Игі істің басына – жақсы келер қасына
27 ViewsҚазақта «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қанатты сөз бар. Ауылымызда қашанда игі бастамаларды қолға алып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне ие болып жүрген азаматтар…
Өлең өрімді, жыр жағымды болса – тыңдаушының мерейі үстем, өнерпаздың өнері асқақ болады. Жүректің сезім пернелерін дөп басып, мағынасы терең болатын өлеңге қазақ әрқашан сүйсінген. Өлең – халық көңілін көктегімен теңестіретін, қиялдағысымен қауыштыратын ерекше құбылыс. Өлең-жыр арқылы іштегі жаман ойдан тазарасың. Сондықтан өнердің бір аты тазалық. Өнердің рухын бойына сіңірген өрелі Жанболаттың да ерекше қасиетін атап өткен жөн. Жанболат жыр алыбы Жамбылдың жарысында олжа салған еді. Жуырда ол «Жамбыл жырлары» атты өзге ұлт өкілдері арасында ақынның өлең, жырларын мәнерлеп жатқа оқудан өткен облыстық байқауда жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Жанболат Самарұлының негізгі шыққан тегі – қырғыз ұлты. Алайда кезіндегі Жамбылдың қырғыз ақыны Тоқтағұлмен айтысқанын еске алар болсақ, Жанболатқа бұл байқау ешқандай қиындық туғызбаған секілді. Сондай-ақ, өнерпаз бұл байқауда қазылар алқасының оң бағасына ие болып, айрықша көзге түсті. Өнерлі де өрелі жастың жетекшісі, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі вокал бөлімінің оқытушысы Жиенбетова Лескүлдің айтуынша, Жанболат өте талантты әрі ізденімпаз шәкірт. Бұл сөз киесін ұғынған жанға бітер бірден-бір қасиет. Қазақ өнерінің тізгіні Жанболат секілді жан-жақты, өнерді өмірім деп ұғатын жастардың қолында.
Марат Диханбай.