Ұлтаралық тұрақтылық – сенімді болашақ кепілі

717 Views

Қазақстан – ұлт пен ұлысты ұйыс­тыра білген егеменді ел. Ұш­қан құстың қанаты талатын кең байтақ еліміздің маңғаз даласында талай халық тату-тәтті өмір кешті. Тарихтың қатпар-қатпар беттеріне үңілер болсақ, бұл жазиралы өлкеде адуынды сақтар, жауынгер ғұндар, айбарлы үйсіндер мекендеді. Қанша қан төгілгенімен, қанша қанқұйлы ұрыстар болғанымен, атақты Асан Қайғы қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған жерді осы қазақ өлкесінен тапты ғой. Тіпті, қызыл империяның саясаты жүріп тұрған кезде бұл қасиетті өлкеге біршама ұлттың өкілдері жер аударылып кел­ді емес пе? ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жерін жайлаған ашаршылық кезеңінде қазақ ешбір ұлт өкілдерін бөтен демеді. Өзекке теппеді. Жарты нанын бөліп беруге дайын болды. Осы бір қиын да қытымыр кезеңдерді бірге өткерді.
Тәуелсіздігімізді алып, шекара­мызды шегендеп алған сәттен бастап қазақ жерін мекендеген басқа ұлт өкіл­дерінің жартысы өз туған ота­нына қайтты. Ал қалғандары осы ынты­маққа толы бейбіт елде тұ­рақ­тап қалуды ұйғарды. Қазіргі таң­да елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендеп келе жатқан жайы бар. Ұлтаралық татулықты сақтап, басқа елдерге бірліктің өне­ге­сін көрсетіп келеді. Соның бірі ретінде аудан аумағынан шалғай жатқан Ақниет ауылдық окру­гін­дегі ынтымағы жарасқан ұлт пен ұлыс өкілдерін тілге тиек етуге болады.
Түрлі этнос өкілдерінен құралған елді мекеннің бірі Ақниет ауылдық округі. Ауылдық округте жалпы халық саны 1212 адам болса, өзге ұлт өкілдерінің саны 485 адам. Бұл халықтың 41 пайызын құрап тұр. Бұл ауылда 266 орыс, 17 қырғыз, 7 өзбек, 41 неміс, 21 украин, 1 лизгин, 19 татар, 7 беларусь, 3 шешен, 16 кәріс ұлт өкілдері өмір сүреді. Әр түрлі ұлт өкілдері екеніне қарамастан, бір-бірінің дініне, діліне, тіліне құрметпен қарайды. Тіпті, ұлттық мерекелері кезінде бір-бірінің үйіне қонаққа барып, бір кісідей ат салысады. Наурыз бен айт мерекелері кезінде ұйысқан ұйымшылдықтары көрінеді. Әрине, бұның бәрі ортақ татулық пен бірліктің арқасы.
Төле би бабамыз «Бейбіт елде – сән бөлек, бүлінген елде – дау бөлек» деп бекер айтпаған. Ұлттық құндылықтарымызды көздің қара­шығындай сақтаймыз десек, бірлігіміз тастай берік болуы керек. Достық пен келісім көрініс тапқан ел болу – бүгінгі күннің міндеті. Бізді алға сүйрейтін, өркениетке жетелейтін осы ынтымағымыз. Сонда ғана береке ор­най­ды. Бірлігіміз мығым болсын!

Нұрдос Тұрабаев,
Ақниет ауылдық
округінің әкімі.

Поделиться ссылкой: