Халық қалаулылары оң бағасын берді

483 Views

Өткен аптаның соңында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өтті. Оған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, бірқатар бөлім басшылары және аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев бастаған халық қалаулылары қатысты. Сессия отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Жиынға мәслихат депутаты Нұрдос Базарқұлов төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Аудан аумағында ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстар өте көп. Мәселен, биыл тұрарлық диханшылар 53 049 гектар жерге күздік бидай ексе, күздік арпа дәндерін 275 гектар алқапқа жасырған. Сондай-ақ, шаруалардың ықпалыменен 56 220 гектарға жаздық арпа, 3 500 гектарға жаздық бидай егілген. Ал дәндік жүгері – 100, майлы дақылдар – 8 450, қант қызылшасы – 320, картоп – 550, көкөніс – 500, бақша – 130, көпжылдық шөп – 3 800 гектар жерге егіліп, осы бағыттағы жұмыстар толығымен орындалған. Шаруалар биыл егілген дақылдардың шығымдылығы мен сапасын арттыруды, жоспарға сәйкес алқаптарды тыңайтуды да ұмыт қалдырмаған. Бұл мақсатта 2 027 тонна түйірлі тыңайтқыштар мен 1 787 литр сұйық тыңайтқыштар алынып, 23 450 гектар егістік толығымен игерілген.
Аграрлы ауданда мал басы да біршама артқан. Мысалы, ірі қара — 44 545 бас болса, Шопан ата тұқымы — 561 674 басқа жеткен. Ал, Қамбар ата тұқымы — 22 777 басқа жетсе, түйе — 82 басқа дейін өсіп, 113,9 %-ды құраған. Осыған қарап-ақ, аудан тұрғындарының тұрмысы біршама тұрақталғанын аңғаруға болады. Айтпақшы, «Тұрмыс» демекші! Ау­дан­да «Тұрғындардың тұрмыстық та­бысын жақсарту» жобасы да жоғары деңгейде іске асырылуда. Аймақтың экс басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған пилот­тық жоба Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарында былтырдан бері бес бағыт бойынша іске асырылып, бүгінгі күнге дейін жалпы 797 196 000 теңге толық игерілген. Атап айтар болсақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану мақсатында 2,1 гектар жерге сарымсақ, 33 гектар жерге картоп, 18,9 гектар жерге қияр дақылдарын егуге 14 848 000 теңге бөлінген. Аталмыш қаржы тұқым мен тыңайтқыш және жанар-жағар май алуға жұмсалған. Айта кету керек, бірінші бағыт бойынша 598 аула қамтылған. Ал, жобаның екінші бағытына 229 аула қатысып, 2,5 пайыздық несие алған. Берілген қаржының сомасы – 676 812 000 теңгені құрайды. Бұл қомақты қаражатқа тұрғындар 7558 бас мал сатып алған. Оның 6 280-і ұсақ мал болса, 356-сы мүйізді ірі қара. Ал, 592-сі жылқы малы.
Былтыр жоба аясында құрылған «Құмарық-Тау» өндірістік коопера­ти­ві төртінші бағыт бойынша 89 950 000 теңгеге 17 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғанын жарыса жазған болатынбыз. Аталмыш ауыл­шаруашылық техникалары бүгінде мал азығын дайындау, үй іргесіндегі жерлерді игеру бағытында қызмет етуде. Қазіргі таңда олар жобаның үшінші бағыты бойынша аула сыртындағы жерге егілген 284 гектар арпа мен 139 гектар жоңышқаны шауып, төрт түлік­тің қыстық азығын дайындауда. Құмарықтықтар жобаның бесінші бағыты ұсынған мүмкіндікті де мүлт жібермеген. Яғни, тұрғындардың бірі өз кәсібін ашуға 8,5 миллион теңге несие алып, оған ірімшік жасайтын цех ашу­ға ниет білдірген. Жобаның арқасын­да округтегі ең өзекті мәселе де шеші­мін тапқан. 2019 жылдың желтоқсан айында аудан бюджетінен қаржы бөлініп, оған «Құмарық-Қаракемер» және «Құмарық-Алғабас» бағытында су құбырлар жүргізілген. Осылайша Болат Мансұр басшылық ететін округ­те су мәселесі өз шешімін тапқан.
Жалпы соңғы жылдары аудан­да тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары мықтап қолға алынған. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда 8 елді ме­кенге (Бәйтелі, Жарлысу, Әбжапар, Алға­бас, Құмарық, Қаракемер, Тасшолақ, Құлан) ауыз су жүйесін жүр­гізуге тиісті қаражаттар бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, бүгінде Қазақ, Сәлімбай ауылдарына жаңа ауыз су жүйесін жүргізуге жоба әзірленіп, ол үшін қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданған.
Жоғарыда аталған мәліметтер­дің барлығын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудандық мәслихат депутаттарының алдында мәлімдеп берді. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында атқарылған жұмыстарды жіп­ке тізген аудан әкімі салық түсімдері, аудан бюджетінің шығындары, өнім өндіру, кәсіпкерлік сала, инвестиция және бөлшек сауданың нақты көлемі жайында баяндап берді. Сонымен қа­тар, аудан басшысы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Биыл аудан аумағында 17 елді ме­кеннің 91 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытқа 716 739 000 теңге қарастырылған. Одан бөлек Рахым Сәбденов ауылына кіретін қос бірдей кіреберіс жолдары мен «Құлан-Шөңгер» бағытындағы 3,0 ша­қы­рымдық жолға да орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі­нің сөзіне сенсек, аталмыш жұмыстар жуық арада аяқталмақ.
Ерболат Салқынбекұлы өз баянда­масында елді мекендерге газ құбы­рын тарту, тұрғындарды жұмыспен қам­ту, білім мен денсаулық және құқық қорғау салаларына ерекше тоқ­талып өтті. Себебі, аты аталған са­ла­лар бойынша атқарылған ауқымды жұ­мыстар өте көп. Аудан басшысы сөз со­ңында алдағы уақытта атқарылатын іс­­тер­дің сапалы орындалатынына се­нім білдірді. «Құрметті, депутаттар! Аудан көлемінде бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың ауқымы осын­дай. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жү­зеге асыру бойынша жоспарлы жұ­мыстар талапқа сай атқарыла беретін болады. Барлық ауылдық округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары Үкімет пен облыс, аудан әкімдіктерінің жұ­мыс жоспарына сай талаптарды орын­дау­да күш біріктіріп, жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенімім мол» — деп баяндамасын қорытындылады әкім.
Сессия отырысы барысында де­путатар аудан әкіміне бірқатар сауал­дар жолдады. Атап айтар болсақ, мәслихат депутаты Зайтуна Оразалиева аудандық білім және мәдениет бө­лім­дерінің басшыларының әлі күнге дейін тағайындалмау себебін сұрады. Одан бөлек індеттің өршіп тұрған сәтінде той мен жиынның тыйылмай тұр­ғанына өз наразылығын білдіріп, ау­дан әкімі ретінде ықпал етуін өтінді. Ал, Сәтжан Мамырбаев таудан келетін ағын суға және тыңайтқышқа қатысты өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарының жерінде өсіп тұрған есірткі шөптердің көзін жою бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатқаны да сөз болды. Аудан басшысы өзіне қойылған сұрақтарға тиянақты мысалдар келтіріп, толыққанды жауап қайтарды.
Жиын соңында халық қалаулылары аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, өзге де мәселелерді талқылады. Нәтижесінде тиісті шешімдер қабылдап, сессияның кезекті отырысына төраға ретінде Нұрдос Базарқұловты қайта сайлады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: