Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Соңғы жылдары елімізде жасөспірімдердің қатысуымен және оларға қарсы жасалған қылмыстардың саны күн санап артуда. Балаларға зорлық-зомбылық және әлімжеттік көрсету сынды фактілердің баспасөз басылымдары беттерінен жиірек көрінуі жоғарыда айтқан сөзімізге айқын дәлел бола алады. Расымен де соңғы кездері осы сипатта орын алған оқиғалар өзекті мәселеге айналып отыр. Қиын түйінде тұрған мәселені оңтайлы шешу үшін қолға алынған шаралар да аз емес. Дегенмен, олардың нәтижесі көңіл көншітпейді.
Айтылған мәселеге қатысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі-жиі өз ойын білдіріп, әсіресе балаларға қатысты жасалған қылмыстың жазасын ауырлату мақсатында тиісті шараларды қабылдап, олардың республика аймақтарында орындалуын ұдайы қадағалап келеді.
Жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар біздің ауданымызда да өз деңгейінде ұйымдастырылуда деп айта аламыз. Атап айтар болсақ, аудан әкімдігі жанында кәмелетке жасы толмағандар істерімен айналысатын және олардың құқықтарын қорғау мақсатында құрылған арнайы топ жұмыс істейді. Аудан әкімі аппараты жанындағы құқық қорғау органдарымен жұмыс істейтін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі бөлімнің бас маманы Тоқтар Мамырбай хатшылық ететін комиссия тобы 13 адамнан құралған. Топ құрамында мәслихат депутаттары, аудандық полиция, әділет органдары, жұмыспен қамту, қамқоршылық кеңесінің өкілдері де бар. Жыл басынан бері осы топтың 12 отырысы өткізілген. Онда жасөспірімдерге қатысты – 5, ата-аналарға қатысты – 2 мәселе қаралған. Нәтижесінде ата-аналық құқығынан айыру бойынша бір құжат аудандық сотқа өткізілген. Аталған іс бойынша алғашқы сот отырысы осы айдың аяғында өткізілмек. Сондай-ақ, комиссия шешімімен жыл басынан бері екі жасөспірім облыстық өмірлері қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Айта кету керек, өткен жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданымыздың 3 жасөспірімі аты аталған орталық мамандарының қамқорлығына алынған. Осы мәліметтердің барлығын комиссия хатшысы Тоқтар Серікұлы аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың төрағалығымен өткен жиында баяндап берді.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттер сараланған жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысы, мектеп инспекторлары мен директорлары, директордың тәрбие ісі және құқық жөніндегі орынбасарлары, психологтар мен әлеуметтік педагогтар қатысты. Күн тәртібінде жоғарыда аталған мәселелер қаралып, талқыға салынды.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова да баяндама жасады. Бөлім басшысы кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты қылмыстың, оның ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері мен оларды шешу жолдары туралы баяндады. Білім бөлімінің тарапынан балалар арасындағы қылмысты азайту мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Дәлірек айтар болсақ, балалардың тәрбиесімен мыңнан аса жауапты педагогтар айналысады екен. Оның 41-і мектеп директорының тәрбие және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары болса, 49-ы психолог та, 36-сы әлеуметтік педагог. Одан бөлек бала қауіпсіздігіне тікелей жауапты 840 сынып жетекші бар. Оған тағы 39 тәлімгерді қоссаңыз болады. Сондай-ақ, бөлімге қарасты 38 мектепте білім алатын 14984 балаға аудан бойынша 9 мектеп инспекторы қарастырылғанын тілге тиек ете кетейік. Майра Айдарбекқызы алдағы уақытта мектептерде атқарылатын әр түрлі форматтағы шараларға да кеңінен тоқталды. Бөлім басшысының айтуынша аталмыш шаралар балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға, қылмыстық іс-әрекеттердің санын азайтуға септігін тигізетінін жеткізді.
Жиында ювеналды полиция тобының аға инспекторы Д.Жанасов, М.Горький атындағы орта мектептің директоры Г.Найзабекова, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің ардагер ұстазы Б.Мырзалиева да баяндама жасады. Олар атқарылған және алдағы уақытта іске асырылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Мәселен, ювеналды полиция тобының аға инспекторы Д.Жанасовтың мектеп қызметкерлерімен бірлесіп түнгі рейд жұмыстарын жүргізу жөніндегі ұсынысы аудан әкімі тарапынан үлкен қолдауға ие болып, оны дереу жүзеге асыру үшін пәрмен берілді.
Келелі жиынды аудан басшысы Ерболат Садырқұлов қорытындылап, жауапты мамандарға хаттамалық тапсырмалар жүктеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту баршаға ортақ міндет екенін ескертіп, оларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.