“Луговой” атауы өзгертілді

1 035 Views

Тарихқа терең бойлап, мұқият парақтайтын болсақ, біздің ауданның тыныс-тіршілігі әу бастан «Түркістан-Сібір» теміржолымен тікелей байланысты. Қадасы 1927 жылы қағылған магистраль бүгінгі күнге дейін өз маңыздылығын жоймай, экономиканың дамуында үлкен рөл атқарып келеді. Ол ел аумағындағы табиғи ресурстарды игеруге, өнеркәсіп және ауылшаруашылық салаларының әлеуетін арттыруға зор үлесін қосуда. Тек біздің еліміз үшін ғана емес, сондай — ақ, Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерін, Қытай, Ресей сынды алып державаларды, тіпті, Еуропаны байланыстыратын көлік қатынасына айналды. Бір сөзбен айтқанда, ел тарихында аңыз болып айтылған Ұлы Жібек жолын лайықты түрде алмастырды.

1926 жылдың 25 қарашасында Орталық Комитет Жетісу теміржол құрылысын салуды қолға алады. Ал, сол жылдың 3 желтоқсанында РСФСР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі «Түркістан – Сібір» теміржолын жасақтау туралы Қаулы қабылдайды. Осы күн біздің мемлекетіміз үшін экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі қабылданған тарихи шешім ретінде есте қалды.«Түркістан – Сібір» теміржолының құрылысы екі бағытта жүргізілді. Оның бірі Семей қаласынан 1927 жылдың 15 шілдесінде басталса, екінші бағыты ауданға қарасты Луговой станциясынан бастау алған болатын. 1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына алғаш рет рельс төселді. Осы құрылыстың басшылық қызметіне Тұрар Рысқұлов жіберіліп, қоғам қайраткері 21 қараша күні құрылыстың басталуына байланысты үлкен митинг өткізді. Сол жиында төселген рельс бойымен № 6394 паравозы жүріп өтіп, халықтың еңбекке деген ықыласын оятты. Өз еріктерімен ауыр жұмысқа қатынасқан құрылысшылар жыл аяғына дейін 190 шақырым жерге рельс төседі. Жұмыстың қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде рельс төсеу рәсімі мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, 1930 жылы Айнабұлақ станциясында түйісті. Естеріңізге сала кетейік, Түрксіб теміржолы 1930 жылдың 31 желтоқсанында толықтай пайдалануға берілді.
Содан бері міне арада 90 жыл өтіпті. Осы жылдар аралығында көлік және логистика, әсіресе ғасыр құрылысына баланған «Түркістан -Сібір» теміржолында қызмет еткен құрылысшылар мен теміржолшылардың еңбегін мәңгі есте қалдыру мақсатында кейбір вокзал бекеттерінің атауы өзгертілді. Олардың қатарында «Луговой» станциясы да бар.
2020 жылдың 23 қазанында ҚР Үкіметінің «Теміржол вокзалы кешенін және кейбір теміржол станцияларын қайта атау және кейбір теміржол станциялары атауларының транскрипциясын өзгерту туралы» тиісті қаулысы шықты. Осы қаулыға сәйкес «Луговой» бекеті ендігі әрі «Түрксіб» деп аталатын болады. Мұндай шешім жоғарыда атап өткеніміздей «Түркістан-Сібір» теміржол магистралінің 90 жылдығын мерекелеуге байланысты қабылданды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы №703 қаулысына сәйкес, осы күнге дейін орыс тілінде аталып келе жатқан өзге де теміржол кешендерінің атауы ауысты. Мәселен, елордадағы жаңа теміржол вокзалы «Нұрлы жол» деп аталды. Ал, Ақмола облысының тасымалдау бөлімшесінің Астана Нұрлы-жол теміржол станциясы қала атауының өзгеруіне байланысты Нұр-Сұлтан Нұрлы жол теміржол станциясы болып өзгерді. Сондай-ақ, аймақтағы тасымалдау бөлімшесінің ОП-39 теміржол станциясы өзіне «Өндіріс» деген атауды айдар ретінде тақты. Мұндай өзгерістер Ақтөбе және Қарағанды облыстарында да орын алды. Атап айтар болсақ, Ақтөбедегі Компала теміржол станциясы «Көкала» деп аталса, Қарағандыдағы Весна мен Промежуточная бекеттеріне Ақжолтай және Мыңбала атауы лайық деп танылған.
Еліміздің шығыс және солтүстік өңірлерінде орыс тілінде аталған атаулар өте көп. Сондықтан болар, Үкімет қаулысында осы бір қос өңірде орналасқан біршама теміржол станцияларының атауы өзгертілсін деп пәрмен берілген. Нақтылап айтар болсақ, солтүстіктегі Новоишимская мен Володарское теміржол станциялары Жаңаесіл және Саумалкөл деп аталса, Шығыс Қазақстан облысындағы теміржол бекеттері «Серебрянка — Күмістау», «Селезновка – Көкжиек», «Огневка – Таусамалы», «Зыряновск – Алтай» деп қазақшаланды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: