Ал қанеки, әжелер!
Осы аптаның сейсенбісінде аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде дәл осындай тақырыппен байқау өткізілді. Оған әрбір ауылдық округтен ақ жаулықты әжелер қатысып, байқаудың көрігін қыздырды. Айта кету керек, аталмыш байқау Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Ескі салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, үлкен буын мен бүгінгі ұрпақтың арасындағы сабақтастықты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – байқаудың басты мақсаты саналды. Осы бір шарттарды санасына қазық қып қағып, барынша сәйкес келуді көздеген әжелер байқауға мықтап дайындалып келгені тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұрды. Үш кезең бойынша сынға түскен әжелер ең әуелі алғашқы айналымда өз-өздерін таныстырып шықты. Ал екінші кезең бойынша қолданыстан шығып, ескіріп қалған әдет-ғұрыптарды сахналап беріп, салт-дәстүрлердің мән-мағынасын, мақсат-міндеттерін толыққанды баяндап берді. Мәдениет үйінің сахнасында «Құлақ тесу», «Босағаны майлау», «Құда күту», «Бәсіре», «Ерулік» сынды салт-дәстүрлер сахналанып, кеңінен мәлімет берілді.
Ақ жаулықты әжелер соңғы шешуші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Әжелеріміздің басым көпшілігі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын ескеріпті. Сол себепті де, сахнада әжелеріміздің бірі ойшылдың әндерін орындаса, екіншілері ақын жайында жазылған романнан үзінді алып, сахналап берді. Сондай-ақ, байқауда Мұқағали Мақатаевтың «Шеше» атты өлеңі оқылып, Майлықожаның термесі де нақышына келтіре орындалды. Тіпті, бұл кезеңде шежірелі аспап киелі қобыздың дауысын да ести алдық. Кейбір әжелердің өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын тамашалап, ерекше әсерге бөлендік.
Тартысты өткен байқауда әжелердің көрсеткен өнерлеріне қарай әр түрлі номинациялар берілді. Ал жүлделі үшінші орын Құмарық ауылынан келіп қатысқан Базаркүл Табылдиеваның еншісіне жазылды. Байқауда ән айтып, ерекше көзге түскен Бақытгүл Бидайшиева жаңатұрмыстықтардың үмітін ақтап, екінші орынға қол жеткізсе, өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетіп, талайды тамсандырған луговойлық Тұрсынкүл Сағынбекова аудандық байқаудың жеңімпазы атанды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.