465 Views
Өткен сенбіде селекторлық режимде жиын өтіп, онда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бейне-конференц байланысы арқылы ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері мен еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Осы салада күн-түн демей жауапкершілікті сезініп, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов бастаған ұжым мүшелері, сонымен бірге жеке кәсібін өрге домалатып, аудандағы ауылшаруашылық саласының алға басуына өз септігін тигізіп отырған іргелі шаруа қожалық жетекшілері аймақ басшысының құттықтау лебізін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында отырып, тыңдады. Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы ауылшаруашылық саласы ел экономикасының басты табыс көзі екенін жеткізіп, оған айрықша үлес қосып жүрген сала қызметкерлері мен дала еңбеккерлерінің еңбектерін жоғары бағалайтынын білдірді. Сөз соңында аймақ басшысы карантин кезінде көптеп шоғырлануға болмайтындықтан дәл осындай режимде жиын өткізіп отырғанын алға тартып, ауылшаруашылығы саласында аянбай қызмет етіп жүрген қызметкерлер мен еңбеккерлердің отбасыларына бақыт, береке, амандық-саулық тіледі.
Бейне конференц байланысы арқылы өткен жиын аяқталысымен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. «Сіздердің еңбектеріңізді өз басым жоғары бағалаймын. Өздеріңіз білесіздер, ауылшаруашылығы өте жауапты сала. Біздің аудан облыс бойынша межелеген көрсеткіштер есебінде алғашқы орындардың қатарында. Ол әуелі осы салада бар күш-жүгерін сарқып, еңбек етіп жүрген жандардың арқасы. Дегенмен, түйткілді мәселелер де жоқ емес. Жер – халықтыкі. Біз осыны түсінуіміз керек. Бұл саланы мен ұдайы бақылауда ұстап отырамын. Жалпы бөлім жасап отырған көрсеткіштерге көңілім толады. Кәсіпкерлеріміз де әрқашан бізді қолдауға әзір екенін ұқтырады. Мерекелеріңіз құтты болсын. Кәсіптеріңіз өрісті болсын» деді аудан басшысы өз сөзінде.
Жиын соңында ауылшаруашылығы саласына қомақты үлес қосып жүрген бір топ азаматтар мен азаматшаларға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің, Жамбыл облысы және Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдерінің алғыс хаттары, сондай-ақ, аудандық мәслихаттың алғыс хаты табыс етілді.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: