ДИДАРҒАЙЫП

613 Views

немесе сатирашы Басқар Битановтың шығармашылығы
туралы бір түйдек ой

(Эссе)

Қаламдас бауырым, қарымды журналист Қыдыралы Қойтаевтың Басқардың тұңғыш кітабына жазған алғы сөзінде: «…Басқар Битанов қыршын кетті. Небәрі 35 жыл ғана ғұмыр кешті. Бірінші қаңтарда дүниеге келіп, 1 қаңтар күні фәни жалғаннан өтті. Талантты еді. Сан қырлы өнерпаз болатын. Әуелетіп ән салатын, музыкалық аспаптардың кез келгенінің құлағында ойнайтын. Сонымен бірге кез келген адамның дауысын айнытпай салатын. Жігіттің жампозы десе де болғандай еді. Ол өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында қарымды қаламгер, ақберен журналист, өз замандастарының алдыңғы легінен табылатын азамат екенін танытып үлгерді. Әсіресе, сатира саласында өзінің орнын ойып алып, қаламының қытығының қаншалықты қуатты, ал, күлкісінің қаншалықты шуақты екенін аңғартып үлгерді» деген жолдар бар.
Иә, оқырман қауымға публицис­ти­калық мақалалары мен уытты сатира­лық шығармаларымен танымал болған Басқар Битанов көзден кетсе де көңілден кетпей жүрген дидарғайыптың нақ өзі. Басқардың «Құнсыз адам» атты са­тиралық повесі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Баубек Бұлқышев атындағы жастар сыйлығына ие бол­ғанын бәріміз де білеміз. Қыдыралы Қойтаев құрастырған «Суретінен ғана таниды» атты кітабына Битановтың екі повесі, жеті әңгімесі, 68 сықақ әңгімесі, 30 сахналық көрінісі, 41 әзілі мен әжуә-шымшымалары еніпті. Енді осы «Құнсыз адам» повесіне шұқшиып көрейікші…
Шынымды айтайын, бұл повесть түріктің сатиригі Әзиз Несиннің «Фут­бол короліне» де, поляк жазушысы Ярослав Гашектің «Сайыпқыран солдат Швейгіне» де ұқсамайды. Бірақ шетел клас­сикасынан сусындағандай әсерде бола­сың. Басқар Американың Огасту қала­сының байырғы тұрғыны іспетті оның ром мен виски мүңкіген көшелерін кезіп, қоқысын аралап жүргендей өзін еркін сезінеді, тіпті хемфрилік қаңғыбас Майклдың басынан кешкендерін Бальзакша байыптап, Вальтер Скотша жұп­тап, қазақ тілінде саптағанына қара­ғанда шетел классикасын көп оқы­ған-ау, деп қаласың. Басекең сол кездегі қазақ оқырманына Айдан түс­кендей әсер қалдырды десем асыра айтқандық болмас деп ойлаймын. Ол өзінің сатиралық шығармасында жалпақ жұртқа орны мен оябы бөлек сөз тастап отыр. Повесте оқиғаның баяндалуы, сюжеттің американдық салт-тұрмысқа сай нанымды етіп қарапайым лексиконмен жеткізілуі оқушыны өзіне сәт сайын ынтықтырып отырады. Автор қаламы төселген жазушылардан кем түспей сәуегей соқыр Бэнстің саясат дегенде қамшы салдырмайтынын, ақша табуға келгенде адамды қырып-жоятын қаруды ойлап табуға бүкіл өмірін сарп етуге даяр Лоренстің образын да айнытпай айшықтайды. Қаламгердің идеясы да осы тұсқа келгенде айқындала түседі. «Қызылдардан» өлердей зәрезап болған Пентагонға Лоренс ойлап тапқан күн сәулесінен қуат алатын дыбыссыз атылатын қару оларды түн ұйқысынан шошытып оятқаны айдан анық. Иә, сол заманда жанталаса қарулану мен «жұлдызды соғыс» өршіп тұрған болатын. Автор өзінің шығармасының негізгі арқауы етіп осынау қайнауы шегіне жеткен мәселені алып қана қоймай, қанқұйлы соғысты көксеген АҚШ-тың сұрқия саясатын шегіне жеткізе әшкерелейді.
Егер бұл газеттегі халықаралық сын болса, онда мен оны усойқыдай уытты жанр памфлетке теңер едім. Битановтың тілі тым ащы емес, бірақ адамға мақтамен бауыздағандай әсер қалдырады. Теңеулері де терең, сом-сом десе болады. Автор шығармасында нәсілшілдік пен адам құқын қорлауға ашықтан-ашық қарсы шығады, томардай түйін айтады. Повестің мына бір тұсында автор калифорниялық қара нәсілді конгрессмен Рональд Деллемстің Парламент шешіміне қарсы болып, соның дәлелі ретінде Үкіметтен алған бүкіл наградаларынан бас тартқаны былай тұрсын, онысын Жоғарғы Сот Маршалға қойылған ескерткіштің етегіне лақтырып тастағанын айтып былай дейді: «… Содан бері американ зиялыларының кеудесіне негрлерге сенуге болмайды деген шұбар шымшық тәрізді құйтырқы ой ұя салған» деген ойды қаймықпай оқырманға ұсынады.
