Еріктілердің елге жаққан ісі
Біз бұған дейін Абай ауылдық округіндегі жастардың өз ықтиярларымен халыққа жасаған жағымды істерін газетімізге жазған едік. Енді міне Жаңатұрмыс ауылындағы ерікті жастар мешіт жанынан іргетасы қаланып, алайда қаражаттың жоқтығынан құрылысы тоқтап тұрып қалған асхананы қайта қолға алды. 2013 жылы ашылған «Қожай баба» мешітінің ғимаратын осы ауылдың азаматы Мақсұт Дүрәлиев бітіріп, дүйім жұрттың батасын алған. Одан бергі жеті жыл ішінде мешіт қорына там-тұмдап: ақшалай да, құрылыс материалдарымен де көмек көрсеткен ауыл азаматтары көп болды.
Ауыл имамы Жанболат Әубәкіров: «Әр ауылда мешіт жанынан асхана салынған. Ел болған соң өлім-жітім де болады. Біреу «о» дүниелік болған жақынының жаназасын шығарып болған соң қонақ асын, енді біреу жетісі мен қырқын, жылын береді. Осындайда жұрт Меркіге немесе басқа елді мекендердегі дәмханалар мен мейрамханаларды жалдап жатады. Егер өз ауылыңда асханаң болса, ондай әурешілікке түспейсің ғой. Елді жайлаған індет те кетер, заман баяғы қалпына түсер. Асханамыздың тезірек салынып бітуіне бүкіл ауыл пейіл танытып отыр. Жасы тоқсанды алқымдаған Жомарт қария қорға бес жүз мың қаржы төккен соң, әр жылдарда мектеп бітіргендер жүз мыңдап, елу мыңдап өз үлестерін әкелді. Мәселен, сексен бірінші жылғылар бес тонна цемент, сексен үштер 800 дана кірпіш, 84 пен 92-лер екі «Камаз» құм, 4 тонна цемент әкеліп берді» дейді.
«Көп түкірсе – көл» деген осы емес пе? Қазір бүкіл ауыл құмырсқаша қаптап, келіп барын беруде. Біз кейде әсіре сөйлейміз, жастарды жазықсыз кінәлап жатамыз. Осы тоқтап тұрған істі отызында орда бұзбаса да бүкіл ауыл жастарын ұйымдастырып, мешіт жанындағы асхана құрылысының басталуына бірден бір ұйытқы болған Мақсат Әбдірахмановтың есімін ауыл биі Тілеуқабыл Елшібаев та имам да бірінші атады. Ол ерікті жастардың қолына балтасы мен балғасын ұстатып, екі қолға бір жұмыс тауып бергені былай тұрсын жастардан қаражат жинауды да қолына алыпты. Біз барған күні Мақсат ауруханаға кетіпті. Бірақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші орта мектептің мұғалімдері жабылып, асхананың шатырын құрастыруды қолға алыпты. Мұғалімдер жұмыстан бос уақыттарын пайдаланып, еріктілер қатарына қосылып, әрине тегін қолғабыс тигізуде екен. Олардың қатарында Ғалым Азаматов, Аманжан Төребаев, ағайынды Мұқан, Рүстем, Дархан Омашевтар, Талғат Қайпылдаев пен Бекназар Сатылғанов, Рүстем Шыңғожаев пен Бахтияр Жолдасов, Есқали Тойлыбеков пен Нұркелді Оспанов бар. Әсіресе, дәнекерлеушілер Бахтияр Әлімбеков, Сұлубек Әбдірәсілов, Наурыз Данаев және Ардақ Шолақовтардың есімдерін атамасқа болмайды.
Иә, асхананың шатыры аз күнде жабылып та қалар. Дегенмен, оған қажетті он терезе мен алты есік, жылы еденге арналған материал, әрлеу мен әктеуге қажетті заттарды да жастар өз қаражаттарына сатып әкелмекші екен. Бұл да болса ауылдастардың «асарының» бір түрі ғой. Волонтерлер мектептің спорт залын жөндеуді де бастап кетіпті. Мақсат Әбдірахманов бұл жердегі жұмысқа да дем беріп, мектеп жанынан тереңдігі 40 метр болатын жерден су шығарып,жаттықтырушы Мәди Әбіловтің палуандарының киім шешетін, жуынатын бөлмелерін де жөндеп бітіріп қойыпты. Бұл жерде ерікті жастар Ғ.Шалғымбаев, Е.Өскенбаев, Е.Адамбаев, Ж.Оразов, С.Тоғаев, Қ.Шопаев білек сыбанып жұмыс істеп жатыр.
Біз еріктілердің елге жаққан ісінің куәсі болып ауылдан аттандық. Жастардың осындай энтузиазмын ауыл әкімі мен ақсақалдар қолдап отыр. Ауылға осы күзде «көгілдір отын» да келіп қалатын шығар. Облыс әкімінің қолдауымен алты ауылға бөлінген қаражатты тендерде «СПК-Тараз» серіктестігі ұтып алыпты. Олар аз күнде Луговой станциясы маңынан ұзындығы 22 шақырым болатын газ құбырын тарта бастайды.
С.Қожеке.
Суреттерде: мешіт жанындағы асхана мен мектептің спорт залын салу мен жөндеуді қолға алған ауылдың ерікті жастары.