САУДА ОРЫНДАРЫНДАҒЫ САЛҒЫРТТЫҚ

559 Views

Әлемді жұқпалы індет жаппай жайлап, дертке шалдыққандардың саны күн санап өсіп жатқан шақта біздің халық әлі күнге бұл ауруға күмәнмен қарауын қояр емес. Жұртпен әңгімелесе қалсаңыз, бір-бірінен: «Осы аурудың бары рас па?» — деп сұрап жатқанын байқайсыз. «Басқа түссе баспақшыл» демекші біздің не нәрсе болса да төбеңнен тура төніп келмейінше сенбейтін мінезіміз бар екенін несіне жасырамыз.
Төтенше жағдай режимі алын­ғанымен карантин жағдайы сақталуға тиіс екенін көпшілікке күн құрғатпай неше мәрте көгілдір экран мен ақ­парат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен бұған немқұрайды қараушылық жалғасуда. Төтенше жағдай кезінде жаппай жабылған біраз сауда орындары көпшілік халықтың сұранысы бойынша карантин ережелері мен талаптарын орындау керектігі қатаң ескертіле отырып, тиісті органдардың рұқсатымен жақында 230 нысанға жұмысын қайта бастауға рұқсат берілген еді.Десек те, соңғы уақытта ауданымызда коронавирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантин талаптарын қадағалау жұмыстарына қатаң көңіл бөлу қажеттігі туындап, өткен сенбі күні аудандық штаб төрағасының орынбасары Ерлан Бақытжанұлы бастаған әр сала қызметкерлерінен құралған екі топ ауданымыздың орталығы Құлан ауылындағы Орталық базар мен басқа да сауда нысандары және құрылыс заттарын сататын орындарда болып, карантин ережелерінің сақталу барысына рейд жүргізді.Сауда нысандарын зерделеу бары­сында карантин талаптары мен ережелерінің өз дәрежесінде сақ­талмауы орын алып жатқандығы белгілі болды. Сауда орындарында халықтың біраз бөлігінің бетпердесіз, топталып, ара қашықтықты сақтамай жүргендері, кейбір сатушылардың бетпердесіз, арнайы киімсіз, қолғапсыз сауда жасап жатқандығы анықталып, 10 дүкен сатушысына Тұрар Рысқұлов аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлері және топ мүшелері тарапынан ауызша ескертулер берілді. Мұндай зерделеу жұмыстары Луговой мен Ақыртөбе ауылдарындағы сауда орындарына да жүргізілді.
Рейд барысында тексерушілер жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша Төтенше жағдайға байланысты Ереже талаптары толығымен орындалмайтынына көз жеткізді. Осыған орай өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың індетке байланысты шараларды қатаңдандыру керектігі жайлы ұсынысын аудан халқына тереңірек түсіндіру қажеттігі назарға алынды.

М.Тоқсамбайұлы.

Поделиться ссылкой: