Құланда шағын футбол алаңы ашылд

748 Views

мүмкіндік Жасыратыны жоқ, аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылы бүгінде жаңаша келбетке енді. Орталық Жібек жолы көшесіне төселген асфальт ешбір қала көшелерінің жолынан кем емес. Биыл осы көшеде орналасқан шамдар тұтастай дерлік диодты жарықшамға ауыстырылып, ауылдың көркі тіпті ажарлана түсті. Ауыл ішіндегі көшелерге де асфальт төселуде. Енді бұл тізімнің қатарын «Ардагерлер үйінің» жанынан салынған шағын футбол алаңы толықтырып отыр. Осы ретте аудан әкімі Ерболат Садырқұлов пен Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаровтың тындырымды\ тірлігі мен іскерліктерін беске бағалауға тұрарлық екенін айта кеткен жөн. Халық аузында сәтті күн аталып кеткен сәрсенбіде ені 22, ұзындығы 40 метрді құрайтын шағын футбол алаңы пайдалануға беріліп, артынша аяқдоп құмар жастар жарысқа шықты. Жарыстың ашылуына Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров, аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев және №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ұланбек Омарбеков қатысып, сөз сөйледі. Ауыл әкімі өз сөзінде жастарымызды салауатты өмір салтына баулып, ауданымызда бұқаралық спортты дамыту үшін осындай шағын футбол алаңшаларының неғұрлым көбірек болғаны тиімді екендігін тілге тиек етсе, бөлім басшысы тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында мұндай алаңдардың мүлде болмағанын, мына заман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуір екенін сөз етіп, ол да қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұланбек Омарбеков өзінің жас кезін қазіргі күнмен салыстыра отырып, бүгінгі таңда спортпен шұғылданамын деген адамға барлық мүмкіндіктің жасалып отырғанын айтты. 5 қоманда қатысқан жарыс өте тартысқа толы болды. Ойын қорытындысы туралы сәл кейінірек. Алдымен сол аралықта Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаровпен өрбіген блиц-сұхбаттың жауабын жазып өтейік. «Алаң құрылысы мемлекеттік «Елді мекендерді абаттандыру және көгеріштендіру» бағдарламасы аясында салынып отыр. Оған бөлінген қаражаттың жиынтық сомасы 9 миллион 144 мың теңге. Құрылысты жүргізген мердігер «Platinum groopkz» жеке шаруашылық серіктестігі. Көріп отырғаныңыздай, алаң төсенішінің сапасы жақсы. 6 жарықшам қойылған, яғни қас қарайса да жасыл алаңда футбол ойнауға болады» дейді ауыл әкімі. Енді жарыс қорытындысына келейік. Жүлделі III орын мұқыл жастардан құралған «Құлан – 2» командасы ойыншыларының еншісіне тисе, жүлделі II орын Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің жас мұғалімдерінен құралған «Қарақыстақ» командасына бұйырды. Қарақыстақ ойыншыларын ақтық кезеңде 4:2 есебімен жеңген «Құлан – 1» командасының футболшылары жарыс жеңімпазы атанды. Жарыс соңында аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев ойын барысы туралы қысқаша шолу жасап, жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы кубокпен бірге мақтау қағазын, сонымен қатар ақшалай сыйлық табыс етті. Бұдан бөлек, жарысқа қатысушыларға әр түрлі номинациялар берілді. Мәселен, «Үздік қақпашы» номинациясы көкдөнендік Айсерік Досымбековке берілсе, «Үздік шабуылшы» номинациясын ұйымдастырушылар «Құлан – 2» командасының белсенді ойыншысы атанған Мұнар Батаға тапсырды. Өзіндік ойын өрнегімен көзге түскен көкдөнендік Ораз Үсенге «Жас ойыншы» номинациясы табысталса, «Ардагер ойыншы» номинациясы сәтсіздік жолдас болған сәттерде ойыншыларға жігер беріп, гол соғып, шеберлігімен танылған Ералы Сағыналиевке берілді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: