Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шаралары күшейтілуде

422 Views

Коронавирус індеті мен вирусты пневмониясына шалдық­қандар саны қазір құбылып тұр. Бір күнде кей кезде ондаған науқас анықталып жатса, кейде олардың саны 400-500-ден асып кетеді. Бірақ көрсеткіштер шілде-тамыз айына қарағанда әлдеқайда төмендеген.
Еліміздегі COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдар саны азайып, жағдай тұрақтала бастағанымен, еуропалық ай­мақта, алыс-жақын шет елдерде ауру саны күрт артып жатқанын көріп-біліп, оқып отырмыз.
Коронавирус індеті маусымдық ЖРВИ және тұмау ауруларының кезеңімен қатар келуі мүмкіндігіне байланысты карантин шаралары жеңілдетілгенімен, тұрғындар арасында осы инфекцияның таралуына жол бермеу, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды қатаңдатып, қауіпсіздікті күшейту қажет.
Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін адамдардың көп шоғырланатын жері – кәсіп нысандары қатаң бақылауға алынды. Жеке кәсіпкерлер жұмысты әкімшілік-аумақтық бірлікте қайта бастау және «COVID-19» індетінің таралуын болдыртпау үшін нысанды «Info Kazakhstan» электронды платформасында тіркеп жатыр. Қазіргі таңда ауданда 767 кәсіпкер «Info Kazakhstan» платформасында тіркеуден өтіп жұмыс жасауда, 36 нысан әкімдік қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өңірлік кәсіпкерлік палатасы және қоғам өкілдерінен құралған комиссияның тексеруінен кейін жұмысты қайта бастауға электронды өтініш жіберді. Оның ішінде 22 нысан арнайы құрылған комиссияның тексеруінен өтіп, жұмысты қайта бастауға рұқсат алды. Ал, 9 нысанға санитарлық талаптарды сақтамағандықтан, жұмыс жасауға рұқсат берілген жоқ, 5 нысан өтініште толтырылған деректер қате болуына байланысты теріс жауап алды.
Коронавирус індетінің таралуын тоқтату мақсатында мониторингтік топ «InfoKazakhstan.kz» сайынан электрондық форматта берілетін Санитариялық нормаларға сәйкестік актісінің негізінде қызметін қайта жалғалғастырып жатқан нысандарға зерделеу жұмыстарын да жүргізуде. Санитариялық талаптардың қатаң сақталуын тексеріп, карантин режимін бұзу фактілері орын алған жағдайда тиісті шаралар қолдануда. Осы уақытқа дейін аудан бойынша 5 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық факторымен жалпы соммасы 1 194 540 теңге айыппұл салынған болатын. Бұл жұмыс алдағы уақытта да үздіксіз жалғасады. Аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ мүшелері кәсіп нысандарын аралап, күндізгі және кешкі рейдтерге шығып, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалап, тексеріп жүр.
Карантин шараларын жеңілдеткенімен, біз коронавирус­тық инфекцияның екінші толқынына дайын болуымыз қажет. Сақтық шараларын ұмытпай, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау және қоғамдық орындар мен адам көп шоғырланатын жерлерге бармаған жөн. Бетперде кию міндетті, әсіресе қоғамдық орындарда барынша қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды. Науқас белгілері бар симптомдар байқалған жағдайда, оқшауланып, мейлінше адамдармен қарым-қатынасты шектеп, емдік шаралар алу үшін тиісті дәрігерлік кеңеске жүгіну қажет. Саулық – сақтықта, оны сақтау – әр азаматтың өз қолында! Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!

С.Өскенбаев,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы.

Поделиться ссылкой: