Аружан салған ән қандай…

546 Views

Кәсіби білімі бар жас әнші Аружан Оразалы аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйіне жұмысқа орныққан талантты өнерпаздың бірі. Ол Алматы қаласындағы іргелі оқу ордаларының бірі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мәдениет және өнер факультетінің түлегі. Жақында Аружан онлайн форматта әсем әндер шырқап, патша көңілді көрерменнің көңілін серпілтті. Аружан концерттің тақырыбын өзгеше атауды жөн санапты. «Әнімді саған арнадым». Қатыстық. Сөйтіп Аружан салған әндерді тыңдадық.
Аружанның концертін көріп отырып, санаға екі түрлі ой келді. Оның бірі – жас әншінің кең диапазонды дауысы болса, екіншісі – ән таңдау талғамы. Неге олай ойлағанымызды сипаттап берейік. Әуелі біріншісі. Онлайн концерттің шымылдығы Аружан Оразалының орындауындағы әлемдік дәрежедегі мэтр, тума талант, көптеген танымал әндердің авторы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнімен ашылды. Аружанның кең тынысты дауысы алты қырдың астынан естілетінін жазып өттік. Сондықтан оған «Бұлбұлды» шырқау аса қиындық тудырмаған секілді. Аружан енді осы әнді оркестрмен шырқап көрсе деген ұсыныс айтқымыз келеді. Қайткенмен де эстрададан оркестрдің жөні бөлек қой. «Бұлбұл» әнінің сазы мен сөзін айтсаңызшы. Классика ғой, шіркін!
Одан кейін шырқалған «Жаса туған жер» әні де Аружанның артистік шеберлігін анық көрсетті. Ал Шәмші Қалдаяқовтың әні «Ақмаңдайлымды» Ерболат Құлышевпен бірге орындаған сәтте қос әншінің өнерге деген сүйіспеншілігін, ән таңдау талғамдарының жоғары екенін аңғардық. Жұрт Шәмшіні тектен-текке «Қазақ вальсінің королі» деп атамаған ғой. Гений ғой, шіркін! Шәмшілер жүз жылда бір туылады. Шәмшінің әнін репертуарына қосып, композитордың мұрасына аса ыждахаттылықпен қараған Аружан да осал емес екен.
Концерт соңы Мөлдір Әуелбекова шырқап жүрген «Шіркін-ай» әнімен қорытындыланды. Аружанның орындауындағы бұл әнге би сценографасын құрған Ләззат Жайсаңбаева жетекшілік ететін «Әдемі-ау» халықтық бишілер тобының еңбектері де зор екенін жазып өтейік.
Атақты биші Мая Плисецкая заманында: «Кім көп жұмыс істесе, соның күші көбейеді. Егер мен бір күн жұмыс істемесем оны өзім сеземін, екі күн жұмыс істемесем әріптестерім сезіп қояды, үш күн жұмыс істемесем жұрттың бәріне көрініп тұрады» деген екен. Аружан Оразалы онлайн концерттің алдында осыны ескерген секілді. Өйткені, біздің көз алдымызға жас өнерпаз жауапкершіліктің жүгі бес батпан екенін түсініп, сол қасиетті әркез алғашқы орынға қоятындай көрінді.

Ақымет Қамшыбек

Поделиться ссылкой: