Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Бойында шежіре тұнған, көпшілікке мәлім болған, аңызға айналған киелі жерлер ауданымызда өте көп. Қасиетінен құт қонған, өсиетінен бақ қонған рухани мүкәммалға бай орындарға бару арқылы өрең өседі. Осы мақсатта аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерінің мұрындық болуымен Т.Рысқұлов аудан әкімінің бес бастамасын іске асыру мақсатында «Туған жердің тарихы – тұнған шежіре» экскурсиясы жыл басынан бері ұйымдастырылып келеді. Жуырда осы орталықтың мамандарымен бірлесіп Көгершін ауылында орналасқан «Есепші ата» кесенесіне барып, баба рухына тағзым етіп, тарихымен танысып қайтқан едік.
«Есепші ата» кесенесі Көгершін ауылының оңтүстігіндегі тау етегінің бойынан орын тепкен. Кесене ақ кірпіштен тұрғызылған. Ел арасында «Бала Есепші», «Әулие Баба» аталып кеткен Әлібек Бұғыбайұлы(1816-1900) асқан әулие кісі болған. Бала кезінде жан-жануарлардың, жәндіктердің жүріс-тұрысына қарап, ауа-райын болжап отырған. Осы бір қасиетіне жұрт таңырқап, оған «Бала Есепші» деп ат қойған. Сонымен қатар бұл кісі құстардың тілін түсінетін қасиеті болған деседі көкірегі кен-қазына қариялар. Ел арасында Әлібек атамыз жайлы аңыз-әңгімелердің легі өте көп. Сол аңыздардың бірінде «Әулие бабаның» көріпкел екендігі туралы ауыл ақсақалдары: «Бірде халық таудан құмға көшер уақыты таяп, үй-жайын жинастыра бастайды. Сол кезде Есепші атаның тізесіне төбеден бір жапырақ түседі екен. Сол жапыраққа қарап тұрып «биыл құмға көшпеңдер, ол жақта ауа райы шаруаға қолайсыз болады» деп болжаған. Бұл болжауға біреуі салғырт қараса, ал біреулері әулие сөзін құп көреді. Тауда қалғандар шаруасы өрге басып, құмға көшкендер жұтқа ұшырап таяғын сүйретіп оралған» деседі. Міне, осы секілді аңыз-әңгімелер көпшілік арасында кең таралған.
Қазіргі таңда «Есепші ата» кесенесіне бас-көз болып, көзінің қарашығындай сақтап жүрген – Жақсылық ауылының тұрғыны, шырақшы Шолпан Самратпаева апамыз. Біз келгеннен бастап шырақшы апамыз ескі сөз, есті сөз айтты. Баба рухына бағыштап Құран оқыды. Шолпан апамыздың сөзінше, бұл киелі жерге арысы сонау Мойынқұмнан келіп тәу ететін жандар бар екен. Олардың дені перзент сүюді аңсаған отбасылы адамдар. Аманат арқалаған апамыз: «Қарақтарым, менің жасым 65-ке келді. Құр сүлдерімді өзім әрең сүйретіп жүрген жанмын. Кесене маңын жинастыруға ұлым мен келінім қолғабыс етіп жүр. Ендігі бір арманым – шаң басқан, жаңбыр не қар жауса батпағы бетіне шығатын осы бір ойдым-ойдым жердің жолын жөндеу, дұрысы асфальттау. Әйтпесе, сонау шалғай жерлерден келетін жандарға өте қиын. Бұл жерге жетем дегенше, бірде өркештенген жолдардан машина суы қайнап кетсе, енді бірде жол көрсетуші тақтайшалардың жоқтығынан адасып кететін жағдайлары бар. Бірақ, «әттең, қолдың келтесі-ай» — деп өз өкінішін білдірді.
«Әулие Бабаның» жүгірген аң, ұшқан құстың тілін түсінетінін жоғарыда атап өттім. Бүгінде Әлібек атамыздың жатқан жерін ауыл жұрты киелі санайды. Үлкен қариялардың айтуынша, ниет етіп келгендерге күндіз құстар, түнде даланың саршұнағы жол көрсетеді деседі. Жол бастаушы құсты мен де көрдім. Біз келген кезде кесене маңын торуылдап жүрген. Ал қайтуға даярланып жатқанда құс қанатын жазып, аспан көгінде еркін қалықтап, күншығысты бетке алып ұшып бара жатты…
Ахмет Қамшыбек.