Сонымен саясаттың күбісіне күмп етіп түсіп кеткен Лоренс губернатордың салтанатты сауық кешінде айтылған жаңа қаруды сынауға қажетті «жанды» нысананы алыстан емес, өзінің жанынан тапқанына қуанды. Лоренске адам жанын қия салу түк те емес екенін, Пентагонның да жаппай қырып жоюға шімірікпей қарайтынын шығарманың шарықтау шегіне жеткенде айнытпай байқайсыз. Байқайсыз да, қаңғыбас Майкл байғұстың осынау сәулелі қарудың құрбаны болғанына қынжыласыз.
Бұл өзі түймедей ғана түйін бол­ға­нымен екі ұлы державаның қырғиқабақ соғысқа деген пиғылын қозғаған уытты шығарма дер едім. Автордың осынау ауқымды тақырыпты тайсалмай таң­дағанына қайран қаласың. Сатириктің тілі де жатық, ойы да жүйрік, ұғы­нықты оқылады. «Құнсыз адамды» оқып отырып қазақы ауылда өскен қара домалақ жігіттің қарымы мен ша­лымына, ойының ұшқырлығына тәнті боласың.
Алайда, «мен мықтымын» дегендер бара алмаған тақырыпқа қалам тартуына қарап, жас қыранның көксеңгір көкке зымыран құстай көтеріліп алып, содан шыңырауға құлдилап құлап кеткеніне өкінесің. Өкінесің де толайым таланттың аққан жұлдыздай көзден ғайып болғанын көріп, қараптан-қарап отырып осыған көңілің құлазиды. Өкініш пен қайғы өзегіңді өртейді.
«Ар үкімі» повесі де қазақ про­засына қосылған шым-шытырық оқиғалы, дәлірек айтқанда, біздің жазушыларымыз қалам сілтей бермейтін детектив жанрына келеді. Академияның жауапты қызметкері Нұртасты азғырып, Отанына сатқындық жасау амалдарын жасамақшы болған шпиондық топ туралы әңгіменің, яғни повестің аяқталмай қалғаны қандай өкінішті десеңізші. Басқардың әр туындысын оқыған сайын оның оқырманға айта алмай қалған ойларын байқайсыз. Байқайсыз да қыршынынан кеткен біртуар таланттың өмірден ерте өткеніне өкініш білдіресің.
Оның қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылмай қалған әңгімелері қаншама. Дегенмен, оқырман қауым оның «Нұрғиса туралы әлқисса» атты естелік-әңгімесін оқыған да шығар. Бұл өзі жүректен шығарып жазылған әңгіме дер едім. Басқар өзі де ауруханаға түсіп, палатада Нұрғиса сынды күй пайғамбарымен қатар жатады. Сонда журналист бауырымыз өзінің жай-күйін ұмытып: «Нұр ағам аман болса екен» деген сөзін аузынан тастамай, ағасына аз күн болса да қамқор болып, сазгердің ішкі жан дүниесін ұғуға талаптанады. УЗИ-ден шалқар шабыт иесінің жүрек соғысын өз көзімен көріп, әңгімесінде оны: «Көзім мониторға түскенде жүрегім тас төбеме шықты. Экранда солғындау көрінсе де әлдене бүлк-бүлк етеді. Міне, Нұрағаңның жүрегі. Бүлк-бүлк. Қабырғаны соғып атша тулап тұр. Соқ, соқ, соға түс. Қайран жүрек. Нұрекеңнің, Нұрағаңның жүрегі. Жүрек емес, бүткіл қазақ даласының бүлкілі ғой мынау» деп тамсанады. Одан әрі Дариға жеңгейге арнап шығарған «Куә бол» және «Аққұсым» әндерінің шығу тарихы да кереметтей. Басқар «Нұрғиса туралы әлқиссасын» бейне бір ару қызға ғашық болғандай тұмаша тұнық оймен тебірене жазған.
Сатира саңлағының «Бектұр», «Алтынай», «Суретінен ғана таниды», «Жалғыз ұл», «Мен кісі атанған күн» және «Бала шал» атты әңгімелерінің де әдеби қорымызға қосылған құнды туындылар екенінде дау жоқ. Автордың 2012 жылы Алматыдағы «Алуа» баспасынан жарыққа шыққан «Суретінен ғана таниды» атты кітабына арқау болған әңгіме де дәп осылай аталады екен. Әңгімені оқып отырып, балдырған Көзәйім мен оның дәу ағасының Маңғазтөбеге барғандағы уақиғасынан мөлтілдеген көріністерді көз алдыңа еріксіз әкелесің. Басқардың: «Қаптап қонған қалың ой дүр етіп ұша жөнелді» деген теңеуіне сүйсіне елти бергеніңде, кенет шырылдап жылаған Көзәйімнің жан дауысы естіледі. Маңғазтөбеде Көзәйімді жыланның азуынан құтқарып қалған Дәуреннің жанкештілігі, өз қолын жылан шақса да ес-түссіз қалған балдырғанды жандәрмен ақ жауынның астында ауылға жеткізуге асыққан оның мүшкіл халі тым аянышты-ақ, иә. Әңгімеде: «… Әлгіндегі жайнаған гүл мен жайқалған жапырақ кінәлі жандардай бастарын төмен иіп, біріне-бірі тығыла түседі. Бүгілген бүкір жоталарындағы мөлтек тамшылар бір сәт мөлие қарап тұрады да сорғалай жөнеледі. Әнебір екі-үш шоңайна етекке қарап елеңдей қалысқан. Бауырын жауын сабалаған төбе де қасіреттен қалжырап, езіліп жатыр» деп жансызға жан бітіріп, керемет сурет береді. Бұл автордың суреткерлігі, шеберлігі дер едім.
