінов тағы басқаларды халық әлі де аузынан тастамай айтып келеді.Иә, «Көкдөнен жүйрік пе, көңіл жүйрік пе?» деген мақал осындайда айтылған-ау. Ауылдың «Көкдөнен» аталуының тарихы да ел жадында сақталып қалған. Әйтпеген күнде Мэлс «Көкдөнен вальсі» сияқты әдемі әнді жазбас еді ғой. Ауыл жастары туған жеріне туын тігуді ең бірінші парызы санап жүр. Әйтпесе, саясат майданында жүрген Азаматхан Әміртаев пандемия індеті жайлаған шақта ауылына келіп қайырымдылық шараларын жасамас еді-ау. Ал, Олимпиада чемпионы атанған былғары қолғап шебері Ермахан Ыбырайымов болса бір ауылды ғана емес, бүкіл Қазақ елін әлемге танытты. Үкідей ұйысқан ауыл қазір ынтымақ пен бірлікті ойлап, өсіп келе жатқан жас ұрпақты ұлтымыздың ұлық мақсаттары мен салт-дәстүрлеріне сай тәрбиелеуде.Аймақта 717 аула, 3681 халық тұрады. Ал, Көкдөнендегі 343 түтінде 1785 адам бар. Бұл олардың өсіп-өнгенін көрсетеді. Олар қазіргі заман талабына сай салынған ақшаңқан үйлерде тұрады. Әр үйге көгілдір отын мен ауыз су кіргізілген. Демек, елді мекен экологиялық жағынан таза мекендердің қатарына жатады. Алты шаруашылықта алма бауы бар. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Әуелбаев пен Шоқан Уәлиханов көшелері бойына жаяу жүргіншілерге арналған саяжол жасалған. Осы мақсатқа 22400 теңге, ал Сарбұлақ каналын тазартуға 168 мың теңге бөлініп, ауылдың батыс жағына арка орнатылыпты. Бәрін айт та бірін айт, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай белгісіз солдат ескерткіші арада елу алты жыл өткенде қайта жаңғыртылып, енді ол «Жеңіс» аллеясы деп аталатын болды. Ондағы құлпытасқа Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған 85 майдангердің есімі жазылды. 300 шаршы метр саяжолға ойматас қойылып, екі жүз түп питуния гүлі егілді. Қазір осынау шағын саябаққа ауыл азаматтары келіп, бір ауық таза ауа жұтып, ондағы қойылған орындықтарға отырып, демалып қайтады.
Көкдөнен ауылдық округін 2018 жылдың қазан айынан бері бұрын әскери қызметте болған Төлеген Алпамысұлы Атабаев басқарады. Оның шені – майор. Бірақ ол шенім бар деп шіреніп жүрген жоқ, қайта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қариялар сөзін жадында ұстап, ауылдың қазыналы қариялары мен жалынды жастарын өзінің маңына жинап, ауылды абаттандыру мен көріктендірудің жайын бірге ақылдасып шешуде.
– Жұрт қандай іске бастама көтерсе, соған қолдау көрсетуге ұмтылып тұрамын. Әсіресе, жастардың арасынан шыққан еріктілердің істері ерекше қолдауға тұрарлық. Сол волонтер жастар жақында «Біз біргеміз» акциясы аясында 25 үйге азық-түлік себетін үлестірсе, кәсіпкер ана Роза Құрашева 22 жанұяға жүз мың теңгеден 2 миллион 200 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Біздің ауылда «Астана-балет» театрының қолдауымен 2015 жылы «Іңкәр» бишілер тобы құрылған болатын. Өнер десе Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушылары жанын салады. Оларсыз ауылда бірде-бір мәдени-көпшілік шара өтпейді. Өткен жылы жаңа амбулатория ашылып, халықтың игілігіне берілді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де егіншілік пен мал шаруашылығын өркендетуге өзіндік үлестерін қосып келеді. Егер аймақта 90 шаруа қожалығы бар десек, соның 35-і мал шаруашылығымен, 44-і егіншілікпен айналысады. Ауылда 13904 гектар егіс алқабы бар. Соның 3261 гектары күздік бидай. Өткен жылы диқандарымыз алқаптың әр гектарынан 27,5 центнерден өнім алды. Биыл да олар мол астыққа үміт артып отыр. Әсіресе, егін орағы науқанына Сайлаубек Ілиясов басқарған «Абдулла» шаруа қожалығы, Бекзат Сәрсебаевтың «Бақдәулет», Мұратбек Биғазиевтің «Алтын Тау» шаруа қожалықтары тыңғылықты дайындықпен келіп отыр. Енді аз күнде олар егінге орақ түсіреді,-дейді ауыл әкімі Төлеген Атабаев.
Ауыл әкімі нәтижелі жұмыспен қамту бағытында да игі істерге ұйытқы болып жүр. Өткен жылы үш шаруа қожалығы 50 гектар алқапқа қант қызылшасын егіп, одан 200 центнерден өнім жинаған еді. Ал, биыл ауыл азаматтары 60 гектарға картоп екті. Кәсіпкер Бекзат Сәрсебаевтың бір өзі 35 гектар суармалы алқапты игеріп, оның 10 гектарына көктүйнек, 5 гектарына жүгері, тағы 5 гектарына көкөніс егіп отыр. Аймақта «Сұлтан би», «Қайқы», «Береке-20» сияқты іргесі берік қожалықтар бар. Ал, жеке кәсіпкер Сәтжан Махаметкерімов мемлекеттен 3 миллион 700 мың теңге несие алып, оған 124 бас саулық қой және төрт асыл тұқымды гисар қошқарын сатып алды. Ал, шағын кәсіпкерлікті дамыту, яғни «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкер Дина Оразымбетова ұлттық қолөнер бұйымдарын шығару грантын жеңіп алып, мемлекеттен 5 миллион 500 мың теңге көлеміндегі қайтарылмайтын несиеге ие болды.
Иә, Көкдөнен ауылында жұмыс­сыздықпен, яғни кедейшілікпен күрес өз дәрежесінде жүргізілуде деп айтуға әбден болады. Өйткені, ауыл адамдары қазір өздерінің жеке ауласынан өнім өндіріп сатуға бейімделіп алған. Олардың кейбіреуі сиыр сүтін, биенің қымызын, ірі-қараның етін өндіріп сатып, өздерінің отбасылық бюджетін жасап отыр. Ал, ауыл әкімі елді мекенді абаттандыру, көріктендіру және көгеріштендіруге, сөйтіп, халықтың әлеуметтік тұрмысының жақсаруына айрықша көңіл бөлуде.

С.Қожеке.
Көкдөнен ауылдық округі.

Суреттерде: ауыл әкімі Т.Ата­баев «Бақдәулет» шаруа қожалы­ғында; елді мекендегі «Жеңіс» аллея­сында; жаңа амбулатория халыққа мін­сіз қызмет көрсетеді.

Поделиться ссылкой: