Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Өткен жұмада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан активінің жиналысы болып өтті. Ондағы талқыланған басты тақырыптың бірі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні ел Президенті ретінде Қазақстан халқына екінші рет жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы болды. Пандемияға байланысты актив жиыны онлайн форматта өрбіді. Аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен ұстаздар қауымы қатысқан актив жиналысын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов бейне-конференц байланысы арқылы ашып, жүргізіп отырды. Актив жиналысында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов баяндама жасады.Ол:
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел халқына арнап, өзінің кезекті Жолдауын жолдаған болатын. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталған жаңа Жолдауда ел экономикасын жаңғырту, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жайында жан-жақты қамтылып айтылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрткүл дүние тамсанған сарабдал саясатын сақтай отырып, жүйелі реформалар жасап биік жетістіктерді бағындыруға болатынын айтты. Сөзім дәлірек болу үшін Жолдаудан үзінді келтірсем деймін. «Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет» деген Президенттің сөзін мысал ете отырып, Жолдауда айтылған білім, денсаулық сақтау мәселесі жайындағы тарауларға кеңінен тоқталып өтті.
Жалпы Мемлекет басшысы партия құрылысы үдерісін жалғастыру мәселесіне жіті назар аударып жүргенін өздеріңіз де білесіздер. Ел Президенті ретінде елде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндеті санайтынын жеткізіп, көппартиялық жүйенің мемлекет дамуына оң ықпал ететінін әр сөйлеген сөзінде айтып жүр. Бұл ретте Ерболат Садырқұлов өткен жылғы Қасым-Жомарт Кемелұлының ел халқына арнаған Жолдауындағы:
– Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Президент әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн,- деген сөзін келтіріп, бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жұртшылық тарапынан берілген өтініш, арыз-шағым, сұраныс, талап-тілектерге жауап беруде сапалы жұмыс атқарып, мәселенің оңтайлы әрі тиімді шешілуін басты назарда ұстау қажеттігін ескертті. Ал, Президент Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтылған мәселелер турасындағы орамды ойларға Ерболат Салқынбекұлы былайша сөз өрбітті.
– Ел Президенті «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды» деді өз Жолдауында. Аймақта елді мекен тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында пилоттық жоба әзірленгені баршаңызға белгілі. Осы орайда, әрбір елді мекенде табыс көзін арттыру үшін тұрғындардың қандай кәсіппен айналысатындағы айқындалды. Бұл ретте ауданымыздан пилоттық жоба ретінде Құмарық ауылдық округі таңдалғанын айтқым келеді. Бұған қандай техника, тұқым, тыңайтқыш т.б қажеттіліктердің есебі шығарылған болатын. Әр бағыт бойынша ауыл тұрғындары бөлінген қаражатқа тиісінше несие алып, жұмыс атқарды. Біз алдағы уақытта оның есебін қорытындылайтын боламыз. Барлығы сәтті болып жатса, дәл осы жобаны өзге ауылдық округтерде іске асыру ойымызда бар,- деп қорытындылады сөзінің түйінін аудан басшысы.
Бұдан соң, жарыссөзге жазылған Абай ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Рысбек Секербеков, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұлова, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Еркебұлан Рахманқұл және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналды мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Асқар мінбеге көтеріліп, жаңа Жолдауда айтылған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Бір сағатқа созылған актив жиналысының негізгі түйінін аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қорытындылап, жергілікті жұртшылықты ел дамуына елеулі үлес қосатын басты құжаттан туындайтын мәселелерге бір үйдің баласындай ынтымақты түрде үн қосуға шақырды.
Марат Диханбай.