Қайсыбір жылы тау тұлға, қазақ журналистикасының атасы Темірбек Қожекеевтің есімі Меркідегі №39 мектепке берілді. Осынау рәсімге сатираның нағыз саңлақтары Ғаббас Қабышев, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уәйдін, Көпен Әмірбеков, Толымбек Әлімбеков тағы басқалар келді. Мен оларға Құланнан «Басқар Битанов атындағы сатира театрының ашылып жатқанын жеткіздім. Сол жерде Битановтың «Социалистік Қазақстан» газетінде жүргенде «Мүйіз тұмсық», «Халық кеңесі» газетінде «Қандауыр», «Дала дидары» газетінде «Әптішу! Жәрекемалла!» деген сатиралық бет­тер ашқанын, «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы әрі ұйым­дастырушысы болғанын еске алдық.
Бізбен бірге жарық көргеніне 80 жыл толып отырған «Құлан таңы» газетінде істеген әріптесім Қыдыралы Қойтаев «Халық кеңесі» газетінде Басқармен бірге жауапты хатшының орынбасары болып, бір бөлмеде жұмыс істегенін, бірде редактордың орынбасары болған Жұмабек Кенжалинге Басқардың Т.Қожекеев болып, әзілдеп, телефон соққанын айтқаны есімде. Сонда Басқар аман-саулықтан соң: «Әй, слушай, өзі болған қыз төркінін танымайды деуші еді. Сен бізден бес жыл білім алғаныңды, біздің арқамызда Лениндік степендиат атанып, депутат болғаныңды ұмытайын деген екенсің. Әйтпесе, менің мақаламның жатқанына екі ай болды, соны неге шығармайсың?» деп дүрсе қоя бермей ме. Басекеңнің осындай «ойыны» бар екенін білетін Жұмекең: «Аға, сәл қоя тұрыңызшы» деп, телефон тұтқасын қоя салып көрші бөлмедегі Басқарға: «Телефонды таста!» деп айқай салса керек.
Сол айтпақшы, Басқар өзінің «Көкбазар», «Жекешелендіру жүріп жатыр», «Сыбаға», «Мүлікбай мен Жілікбай», «Мысық мінез», «Момақан мосы», «Су перісі Сүлейменге!», «Тозаққа түскен қазақ», «Әккібайдың айласы», «Күлшелі күшіктер», «Жеті ата» тағы басқа сықақ әңгімелерімен талайға езу тартқызып, талайды күлкіге көмген. Оның «Зым-зия», «Өлләһи-билләһи!», «Жеңіл буыңмен!», «Әптішу!», «Қожанасырдың көк есегі» тағы басқа сахналық көріністерін белгілі сахна саңлақтары Тоқсын Құлыбеков, Уайс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев тағы басқалардың айызыңды қандыра орындағанын әлі ұмыта қойған жоқпыз.
1994 жылы Басқар Битановтың авторлық кеші осы Құлан өңіріндегі төрт ауылда өтті. Ауданға Лұқпан Есенов, Кеңес Дүйсекеев, Жарасқан Әбдірәшев келді. Сол жылдары Басқардың араласуымен ауданға Тұрар Рысқұловтың есімі берілген болатын. Ол өзі білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде болып, өзі еңбек жолын бастаған аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарымен жүздесіп, өткен күндердегі естен кетпес шақтарын еске алды. Кейін осы кеш Алматыдағы Республика Сарайында жалғасын тапты.
Басқардың жүріп өткен өмір жолы әлі көз алдымда. Ол ҚазГУ-де оқып жүріп-ақ, факультеттің көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып, комсомолға жетекшілік етті. Оқу біткен соң Алматыда қалып, «Жетісу», «Социалистік Қазақстан», «Халық кеңесі», «Ауыл» газеттерінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, саяси шолушы болып қызмет істеді. Желтоқсан оқиғасы кезінде СХИ-дің студенттеріне араша түсіп, оларды жаладан алып қалды.
Иә, ол асылдың сынығы, адамның тұнығы еді. Жайдары күлкісімен, сымбатты жүрісімен айналасын шуаққа шомылдырып жүретін. Бізге оның өмірмен қоштасу жыры кейін жетті. Арманда кеткен дидарғайып өзінің «Шер» атты өлеңінде:

Бұл пәнидің мен де бір үзіндісі,
Көріп пе екен о дүние жүзін кісі.
Бәріміз де пендеміз жұмыр басты,
Айырмасы бір-ұзын, бірі-кіші.

Я алпыс, я жетпіс өткел едің,
Бұл қалай сол ғұмырға жетпегенім.
Өмір-ай, сен не деген қатал едің,
Мен де саған сырт беріп өкпеледім.

Жасымнан мұратыма жеткен едім,
Тіл-көзден сақтан шырақ, тек демедің,
Ескертсең менде де ес бар, ұғар едім,
Қидың ғой, қу желкемді текке менің.

Басқар бауырымыз бұл өлеңін 1993 жылы 23 желтоқсанда жазыпты. Арада бір жыл өткенде ол жалған дүниемен мәңгілікке қоштасты. Алайда асқан талант иесі артында мол мұра қалдырып кетті. Оның газеттерде жарияланған фельетондары мен проблемалық мақалалары өзінше бір төбе.
Оның атымен аталатын туған ауылы Көк­дөненде көше бар. Арамыздан аққан жұлдыздай болып өмірден өткен сатираның саңлағы Басқар Битановтың атын жерлестері Құланда ашылған жаңа театрға берді.

Сейсен Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Поделиться ссылкой: