Денсаулық – зор байлық

693 Views

19 Маусым – медицина қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. Ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында аудандық «Құлан таңы» газеті жыл сайын арнайы бет әзірлеуді дағдыға айналдырған. Биыл да сол үрдісті жалғастырмақ ниетпен 80 жылдық тарихы бар аудандық басылымның журналисі Марат Диханбай сала қызметкерлерімен жүздесіп, тілдескен болатын. Олай болса, сөз тізгіні – әріптесімізде.

Бүгінгі таңда «COVID — 19» індеті күллі әлем жұртшылығын әбігерге салып отырғаны жасырын емес. Өкінішке орай, біздің ауданымызда да коронавирус дертін жұқтырған тұрғындар кездесіп отыр. Науқастарға аудандық орталық аурухана қызметкерлері жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етіп жатқан жайы бар. Жалпы елімізде жарияланған Төтенше жағдай кезінде ақ халатты абзал жандарымыз аянып қалған жоқ. Олар өз қызметтерін мінсіз атқарды десек те болады. Оны Төтенше жағдай кезеңінде аудан аумағына қойылған 3 блок бекеттердегі бақылау жұмысы барысында сан мәрте көрген едік.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиев те коронавирус жұқпалы ауруының алдын-алу мақсатында науқастарды топтастырмау үшін аурухана қызметкерлері үйден қызмет көрсету іс-шараларын күшейткенін, 2020 жылдың 20 наурызы мен 31 мамыры аралығында барлығы 55 млн 566 630,01 тиынның дәрі-дәрмегі мейірбикелер арқылы науқастардың үйіне жеткізіліп берілгенін айтады. Бұдан бөлек, жұқпалы дерттің алдын-алу және оны таратпау жұмыстары күшейтіліп, тұрғындар үшін барлығы 35000 парақша дайындалып, таратылып берілген екен.
Қазір дүние жүзінің елдері секілді Қазақстан да «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне» көшкенін білесіздер. Ауданның бас дәрігерінен осы жүйе жайында сұрап көріп едік, ол қолда бар мәліметті саралап айтып берді. «2020 жылдың қаңтар айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық штаб құрылып, оның жоспары және елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу кестесі жасалды. Штаб кестесіне сәйкес, аудандық штаб мүшелерімен және аудандық орталық аурухана мамандары 2020 жылдың 4 қаңтары мен 31 мамыры аралығында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» туралы аудан бойынша 5 бильборд (Құлан және Луговой ауылдарында), 10 баннердің (емдеу мекемелерінде), орнатылуына атсалысты. Сондай-ақ, ауруханада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» туралы 11 стенд қойылса, төлемдерді қабылдау мақсатында 2 терминал орнатылып, төлемдер алына бастады. Штаб кестесіне сәйкес, аудандық штаб мүшелерімен және аудандық орталық аурухана мамандары 2020 жылдың 4 қаңтары мен 31 мамыры аралығында 28 жиналыс өткізіп, оған 3856 адам қатысты. Жамбыл облыстық ФСМС –тан «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінен мәртебесі анықталмаған 14816 адамның тізімі берілді. Мамыр айының соңында ол тізім барлық емдеу мекемелері бойынша толық зерделеніп, мәліметі ОДСБ-на, ФСМС-қа берілді. Зерделенгендер ішінде 4506 адам тізім бойынша мәртебесі анықталмаған болып шықты. Өзін-өзі сақтандырмаған 4506 адамның тізімі ауылдық округ әкімдіктеріне және БМСК ұйымдарына берілді. Тұрғындардың мәртебесін анықтау жұмыстары одан әрі жалғастырылуда. 2020 жылдың 28 ақпанында Жамбыл облыстық ауруханасының жылжымалы медициналық комплексі Тұрар Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының балансына берілді. Осылайша алдағы уақытта ауданның шалғай елді мекендеріндегі тұрғындарға бейінді мамандардың кеңесін өткізуді қамтамасыз ететін боламыз» дейді Шындос Кершайызұлы.
«Аты жаман ауру алқымнан алып тұрған шақта өздеріңізге зор ілтипат танытып жатқан тұрғындардың қарасы көп болар» дей бергеніміз сол еді, ауданның бас дәрігері айтар ойымыздың төркінін құптай жөнелді.
— Бәлкім солай шығар. Дәрігерлер барын салып еңбек етуде. Бір нәрсе анық. Аудандық орталық аурухана қызметкерлері қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Біздің тараптан «COVID — 19» жұқпалы індетіне байла­ныс­ты мониторинг және үй аралау жұ­мыстары күнделікті жүргізілуде. Тұрақты түрде үй аралау жұмыстары күшейтіліп, күніне 3450-3700 аула қаралады. Дене қызуы және жөтелі бар адамдар тізімі жасалынып, ауырған адамдар амбулаторлық ем қабылдауда,-дейді ол.
Шындос Мырза­лиевтен 2020 жылдың 5 айында орталық ауруханаға қанша емделуші түскенін, ана мен бала мәселесі және туберкулез ауруы жайында мәлімет айта кетуін сұрағанымызда, ауданның бас дәрігері:
— 2020 жылдың 5 айында ауруханаға 1935 науқас емделуге түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 136 ауруға көбейіп отыр. Емделіп шыққан науқастар саны — 1918. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 58 ауруға артқан. 2020 жылдың 5 айында күндізгі стационардағы емдеу төсектерінде 725 науқас емделді. 2019 жылы бұл меже 1393 болған. Қабылдауда болған аурулар саны – 121264. Бір тұрғынға шаққанда ауру қабылдау 1,9 %. Бүгінгі таңда скринингті тексерулердің 2020 жылға жұмыс жоспары жасалып, осыған орай тексеру өткізілуде.
Екінші сұрағыңызға ойыссақ, аудан бойынша жүктілікпен 939 әйел есепте тұр. Оның ішінде қатерлі топтағысы — 318. Бұл пайыздық өлшемге шаққанда 33,9 пайызды көрсетеді екен. Емдеу мекемелері бойынша тууға мүлдем болмайтын аб­солютті қарама – қайшылығы бар 165 әйел бақылауда тұр. Олардың 100 пайызы контрацепцияланған. 2020 жылдың 5 айында 724 жүкті әйел есепке алынды. Босанған әйелдер – 604. Уақытынан ерте босанғандары -71. Босанған әйелдердің 98,8 %-і терапевт дәрігердің қарауында болған. Оның ішінде 93,3%-і 12 аптаға дейін есеп­те тұрғандар. Жүктіліктің асқынуы 106 әйелде анықталған. Ана мен бала өлі­мінің алдын алу мақсатында қатерлі топтағы жүкті әйелдер мен балалар мониторингі тұрақты бақылауда екенін айтқым келеді.
Ал туберкулез ауруы хақында сөз қозғайтын болсақ, 2020 жылдың 5 айында құрт ауруына шалдыққан 8 науқас анықталып отыр. Аурушаңдық көрсеткіші – 12,4 пайыз. 2019 жылы 10 ауру анықталып, аурушаңдық көрсеткіші — 15,5 пайыз болған. 8 аурудың төртеуі алдын-ала тексеру жолымен, яғни флюротексерумен анықталған. 2020 жылға флюротексеруден өткізуге мақсатты топ жоспары жасалынып, бекі­тілді. Туберкулездің асқынған түрі тіркелмеген, адам өлімі болған жоқ. 1-ші диспансерлік топта 34 адам, 2-ші топта 58 адам есепте тұр. Диспансерлік есептегі туберкулезбен ауыра­тын науқастарға аудандық бюджеттен амбулаторлық кезеңде 2 миллион 957783 теңге әлеуметтік көмек көрсетілді,-деп жауап қайырды.

Біздің сүйікті дәрігер

«Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнде қырық құбылған заманнан да, адамнан да шаршадым» деген екен қазақтың қабырғалы қаламгері Рахымжан Отарбаев. Жазушы бұны атаққұмар әрі марапат үшін маңайындағы достарын жарға жығып кететін әсіре белсенді адамдардан қажыған сәтте айтса керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің әдістемелік-ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Жұманқұлова Раушан Көшербекқызы атаққа да, марапатқа да, қызықпайтын жан. Өйткені, дәрігер біз атаған дүниенің барлығынан өзінің бала күнінен армандап, жүрегімен қалап түскен мамандығының абыройын әркез бірінші орынға қояды.
Раушан Көшербекқызымен талай жиналыстарға қатысып, жүз көрісіп жүрміз ғой. Бірақ емен-жарқын әңгімелесіп, сұхбаттасуымыз алғаш рет екен. Мереке қарсаңында өзінің өмірі мен қызметтік жолын жазуға келгенімді айтқанымда, кейіпкеріміз оған аса ықыласты емес екендігін білдірді. Өзге әріптестерін жазуымызды қалады. Бәзбіреулер болса, «Ә, мынауыңыз жөн екен» деп қуақы жанарымен жылмыңдай күліп, «Мен оған лайықпын» де­ген­дей, емен есікті кабинетіндегі столы­ның бірінен орын ұсынар еді. Біздің кейіпкер олай етпеді. «Қандай қарапайым жан» деп, бір жағынан ішім жылып қалды. Өзін газетке жазуға тұрарлық ақ халатты абзал жан екенін көптеген мысалдар арқылы айтып бердім. «Қадалған жерден қан алмай кетпейтінімді» білді-ау деймін: «Жарайды» дегендей, басын изеді кейіпкеріміз. Сөйлестік. Әңгімелесіп отырып, Раушан Көшербекқызының телегей білім иесі ғана емес, өзінің мамандығына зор жауапкершілікпен қарайтын білікті дәрігер екеніне көзім жетті. Шыны керек, көптеген адаммен тілдесіп, өңін мақалаға айналдырып газетке жазып жүрсек те, Раушан Жұ­ман­құлова секілді қарапайым әрі өз ісін бес саусақтай білетін жандарды сирек кездестіріп жатамыз.
Раушан Көшербекқызы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін 1984 жылы педиатрия мамандығы бойынша бітірген. Демек оның негізгі мамандығы — балалар дәрігері. Ол 1986 жылдан бері осы аудандық орталық ауруханада еңбек етіп келеді. Ал, бас дәрігердің әдістемелік-ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін 2003 жылдан бері атқаруда. Орынбасарлық қызметте 17 жыл жұмыс істеуінің өзі оның өз қызметін шемішкеше шағатын сақа дәрігер екенін ұқтырып тұрғандай.
«Адам алдымен еңбектеп өседі, содан соң еңбекпен өседі», «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген сөздер білікті дәрігердің қызметтегі басты ұстанымы. Табандылық пен жауапкершілікті ескеріп, медицина саласына қомақты үлес қосқаны үшін кейіпкерімізге аудан, облыс әкімдерінің Құрмет грамотасымен бірге «Денсаулық сақтау саласының үздігі» деген төсбелгі табыс етілген. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен де марапатталған. Қазіргі күні Раушан Көшербекқызы тұлымынан жетілдіріп өсірген 2 ұл, 1 қызынан 5 немере сүйіп отырған ардақты да сүйікті әже.

Аудандық орталық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Абды­калыков Тельжан ТелеубайұлыТөтенше жағдай кезінде коронавирус індетінің алдын -алу бойынша ауқымды жұмыс атқарған жас дәрігердің бірі. Ол Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің түлегі. Тельжан Телеубайұлы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас маман. Оның ең алғашқы қызметі 2016 жылы Қайыңды ауылдық дәрігерлік амбулаториясынан басталған. 2017 жылдың тамыз айынан бері осы қызметте жүр. «Университеттің 2 курсында оқып жүрген сәтте Бағдат Жаңабаева есімді ұстаз дәріс берді. Сол кісінің сабақ өту тәсілі арқылы мен медицинаның қиын сала екенін ұқтым. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Өткенін ұлықтайтын ұрпаққа сенсеңдер, бізге сеніңдер» деген ғой. Сол айтқандай, біз қолдан келгенше көпшіліктің сенімінен шығуға тырысып бағамыз. Әзірге біздің тарапқа айтылған кері пікір жоқ. Ол жалғыз менің ғана емес, жанымда отырған өз ісіне шебер Нәсіп Кусаинова және Эльмира Жуатова сынды мейірбан мейірбикелердің арқасы. Біздің міндет – халықтың батасын алу. Біз әрдайым ұлтқа қызмет етеміз» дейді Тельжан Телеубайұлы.

Болашағы зор маман

Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы шағын орталықты орта мектептің түлегі Сүиітбекова Айгүл Мырзабекқызы да аталмыш бағдарлама арқылы 2018 жылы жұмысқа орныққан. Ол қазіргі таңда аудандық орталық емхананың бала дәрігері болып жұмыс істейді. Айгүл Мырзабекқызы жуырда ғана өзінің біліктілігінің арқасында сәби өмірін арашалап қалып, зор қошеметке бөленді. Астана медициналық университетін педиатрия мамандығы бойынша бітірген жас маманмен әңгімелескенімізде «Дәрігер алғашқы еңбек жолын қалада емес, ауылдан бастаса, көптеген сатылардан өтер еді» дейді. Ал, жас маманның осы мамандықты оқып, дәрігер атануына себепші болған анасы екен. Айгүл Мырзабекқызының болашағынан аудандық орталық емхана ұжымы зор үміт күтеді.

Жас та болса, абыройлы

Меркі ауданында ту­ған Алтын Жұма­байқызы да «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмысқа орналасқан жас ма­манның бірі. Ол бүгінгі таңда аудандық орталық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері болып жұмыс атқарады. Алтын Жұмабайқызы Қарағанды медициналық университетін бітіре салып, қалада қалып қоюды ойламай, бірден ауылға жұмысқа келген. Ол 2015 жылдан бері аудандық орталық емханада қызмет атқарып келеді. «Дәрігер болу – бала күнгі арманым еді. Арманым орындалып, осы салада қызмет атқарып жүрмін. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан «Тірі болсам қазағыма қызмет қылмай қоймаймын» деген. Менің қызметтегі принципім де осы» дейді жас дәрігер.

Бетті дайындаған
Марат Диханбай.

 

Поделиться ссылкой: