Қарттарға құрмет көрсетті

725 Views

Үлкенді сыйлау, оларға лайықты түрде құрмет көрсету – ата-бабамыздан мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салтымыз. Осыған орай, ардагерлерді ардақтау, үлгі тұту кейінгі ұрпақтың тікелей парызы десек артық болмас.

1 қазан елімізде «Халықаралық қарттар күні» болып белгіленген. Дәл осы күні өмірі өнегеге толы қарияларға құрмет көрсету мақсатында тағылымы мол іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Дәл сондай шаралардың бірін алғашқылардың бірі болып Құлан ауылдық округінің әкімдігі мен ардагерлер Кеңесі бірлесіп ұйымдастырды. Анығын айтар болсақ, аталмыш іс-шарада ауыл әкімі Еркін Сейтжапаров пен ардагерлер Кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев белсенділік танытты.
Шарапаты мол іс-шара барысында ауданның экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан Құлан және Қарақат ауылдарының ардагерлеріне сый-сияпат беріліп, құрмет көрсетілді. Дәлірек айтар болсақ, қарияларға «Құрметті ардагер» атағы беріліп, арнайы төсбелгілер табысталды. Аты аталған төсбелгі алғашқылардың бірі болып Қарақаттың қадірлі қариясына айналған, талай жылдар бойы ауылшаруашылығы саласында қызмет еткен Әбдіқасым Жаманқұловтың кеудесіне тағылды. Ізінен аталмыш марапат Қызылкүл Төкееваның кеудесінен де орын тапты.
Шара барысында білім саласының да ардагерлері марапаттан шет қалмады. Атап айтар болсақ, округ басшысы Еркін Сейтжапаров пен Құлан ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев Әшіркүл Бекмұратова мен Күмісхан Нұрғасқаеваларға да аталмыш марапатты үйлеріне барып табыстады. Дәл осындай төсбелгі бас-аяғы 10-ға жуық ардагерге бұйырды. Сондай-ақ, іс-шара барысында ауылдық округтің ұйымдастыруымен 35 ардагерге арнайы сыйлықтар беріліп, құрмет көрсетілді. Өз кезегінде сый-құрметке бөленген ардагерлер алғыстарын айтып, құттықтап келушілердің жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді.

Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: