«Кітап көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан»

1 266 Views

Бірде ғаламтордың ғаламатын ақтарып отырып, жазар мақаламның тақырыбына үйлесіп тұрған осы сөзді көзім шалып қалды. Ойланып қарасам, астары тереңде жатыр. Бір кездері маған да кітап жай ғана жүздеген беттерден тұратын, оқысаң тауыса алмайтындай көрінетін. Ия, бұл ойым нағыз ақымақтық екен. Себебі кітаптың сарқылмас алтын қазына екенін кейіннен ұқтым.
Кітап оқыған адам кемелденеді, рухани байиды, өзін адами тұрғыдан қалыптастырады. Адам баласының жан азығы бола білген де – кітап. Оны саралап оқып, түсініп, алған әсеріңді жеткізе білудің өзі ғажап сезім.Әрі оны өмірде қолдана білген адамның даналығы, ақыл-парасаты айқындала түседі. Кішкене ғана жүздеген беттерден тұратын кітаптың өзінде жүздеген жылдар, ғасырлар бойғы тарих пен адамзат ақыл-ойының жемісі жатыр.

Данышпандардың, ойшылдардың, ақын-жазушыларымыздың бізге аманат етіп қалдырған рухани өсиетін, мол мұрасын, өнегеге толы тәлімін біз кітап арқылы бойымызға сіңіреміз. Белгілі ақын Ерлан Жүністің «Кітап жеуге жарамайды, әйтпесе оқырман көбейер еді» – деген ойлы сөзі бар. Бұл сөзден не түйдім? Адам өмір сүріп, мықты болу үшін тәніне азық керек болса, жаны тозбау үшін білім мен ақыл, рухани байлық моральдық тұрғыдан ауадай қажет. Ал сол азықты, жанымызға жақын нәрсені табу үшін үлкен мүмкіндік беретін бірден-бір дүние – кітап. Тек өзің қалаған, көңіл көзіңді ашуға көмектесетін кітапты оқу керек. Сонда ғана кітаптың қандай сиқыры бар екенін түсінесің.
Қазіргі таңда қоғам өмірі көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Барлығы жылдам ақпаратты талап етеді. Олардың арасында мен де бармын. Сондықтан көптеген жастар білім мен ғылымды көгілдір монитордың арғы жағынан, ғаламтордан іздейді. Сол себепті, кітап ұғымы ұмытылып кетіп жатады. Неге? Себебі ғаламтордан өзіңе керекті ақпаратты іздесең, бір секундта көз алдыңда тұрады. Адамның миы да гаджеттердің осы бір қызметіне үйреніп қалған. Сондықтан болар, қазіргі кезде біршама жандар кітапты онлайн форматта оқуға дағдыланған. Осы бір идеяны тиімді түрде пайдалансақ, өзіміздің рухани қажеттілігімізді толтырамыз. Барлық адамға қолжетімді, ең бастысы кітапханаға аяғын созып көрмегендердің керемет құралы. Бұл кітаптың шетте қалмай, көпшілік оқырман қауымның көңілінен шығатын керемет дүние деп есептеймін.

Ақбота Аманбай,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта
мектептің 9 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: