Жолдау кеңінен талқылануда

588 Views

Білім күні ел үшін елеулі жаңалықтарға толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген тақырыптағы Жолдауы өзінің жаңашылдығымен халықтың қызу талқысына түсті. Иә, осынау қиын кезеңде Мемлекет басшысының халыққа жариялаған Жолдауы ел үшін үлкен демеу болғаны анық. Әлемді шарпыған індет барша халықтың еңсесін түсіріп, әбігер туғызғаны белгілі. Бұл індетпен күрес экономикамызға да айтарлықтай салмақ түсірді. Президентіміздің осынау қиын күнде елді сабырға шақырып, маңызды қадамдарға бастайтын іс-қимыл жоспарын ұсынуы бізді қатты қуантты. Ел ішін індет жайлаған қиын-қыстау күнде тығырықтан шығар жол іздеп, қайтсем елдің жағдайын жақсартып, тұрмысын туралаймын деген ізгі арманы халыққа кезекті Жолдауында көрініс тапты.
Жолдаудың басым бөлігін ел ішінде белең алған жұқпалы індетпен күрес жолына арнаған. «Бүгінде бұл індет барлық мемлекеттер үшін сынаққа айналып отыр».Өкініштісі, бұл індетпен күрес тек бізге ғана емес, әлем елдері үшін де оңайға тимей отыр. Осы ретте, «Президент жұдырықтай жұмылып, алдағы кеткен қателіктерді ескере отырып, жұмысты қарқынды түрде жүргізу керек» дейді. Иә, жұмылсақ, бұл қиындықты да еңсеретініміз анық. Тек Аллам ауызбіршілігімізді ажыратпай, қиындыққа төтеп беретін ақыл мен сана берсін деп тілейік.
Халық- ұрпағымен бақытты. Десек те, бүгінде еліміздің демографиялық өсімі көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Мемлекет басшысы осы ретте қазақстандықтардың 20% бала сүйе алмауынан ажырасып жатқанын тілге тиек етті. Сондықтан балалы болуға ниет білдірген отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау білдіріп, экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасы бойынша бөлінетін квота санын 7 есеге дейін ұлғайту керектігін жеткізді. Бабалар ізін жалғаған көреген басшымыз үкіметке келер жылдан бастап, «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Елімізде кәмелеттік жасқа толмаған жас балаларымыз түрлі зорлықтың құрбанына айналып, қысымға ұшырап жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз жиі естиді. Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға ерекше мән беру керек. «Ендігі ретте ауыр қылмыс жасаған қылмыскер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, барынша қатаңдатылған түзету мекемесінде оқшауланатын болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.
Жолдауда қаралған басты міндеттер қоғамдағы өзекті мәселелер болып табылады. Сондықтан Президент жолдауын бірлесе орындауға жаппай жұмылуымыз керек.

Е.ӘБУТӘЛІПОВ,
Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің директоры.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: