Қазақстан – қуатты мемлекетке айналды
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан есептесек, қуатты Қазақстанның жеткен жетістігі том-том энциклопедияға арқау болары сөзсіз. Оның барлығын бір мақаланың аясына жазу тіптен мүмкін емес.Сондықтан барлығын жіпке тізбей, мемлекетімізді қуаттандырып, еңсемізді көтерген маңызды факторларды тілге тиек етсек деп отырмыз.
Біріншіден, Қазақ елі жер жаһанға берекелі бірліктің, тұрақтылықтың үлгісін анық көрсетті. Сөйтіп, «Адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елді жақындастыратын мүдде — бірлігі» екенін жер жүзіне тағы бір мәрте паш етті. Екіншіден, алып Америкаңыздың астанасы Вашингтон төрінде саясаттағы кіл мықтылар бас қосқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Алаштың арда ұлы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілінде сөйлеуі. Бұл елі сүйген, елін сүйген Елбасының қарға тамырлы қазағына деген шексіз құрметі әрі сүйіспеншілігі. Сөйтіп, әр тараптан жиылған саясаттағы саңлақтар қазақтың бай да шұрайлы тіліне қанықты әрі тамсанды, бір шетінен қызғанышпен қарады. Үшіншіден, айдай әлемге қымсынбай Қазақ дейтін елдің тарихы тағылымға толы екендігін дәлелдеп берген Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының аталып өтуі. EXPO секілді халықаралық көрмені кез келген мемлекет керемет деңгейде ұйымдастыра бермейді. Бір жағынан осындай күрделі кезеңде жауапкершілік жүгін арқалау үлкен батырлық. Ақиқатын айтайық, сенім сертін яғни, міндеттелген межені Тәуелсіз Қазақстан 100 пайызға орындағанын уақыт талабы көрсетіп отыр мінеки. Бұны төртіншіге балаңыз. Бесіншіден, шындығын айту ләзім, қазіргі таңда Қазақстан Орта Азияда көшбасшы елге айналды. Еуропаның еңселі елдерімен үзеңгі қағыстыра бастады. Бұл ненің арқасы? Бұл сөзсіз азаттықтың айғағы. Жұтаң ғасырларда жұқарған ұлттық беделіміз қайта жаңғырып жатыр. Ең бастысы – егемен Қазақстан дейтін ел бар. Жер бетінде Тәуелсіз Қазақ елі бар. Бұл біздің еншіміздегі ең ұлы байлық. Туған жердің бағы жанды деген осы емес пе? Ендеше, өткеннен салауат, бүгіннен ғадауат алып, баға жетпес байлығымызды ардақтай білсек, алда талай асуларды бағындыратынымызға шек келтірмеймін.
Марат Диханбай.