Омырауын оққа тосқан

601 Views

Соңғы жылдары «Бейбіт күннің батырлары» деген сөзді жиі қолданысқа енгізіп жүрміз. Аталмыш сөз тіркесін елі үшін көзсіз ерлік көрсеткен батыр да, батыл жандарға қаратып айтып келеміз. Санаңызда олар кімдер деген сауал тұрса, қал-қадіріміз жеткенше жауап беріп көрелік.
Қоғамда кездесетін қылмыс­кер­лердің сан алуан түрі бар. Олармен күресу үшін де айла тәсілдің әр қилы болғаны абзал. Сонда ғана оларды құрықтау оңайға соқпақ. Дейтұрғанмен, қиыннан қиыстырып қанша құрық құрсаң да, қармаққа ілінбейтін әккі қылмыскерлер де өте көп. Дәл сондай қарақшыларды ұстау кезінде өз өмірін бәйгеге тігіп, бұл дүниемен мәжбүрлі түрде қоштасып жататын құқық қорғау қызметкерлері де баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – Ғазиз Байтасов. Полиция капитаны болған Ғазиз Әбдібекұлының есімін еске алғанда санаңа 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған лаңкестік оқиға еріксіз оралады. Бейбіт күннің батыры сол бір күні қауіпті қылмыскерді ұстау барысында қайтыс болғаны әлі де есімізде. Ол қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалған болатын. Осы аталған ерлігі үшін, 2011 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен ерлікпен қаза тапқан батырдың әйеліне «Халық қаһарманы» атағына қосымша «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» ордені табысталған еді. Естеріңізге сала кетейік, қару асынған қарақшыны ұстау кезінде оның қолынан 5 бірдей ішкі істер саласында қызмет еткен азаматтардан айырылып қалған болатынбыз.
Бүгінде жыл сайын аталмыш ба­тыр­лардың рухына құран ба­ғыш­талып, еске алу шаралары сәт сайын ұйым­дастырылып тұ­рады. Ол тек аймақтың ор­та­лық шаһарында ғана емес, об­лысқа қарасты аудандарда және еліміздің әрбір өңірінде өт­кізіледі. Ондағы мақсат – ең бі­рін­шіден батырлардың есім­дерін ұлық­тау болса, екіншіден олар­дың ерлігін саладағы бүгінгі жас ма­мандарға дәріптеу. Сондай-ақ, ғасырда бір рет дүниеге ке­летін Ғазиз­дай ұлдардың батыр­лығын ба­ғыт-бағдар ретінде көр­сетіп, кейінгі ұр­пақты отан­сүйгіштікке, патриотизмге тәр­биелеу басты бағыттардың бірі бо­лып саналады.
Жуырда аудандық полиция бө­­лімінің ғимаратының алаңында дәл осындай мақсатқа ба­­ғыт­талған іс-шаралардың бірі ұйым­дастырылды. Шарапаты мол шараға Жамбыл облысы по­лиция департаменті және Ұлт­тық ұлан ардагерлері ұйым төр­ағасы, ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, запастағы полиция полковнигі Тұрдалы Шералин, аудандық полиция бөлімінің басшысы Қайрат Қапаров, сала ардагерлері мен бөлімнің жеке құрамы қатысты. Олар ең алдымен ғимараттың алдында орналасқан ескерткішке гүл қойып, қызмет барысында қаза тапқан жандарды еске алды. Бір минут үнсіздіктен кейін сала басшылары өзара пікір ал­масып, 2011 жылы орын алған оқиғаны қайта ой елегінен өткізді. Әсіресе, облыстық құқық қорғау са­ласы ардагерлерінің төрағасы Тұрдалы Шералин сол болған оқи­ғаны кеңінен әңгімелеп беріп, қаза тапқан әріптестерінің есімдерін айрықша атап өтті. Сөз соңында олардың жасаған ерлігі келешек ұрпақтың есінде мәңгі қалатынын жеткізді. Ұзақ пікір алмасудан кейін шараға қатысушылар мәжіліс залына барып, аталмыш салада талай жылдар бойы қызмет атқарған жандарды марапаттады. Атап айтар болсақ, Бауыржан Көп­басаров пен Болат Сегізбаевқа полиция генерал-майоры, рес­публикалық ішкі істер органы мен ішкі әскер ардагерлері ке­ңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбековтың бұйрығымен І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі берілді. Ал, аудандық құқық қорғау саласы ардагерлерінің төрағасы Еділхан Жақсығұловтың кеудесіне «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» деп аталатын ең жоғары дәрежелі төсбелгісі тағылды.
Салтанатты марапаттаудан кейін саладағы басты мәсе­лелер, ардагерлерге деген қол­дауды арттыру жолдары қа­растырылды. Әсіресе, ай­мақтардағы ардагерлер ке­ңесінің жұмыстарын жан­дан­дыру бағыттары сөз бо­лып, атқарылған жұмыстар сара­ланды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: