752 Views
Қазақ халқы талай зұлмат заманды бастан өткергені баршамызға белгілі. Тарихқа терең бойлап, өткенге көз жүгіртетін болсақ, қайран қазақ ашаршылықты да, сұрапыл соғысты да өз көзімен көрді. Тіпті, ата-бабаларымыз алып мемлекеттің «қайта құру», «әртараптандыру», «аяғына тік тұрғызу» бастамаларына да белсенді түрде атсалысты. Ол үшін жұмыс күші қажет болғандықтан, егде азаматтар мен әйелдер жаппай тартылды. Ол аз десеңіз, жергілікті басшылар ауыр жұмыстарға балаларды да жұмылдырғанын тарихтан жақсы білеміз.
Бүгінде сол балалықтың бал сәттерін басынан өткере алмаған жеткіншектердің алды тоқсаннан, арты алпыстан асып барады. Оларға жас күнінде көрмеген ізеттілікті, бүгін көрсету – жас ұрпақтың басты міндеті деп білеміз. Себебі, қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген қазыналы қарияларымызға бүгінде қанша құрмет көрсетілсе де көптік етпейді.
Осы бір қағиданы басты бағдар ретінде ұстанған аудан әкімдігінің қызметкерлері 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында бір топ қарияларды әкімдіктің үлкен мәжіліс залына жинап, құрмет көрсетті. Ол жиынға ардагерлерден бөлек аудан әкімі Ерболат Садырқұлов және оның орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысты.
Жиын барысында орамды ойлар, ұтымды ұсыныстар айтылды. Әсіресе, жиынды ашып, сөз сөйлеген аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың ізгі ілтипатын аудан ардагерлері үлкен ықыласпен тыңдады. Аудан басшысы ең алдымен өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасап, ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтады. Ізінен талай жылдар бойы еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқан және қоғамдық істерге белсене атсалысқаны үшін бірқатар қарияларды марапаттады. Дәлірек айтар болсақ, жиында Бармақ Орынбаевқа «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» атты атақ беріліп, кеудесіне арнайы төсбелгі тағылды. Ал, Төрехан Алдабергенов, Жексенбі Мәткерімов, Тоқтаған Ахметовтерге облыстық ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, марапаттау рәсімінде өңірдің бірнеше ардагеріне ауданның «Құрметті ардагері» атағы беріліп, сый-құрмет көрсетілді.
Биыл аталмыш марапат ауданның 50-ге жуық қариясына берілді. Аты аталған марапатты тікелей аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлының қолынан алу мүмкіндігі Әсия Хасенова, Орынкүл Жұмабекова, Тілеуберді Құлманов, Несіпбек Кенжебеков, Сәрсен Нұрабаев, Дүйсенбі Малаев, Ертай Шілдебаев, Дүкенбай Ермеков, Әуесбек Жаманбаев, Мелдебек Қазбеков, Жұмабай Бекмұратов, Бескемпір Қалымбетовтерге бұйырды.
Жиында өнерлі ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Облыс ардагерлері арасында ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға белсенді атсалысқан Гүлназия Пірімқұлова мен Жорабек Әбдікерімовтерге де тиісті марапаттары мен бағалы сыйлықтар берілді.
Марапаттау рәсімінің соңында ардагерлерге үлкен қолдау білдіріп, демеушілік жасап жүрген жандарға да алғыс айтылып, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтың Алғыс хаты «Құлан малдәрігер» КМК-нің басшысы Серік Дәлібаевқа табысталды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
Поделиться ссылкой: