Тұрғындарға тұшымды кеңестер берілді

676 Views

Газетіміздің өткен санында хабардар еткендей, кеше Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің алдында Құлан ауылдық округінің тұрғындарына арналып, көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Ашық алаңда еркін форматта ұйымдастырылған көшпелі қоғамдық қабылдауға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан прокурорының орынбасары Нұрбек Нусипов, сонымен бірге бөлім және мекеме басшылары қатысып, тұрғындардың сауалына құлақ түрді. Қабылдауға тіркелген азаматтар мен азаматшалар аудан басшысына өздерін толғандырған сұрақтары мен өтініш-тілектерін жеткізді. Мәселен, ауыл тұрғыны Айымкүл Мұсаева қоғамдық қабылдауға «Бақытты отбасы» бағдарламасы жөнінде мәлімет алуға жазылыпты. Тұрғынның сұрағын Ерболат Салқынбекұлы мұқият тыңдап, рет-ретімен мемлекеттік бағдарламаның ұтымды тұстарын баяндап берді. Ал, Жангелдин көшесінің екі-үш тұрғыны ауыз су мен электр жүйесінің жарығын ала алмай отырғанын аудан басшысына ашына жеткізді. Бұл мәселені де Ерболат Садырқұлов ыждахаттылықпен тыңдап, тұрғындардың базынасы өте орынды екенін ескертіп, жауапты сала мамандарына тапсырма жүктеді.
Ал «Автобустар қашан жүреді» деп газетіміз арқылы сыни мақала жазған зейнеткер Марат Чулекеев өз ойын қоғамдық қабылдау барысында да ашық айтты. Бұл сауалға аудан басшысы: «Ертеңнен бастап белгіленген уақыт мөлшерінде Луговой мен Құланға автобус көлігі қатынайтын болады» деп жауап қайырды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында тоғызқұмалақты дамытуға зор үлес қосып жүрген Марат Чулекеев айтар ойын еш мүдірмей, дәйекті мысалдармен жеткізе білген аудан әкіміне дән ризашылығын білдірді. Көшпелі қоғамдық қабылдауда пәтер және алимент сынды өзге де мәселелер сөз болды. Қойылған сауалдарға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен аудан прокурорының орынбасары Нұрбек Нусипов заң шеңберінде сөз қозғай отырып, нақты әрі мазмұнды мысалдармен жауап беріп отырды.
Айта кеткеніміз жөн, осындай көшпелі қоғамдық қабылдаулар алдағы күндері Абай, Қарақыстақ, Луговой, Көкдөнен ауылдық округінде жалғасатын болады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: