“Сұлутөрдің” сапасы сын көтермейді. Неге?

821 Views

Көпшіліктің көкірек көзін ашып, таным көкжиегін кеңейтуге көлемді үлес қосатын кинотеатр екені рас. Көгілдір экран көрерменді өрелі ойға, өткір сауалға әкеліп тірейді. Кез келген адам өзін кейіпкердің орнына қойып, көңіл түкпіріндегі күдік пен күмән туғызған күрмеуі қалың сауалдарға кенже өнерден жауап іздейді. Кенже өнер деп атауымның себебі – кино адамзат тарихында соңғы қалыптасқан өнер түрі. Сіз ауданымызда осы кенже өнердің кенжелеп қалғанын білесіз бе?
Іргемізді жайлаған індет кесірінен іргелі білім ордалары да, іңір орнаған шаққа дейін ілкімді істер атқаратын мемлекеттік мекемелер де «online» режимге ойысты. Бірақ, әлдекімдердің дақпырт пен даңққа толы жолын дәріптеуге құмар кей мекемелер жабылмады. Себебі, ол мекемелердің есігіне қараңғылықтың қара құлпы орнағалы қашан…

Кино – көпшілік көрерменге күлдіріп те, күйіндіріп те тәрбие беретін киелі өнер. Өкінішке орай, аудандық «Сұлутөр» кинотеатрынан дені дұрыс туынды көре алмай жүрген жағдайдамыз. Аталмыш мәдени ошақта отандық кино жауһарларын көрсетіп, саф алтындай таза өнердің рухын сезіндіре алмай жүр. Алайда ауданымызда киелі өнер көшіне қосылған адуынды актерлер, атағы асқақ тұлғалар жетерлік. Мысалы, Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбай, Азамат Сатыбалды сынды хас таланттар ауданымызды Алаш жұртына танытып келеді. Бірақ біз неге сан мың кейіпкерге жан бітіріп, үлкен рөлдерді сомдаған ағаларымызды үлкен экраннан көре алмаймыз? Неліктен жастар премьера көру үшін Меркіні маңайлап немесе Таразға тіке тартуы керек? Біз талай саңлақты өнер өлкесіне самғатып, жетістігін жұрт арқылы естіп отырған жетім ауыл секілдіміз…
«Болар бала киношыл, болмас бала виношыл»-дейді Асанәлі Әшімов. Осы сөз біздің ауданға қаратып айтылғандай, біздің жарамызды аршып тұрғандай сезіледі кейде… Кей ағалар қит етсе жастарды «жүгенсіз кеткен», «пайдасыз іске құмар» деп айыптап жатады. Жақсы туынды көрмеген жастар жүгенсіз кетпегенде, премьера көрмеген бала пайдасыз іспен айналыспағанда не істейді? Барар жер, басар тауы жоқ жастардың «Жекен» жағалап жүргені сондықтан болар.
«Театр тобырдан ұлт қалыптастыру» – дейді ойшылдар. Кинотеатр да көрерменге естен кетпес эмоция, рухани байлық сыйлайтын мекен. Көңілге түрткі салған жүректегі жазуды өздеріңізбен бөлістім. Еліміз мына тәжтажал аурудан аман-есен құтылады деген ойдамын. «Сұлутөр» біз секілді жастарға тұшымды дүние көрсетеді деп сенемін. Ат төбеліндей қызметі бар ағалардың көкейін селт еткізсе, сіз бен біз «Сұлутөр» кинотеатрында есті дүние көретін шығармыз, көзі қарақты оқырман. Бұйыртса, кинотеатрда жолығуды жазсын.

Жәнібек Әмре,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1 курс студенті.

Поделиться ссылкой: